Ел Тәуелсіздігіне арналған турнир
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне және "Nur Otan" партиясының 20 жылдығына орай "Ақжарма" бастауыш партия ұйымында 2007-2008 ж.ж. туылған жасөспірімдер арасында шағын футболдан аудандық турнир ұйымдастырылды.
Турнирдің ашылу салтанатында "Ақжарма" бастауыш партия ұйымының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Марат Алдабергенұлы Бисенов, Ақжарма ауылының әкімі Ерлан Ешмұратов және аудандық партия филиалының кеңесшісі Берік Бахытбекұлы Ахметовтер сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Турнирге аудан бойынша 16 команда қатысып, 4 топқа бөлініп өнер көрсетті. Ойын шарты бойынша Ақжарма ауылындағы №130 мектеп оқушылары, Тереңөзек кентіндегі №35, №36 мектеп - лицейінің оқушылары және А.Тоқмағанбетов ауылындағы №135 мектеп оқушылары ширек финалға жолдама алды. Финалға жолдама алу үшін №35 мектеп-лицейі мен №130 мектеп оқушылары, №36 мектеп-лицейі мен №135 мектеп оқушылары бір-бірімен ойнап, финалға №35 және №36 мектеп - лицейінің оқушылары жолдама алды. №135 және №130 мектеп оқушылары 3-інші орынға таласып, Ақжарма ауылындағы №130 мектеп оқушыларының мерейі үстем болды. Ақтық кезеңге жолдама алған жұпта №35 мектеп-лицейі командасы жеңімпаз атанды.
Жарыстың жабылу салтанатында сөз алған аудандық партия филиалының кеңесшісі Б.Ахметов жеңімпаздарды және арнайы номинациялар бойынша кубоктармен және аудан әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Руслан Рүстемұлы Рүстемовтың арнайы дипломымен марапаттады.
Жарыстың бас демеушісі "Ақжарма 2" ШҚ төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, "Ақжарма" бастауыш партия ұйымының төрағасы Марат Алдабергенұлы Бисеновке аудандық партия филиалы ризашылығын білдіреді.
"ТТ" ақпарат