Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық турнир жеңімпазы

Республикалық турнир жеңімпазы

Газетіміздің 18-інші тамыз күнгі 64-інші нөмірінде «Тоғызқұмалақ турнирінде топ жарды» тақырыбында мақала жарияланған болатын. Мақалада облыстық мәслихаттың және тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының ұйымдастыруымен «Абай жүлдесі» атты тоғызқұмалақтан облыстық турнир өтіп, аудандық мәслихаттың намысын қорғаған Райкүл Ешмұратованың республикаға жолдама алғаны жазылған еді.

Облыстық кезеңді ойдағыдай аяқ­­­тап, республикалық турнирге қатысу мүмкіндігіне ие болған Рай­күл Ешмұратова Астанадан жа­ғым­ды жаңалықпен хабарласты. Ұлт­­­тық спорттың қыр-сырын терең мең­гер­ген ол бұл жолы жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Осылайша мәслихат­тардың құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған жарыс қорытындысында жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрініп, аудан абыройын асқақтатты.

Іс-шараның ашылу салтанатында ҚР Парламент Сенатының Депутаты Геннадий Шиповских сөз алып, ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын жеткізді. Мұнан соң Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты федерация­­сының Президенті Әлихан Бәйменов турнирдің сәтті өтуіне тілек­тестігін білдіріп, өңірлерден келген қатысушыларға жеңіс тіледі.

– Еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуын қамтамасыз етуде мәс­лихат­­тардың алатын орны ерекше. «Абай жүлдесі» тоғызқұмалақ турнирі мәс­ли­хат­­тардың құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылып, әуелі облыстық кезең өткізілді. Біз бұл атаулы мерекені стратегиялық ойлау қабілетін дамытатын іс-шара­ларды ұйымдастыру арқылы атап өтуді жөн көрдік. Бүгін «Абай жүлдесі» тоғыз­­құмалақ турнирінің ашылу салта­­натында өңірлерден келген қатысу­­шылармен кездескенімізге қуа­ныш­­тымыз. Тоғызқұмалақтан елі­міз­дің рейтингтік көрсеткіштері соң­ғы үш жылда алғашқы орындарды иеленіп келеді. Қазіргі таңда тоғыз­құмалақ спорты еліміздің барлық өңірін­де қар­қынды дамуда. Сол себеп­ті алдағы уақытта бұл бас­таманы одан әрі жалғастырып, осындай тур­нирлерді жиі өткізуге белсене ат­салысуымыз қажет, – деді Әлихан Бәйменов.

Айта кетсек, турнирде барлық дең­­­гей­дегі мәслихат аппаратының қыз­­­­мет­керлері, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері қатысып, бақ сынасты. Сырдария ауданының намысын қорғаған Райкүл Ешмұратова жүлделі ІІ орынмен және арнайы алғыс хатпен, есте­лік сыйлықпен марапатталды. Қызы­­лор­да облысының құрамасына да жалпыкомандалық есепте ІІ орын берілді.

– Жарысқа қатысқаныма қуаныш­тымын. Қолдау білдірген аудандық мәс­­ли­хат аппаратына алғысым шексіз. Ауданы­мыз­ды дамыту бағытында жер­гілік­­ті атқарушы органмен бір­лесе жұмыс істеп жатқан мәслихат ұжы­мына, депутаттарға сәттілік тілей­мін, – дейді Райкүл Ешмұратова.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
27 тамыз 2024 ж. 111 0