Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруасы шалқыған Шаған

Шаруасы шалқыған Шаған

Жүк тиегіш трактордың маркасын мұндағылар біле бермейді. Жұрт оны «погрузчик» деп атап кеткен. Жалпы, бізге Қытай өнімі жат болмағалы қашан. Енді, міне, біздің елдің бейнетін белуардан кешіп жүр.

Шаған туралы сыр шертсең...

Күз кезі. Қырман толы дән. Әр жерге үйілген қара күріш. Әлгі «погрузчигің» таудай үйілген дәнді ауық-ауық сапырады. Құдды сабадағы сары қымыздай. Алдыңғы бөлігінде жарты тоннадан астам затты көтерер астауы бар. Жер несібесін сонысымен асайды. Асаған күйі үйілген дәннің үстіне қайта төгеді. Әлгіндей. Сапырып. Осылай екі-үш рет қайталайды. Сосын бұдан жалыққандай соңғы тиеген астау толы қара күрішті дәл жанындағы тіркемесі бар КамАЗ-ға лақ еткізеді...

Қызылорда облысына ең жақын ауданның бірі – Сырдария. Соған қарасты Шаған ауылындағы қырман көрінісі бұл. Облыстан 60 шақырым әрі жатқан үлкен елді мекенде «Шаған жер» ЖШС дейтін ірі шаруашылық бар. Біраз жыл бұрын күйі тайып, басынан бағы ауа жаздаған серіктестіктің еңсесін Жеңісбек Сыздықов есімді азамат қайта тіктеген. Техникалық базасы тозып, жер құнары кеміген өлкенің тамырына қан жүгірте білді. Сол үшін мемлекеттік қызметтегі мансабын да тәрк еткен. Қазір серіктестікте 360 адам жұмыс істейді. Ала жаздай дала төсінде 7 бригадаға бөлініп, 3 мың гектарға жуық күріш егеді. Одан бөлек, 285 гектар бидай, 90 гектар мақсары, 1 070 гектар жоңышқа өсіреді.

Басты мақсат – жаңа техника

Шаруашылық басшысы сөзге шор­қақтау. Есесіне іске бекем. Таңғы бестен бастап егін алқабын жағалап кете­тінін осындағылардан естідік. «Бұл енді қашан жиын-терім біткенше өзіне де, өзгеге де тыныштық бермейді. Талап пен тәртіп, еңбекті бағалау, уақыт жоғалтпау сияқты керектіні өзінен де, өзгелерден де көргісі келеді», дейді жергілікті тұрғындар.

«2022 жылы паркті аздап жаңалап алдық. Ал былтыр серіктестіктің базасы кеңейіп, жаңа техникалар алынды. Атап айтсақ, шаруашылыққа су жаңа «Class Axion 820» маркалы – 6, «Zoomlion 1604» маркалы – 3, «Zoomlion 904» маркалы – 3 трактор, «Case 4099» маркалы – 1, «Class Lexion 750» маркалы 2 комбайн, жаңа түрік соқасы, 3 лазерлік жоспарлаушы, «Zoomlion 160» бульдозері, тиегіш экскаватор, телескоптық жүк тиегіш, 4 жарым метрлік дискілі тырма және «MacDon» атты өздігінен шөп оратын машина келді. Мұның бәрі – елдегі егін еккен ағайынның еңбегі. Менің басты мақсатым – шаруашылықтың техникасын 100 пайыз деңгейінде жасақтау», дейді кейіпкеріміз.

«Қожабек бағын» қорғап қалды

Шағанда Қожабек Дәдікбаевтың есі­мі ерекше аталады. Шаруашылықтың да әбден кемеліне келгені осы тұс дейді. Дәдікбаевтың тұсында Шағанда алма бағы егіліп, 2 000 түп көшет отырғызыпты. Алмағайып тұста 13 жыл қараусыз қалған бақтың күтімі 2021 жылдан бері қайта қолға алынған. Сол мақсатта бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

«Сол 2 000 түп алмадан 900-і қалған екен. Өзі екі-ақ сорт бар – «Белый антоновка» және «Красный шантан». Сондай-ақ оның жанынан бақша ұйымдастырып, көкөністің түр-түрін ектік. Орамжапырақ, қияр, қыза­нақ, қызылша, болгар бұрышы, баклажан, картоп пен жуа да бар. Жаздай егін басындағы жұмысшыларға шаруашылықтан ыстық тамақ ұйым­дас­тырылады. Бұл көкөністерді осы мақсатқа жіберіп жатырмыз. Ал алманы ауыл тұрғындары компот пен тәтті тосап дайындауға сатып алады. Сондай-ақ шаруашылық есебінен 340 шаршы метрге жылыжай өсіріп отырмыз. Бақ енді қайта түлейді», дейді төраға Жеңісбек.

Күріш те бала сияқты...

