Құрмет төріндегі қос ұстаз
№42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінде жас ұрпаққа талай жыл тәлімді тәрбие мен білім берген ардақты ұстаздарды зейнетке шығарып салу дәстүрге айналған. Жақында 40 жылға таяу мектепте еңбек етіп, тер төккен қос ұстаз ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Баян Мырзанова мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Өмірәлі Жакешовке сый-құрмет жасалып, ұстаздардың құрметіне салтанатты кеш өтті.
Баян Қалдыбайқызы Айдарлы ауылындағы мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының ағылшын тілі пән мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын жолдамамен Шымкент облысы Бөген ауданы Төрткөл ауылында бастайды. Бір жылдан кейін туған ауылында еңбек жолын жалғастырып, 1985-2022 жылдар аралығында №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейде жұмыс жасады.
Осы жылдар аралығында ұстаз бен шәкірттері біраз жетістіктерге жетті. Оқушылары пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында топ жарды.
Өзі ұстаз ретінде әр жылдары өткен байқауларда, атап айтсақ, «Қазақстан ұстаздары» қоғамы ұйымдастырған ағылшын тілі пәні бойынша республикалық қашықтық олимпиадасында І орын алып, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі өткізген ғылыми-практикалық конференциясында баяндама жасап, үздіктер қатарынан көрінді. Мектеп бітірген шәкірттері ҰБТ-да жоғары балл алып, грант жеңіп алып отырды. Осындай еңбектерінің нәтижесінде 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Бүгінде үздіксіз еңбек өтіліне 40 жыл болып зейнетке зор құрметпен шығып отырған ұстаз – Өмірәлі Жакешов. Ардақты ұстаз шәкірттерін саламатты өмір сүру салтына баулып, спортты сүюге тәрбиеледі. Есімі аудан, облысқа белгілі дене шынықтыру пән мұғалімі.
Өмірәлі Тынымұлы Алматы дене шынықтыру институтын үздік аяқтап, 1983 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтта оқытушы болады. 1986 жылдан бүгінгі күнге дейін өзі білім алған Аманкелді ауылындағы №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектепте ұзақ жылдар бойына абыройлы еңбек етті.
Атқарған қызмет жылдарында өзі де, шәкірттері де спорттық жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрінді. Еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Арнайы шақырылған кеш қонақтары, ардагер ұстаздар құрмет иелеріне өздерінің ізгі тілектерін білдірсе, аудандық білім бөлімі мен кәсіподағы атынан, мектеп ұжымынан шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді.
– Ұстаздың орны қашанда төр. Қырық жыл ұстаздық етіп, бүгінде зейнет демалысына шығып отырған ардақты ұстаздарды зейнетке шығуымен құттықтаймын. Бала бағбаны болу қиын да, абыройлы іс. Шәкірт тәрбиелеу жолында абырой биігінен көрініп, өмірлерін ауыл балаларына білім мен тәрбие беруге арнаған ұстаздардың шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада еңбек етеді. Ардақты ұстаздарға зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ өмір тілейміз, – деді мектеп-лицей директоры З.Жаманқұлов.
Салтанатты кеште Баян Қалдыбайқызы мен Өмірәлі Тынымұлының шәкірттері де сөз алып, ұстаздарына жүрекжарды лебіздерін білдірді, сый-сияпаттарын жасады. Кеш иелерінің ағайын-туыстары, бауырлары құттықтау сөз арнап, керемет кешті ұйымдастырған мектеп ұжымына алғысын білдірді. Қос ұстазға арналған кеш өзіндік сән салтанатымен, ән-биімен, алғысқа, ілтипатқа толы жан тебірентерлік іс-шара ретінде өтті.
Мерейтой иелеріне арналған жиында көпшілік қауым «Әрбір еңбек адамы осындай құрметке лайық, Аллам соған жеткізсін» деген тілекпен тебірене тарқасты.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