Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бастауыш сыныптың білікті ұстазы

Бастауыш сыныптың білікті ұстазы

Бастауыштан бас­тап баланың тілін, ой-өрісін, ойлау қабілеті мен шығармашылығын дамыту арқылы бүгінгі заман талабына сай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру кез-келгеннің қолынан келе бермейді. 35 жылға жуық абыройлы қызмет атқарып, терең білім мен тәлімді тәрбиені шәкірттеріне сіңіріп, адамға тән асыл қасиеттерді бойына жинаған Кенжегүл Раманқұлова саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ұлағат иесі. Білікті ұстаз талай жыл бойы ауыл балаларына білім мен тәрбиені қатар беріп, қажырлы еңбек етіп келеді.

Ұлағатты ұстаз Кенжегүл Жорабек­қызы 35 жылға жуық уақыт Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектепте қызмет етіп келеді. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң 1987-1990 жылдары М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені жалпы білім беретін мектептің бастауыш кластарында оқыту мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, 1991-1994 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтында бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі маман­дығын игеріп шығады. Бала кезінен білімге құштар болған білікті маман алғашқы еңбек жолын 1990 жылы №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Саналы ғұмырында талай шәкіртін білім нәрі­мен сусындатып, тәлімді тәрбие беріп жүрген ардақты ұстаз мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, бағдарлы оқыту ісі жөнін­дегі орынбасар, оқу ісінің орынбасары қызметтерін атқарған. Аяу­лы жан ұстаздық қызметімен қоса отбасын қатар алып жүрген үлкен шаңырақтың шамшырағы, ұйытқысы. Өмірлік серігі қажырлы еңбек етіп жүрген шаруа адамы. Білікті ұстаз жолдасымен бірге 4 бала тәрбиелеп, бүгінде бақытты ата-әже атанып отыр.

– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді халық даналығында. Мектеп­тегі білім мен тәрбиенің алғаш­қы баспалдағы және негізі бас­тауыш сыныптардан басталатыны белгілі. Бастауыш мұғалімі ол тек оқытуышы ғана емес, ол – бағбан, баланың жарқын болашағына жол көрсетуші, бағыт-бағдар беруші, сонымен қоса баланың бойындағы қабілет көзін ашушы. Бас­тауыш мұғаліміне қойылар талап пен жауапкершілік басқалардан екі есе жоғары деуге болады. Осы тұста ұстаз ретінде баланы сол қалпында жақсы көру маңызды екенін айтқым келеді. Тентек пен тілалғышты, ұғым­тал мен ойлау қабілеті төмен, ұқыпты мен жалқау оқушыларды бөліп-жармай, барлығын да бірдей жақсы көру керек. Балаларға деген мейірімділік пен сүйіспеншілік бар жерде қатыгездік болмайды, намысына тиетін сөздер айтылмайды, олардың әрбір жетістіктеріне қуанып отырасың. Оларды түсіне білу, яғни солардың көзқарастарымен санасу, оларды ересектерше қабылдау, қам­қорлық танытқанына қуану, ақыл­дасып отыру маңызды. Олардың таныт­қан қамқорлықтары мен әрбір ісіне кешіріммен емес, үлкен құрметпен қарау керек. Балаларды түсіну дегені­­міз – оларды би­лігі­ңе бағындыру емес, керісінше олар­дың бүгінгі өмірі­не сүйе­не отырып, бола­шақ өміріне алғаш­қы дәндерін себу. Бала жүрегі­нің тебі­рені­сі мен жан дүние­сінің қозғалы­­­сын түсі­не біл­ген педагог оқушы­сының тәрбиесі­мен терең­­дей айналыса ала­­ды. Мұғалімнің бойынан адамға тән жақсы қасиеттердің бар­лы­ғы – күлімсіреу, қаталдық, ұстам­дылық, салмақтылық, сезімтал­дық, шынайылық, зияткерлік, тіл табысу­шылық, өмірге деген махаббат болуы керек, – дейді білікті ұстаз.

Кенжегүл Раманқұлова өзінің ұстаз­­дық еткен жолында «Бас­тауыш сыныптағы математика пәнінің үздік мұға­лімі – 2021» аудандық байқауына қатысып, ІІ орын иегері атанды. Ұлағат­ты ұстаз әр сабағында қазіргі заман талабына сай дамыта оқытудың жаңа технологияларын пайдалана отырып, әртүрлі әдіс-тәсілдерді кеңі­нен қолданып, оқушылардың сабақ­­қа деген қызығушылығын арт­тырып, құштарлығын оятып, жан-жақты ізденуге ұмтылдырады. Тә­жіри­­белі маманның сыныптан тыс жұмыс­тары, тәрбие сағаттары, мере­келік іс-шаралары үнемі жоғары дең­гейде өтеді. Білікті ұстаздың талай жылғы еңбегі ақталып, сол еңбектің нәтижесінде бүгінде алған марапат­тары мен жетісіктері жетерлік. Атап айтқанда, 2018 жылы «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мере­келік медалімен марапатталса, 2019 жылы ҚР бастауыш сынып оқушы­лары арасындағы олимпиадада оқушы жетістігі үшін «Алғыс хат» алған. Одан бөлек Қызылорда облыстық білім және ғылым қызмет­керлері кәсіподағының Құр­мет гра­мо­­тасымен марапатталған. Абырой биігіндегі ұстаз шәкірттері де шетінен өнерлі, дарынды және соның нәтижесінде жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен, Мұхамедияр Абзалұлы «Бояулар құпиясы» атты республикалық сурет байқауында ІІ орын иеленсе, Балнұр Болатбекова І орын иегері атанған. Республи­калық пәндік олимпиададан Батырбек Ақылбекұлы мен Айнамкөз Уалиханқызы халықаралық «Ақ­бота» сайы­сында жүлделі І орынды қанжы­ғаларына байлады.

– Кенжегүл Жорабекқызы әр саба­ғын жоғары ізденушілікпен, заманауи технологияларды пайдаланып, жан-жақты шығармашылықта өткізетін ұстаз ретінде ұжым арасында сыйлы. Өз пәнін жетік меңгерген маманның бойында адамгершілік қасиеттері мол. Әрбір іске аса жауапкершілікпен қарайды, ұжымда беделді. 2019-2024 жылдары мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болған. Саналы ғұмырында балаларға тәлім-тәрбие беріп, қажырлы еңбек етіп жүрген білікті ұстаздың мектебіміздің өсіп-өнуіне, дамуына, бүгінгідей дәрежеге жетуіне қосқан үлесі мен еңбегі орасан зор, – дейді мектеп директоры.

Алтынай ЖҮНІСОВА

06 тамыз 2024 ж. 172 0