Биыл «Шаған жер» серіктестігі 2 900 гектар жерге күріш еккен. Нарық­тағы нағыз сұранысты қанағаттандыру үшін мұнда тек «Лидер» сорты өсіріледі. Сатып алушылар осы түрін алуға көбірек ынталы. Дән топыраққа түскеннен бастап есептесек, 120 күнде толық пісетін күрішіңіз осы. Егістік биыл да бітік көрінеді. Алдағы күзде ору мен кепкен дестені дәннен ажыратуға жатка мен комбайн гаражда сақадай сай тұр. Одан бөлек, тасымалдауға арналған «ХТЗ-150» тракторларының да жай-күйі жап-жақсы.

Егіннің шығымы тәуір шаруашылық былтыр гектарына орташа есеппен 58 центнер Сыр салысын алған. Жыл соңында дәстүрлі түрде еңбек май­талмандары марапатталып, қомақты қаржылай сыйлық беріледі. Бүгінде шаруашылықта Жамбыл Тәуекелов, Ерлан Балмаханов, Сәкен Айтбаев сынды озат бригадирлерден бөлек, Татьяна Казка, Уәлихан Бексейіт, Дархан Жағыппаров сияқты күрішші­лер бар. Мықты механизаторлар қатарында Ерболат Ешмағанбетов, Данабек Әбенов, Ардақ Әмзеев, Серікбол Әбжаппаров, Нұрхан Сапаров сынды шағандық жігіттер тұр. Уыз кезінен бастап су астында ерекше күтіммен тұратын, әрдайым мәпелеуді қажет ететін нәзік дақыл – күріштің бейнетіне төзген нағыз еңбек адамдары осылар.

Туған жерге туың тік

«Әкем 46 жыл трактор айдаған, ауыл ішінде қарапайым тірлік кешкен кісі. Бес ағайындымыз. Мектепті осында, жоғары оқу орнын Алматыдан бітірдік. Сенсеңіз, әке-шешем бізді жұрттан пайызға ақша алып оқытқан кезі де болды ғой. Мен ол уақытты әлі ұмытпаймын. Елге оралысымен мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан да өтіппіз. «Ер туған жеріне» демей ме? Ата-ана берген тәрбие ауылынан алыстамай, өскен-өнген өз топырағыма қызмет қылуды осылай бастадым», дейді Жеңісбек.

Айтуынша, серіктестіктегі ең жо­ғарғы жетістік – 178 мың центнер күріш. Осындай нәтижеге жеткен еңбек­керлерді қолдап, мадақтап отыру – басшылықтың басты міндеті.

«Диқан қауымға жалақыдан бөлек, қосымша сыйақы тағайындау бұрын­нан бар. Мысалы, «Алтын күз» шарасында 200 мың мен 1 млн теңге аралығында күрішші, жаткашы, комбайнер, бригадир және тасымалдаушы шофер не тракторшы жігіттерге сыйақы тағайындалады. Егде жастағы жұмысшыларға Жаңақорған шипажайына жолдама беріледі. Одан бөлек, 80 шақты шаруашылық қызметкеріне тұрмыстық техника бұйымдарын сый­лыққа үлестіреміз», дейді «Шаған жер» ЖШС төрағасы.

Шаруашылық ауыл тұрғындарына 2-5 гектарға дейін жерін дайындап, жыртып не қарықтауға техникамен көмектеседі. Елдегі ағайын өз қал-қадірінше бақша егеді. Шыққан өнімін сатып, қосымша табыс көзіне айналдырған. Шағанда шаруашылық ашқан наубайхана бар. Күніне 800 бөлке дайындайды. Төрт адам осы істің басы-қасында. Екі мезгіл ыстық нан әзір. Екінші жаңалық, бұрын ауылдағылар бірнеше шақырымды артқа тастап, аудан не облыс орта­лығындағы сауда орындарына баратын еді. Үш жыл бұрын іске қосылған серіктестікке қарасты «Шаған» сау­да үйі 4 жарым мың халқы бар ауылдың сұранысын қанағаттандырып тұр. Мұндағы кез келген тауар арзан бағада сатылады. Үшіншіден, жақында макарон цехы іске қосылды. Мұнда да 4 адам тұрақты жұмыста. Сондай-ақ шаруашылық балансындағы 250 орындық «Ақбұлақ» тойханасы қыз­мет көрсетеді. Айтпақшы, ауылда «Шаған жер» деп аталатын ардагерлерге арналған демалыс орталығы да бар. Қарттарға арналған шахмат, дойбы, үстел теннисімен қатар бильярд залы ұйымдастырылыпты. Тіпті шаруашылық тарихынан сыр шертер музей кабинеті де жабдықталған.

Ауызбіршілік пен тәртіпті жаны сүйетін Жеңісбектің төрт жыл ішіндегі ауыз толтырып айтатын жұмысы осындай. Аз уақытта алға басқан қадамы көп. «Шаған жер» ауылдың айнасы іспетті. Ақсақалын құрметтеп, жас буынын игі іске жетелеген жұрттың келешегі жарқын. Біз мұны осы елден байқадық.

Ержан ҚОЖАС,
«Егемен Қазақстан»
Астана
17 тамыз 2024 ж. 183 0