Қырман толы қызыл дән
Өзінің даусы ысқыра шығады. Мұрны шуылдай демалатын қоңыр өгіздер болушы еді біздің елде. Құдды сондай. Тынымсыз екен. Қырман басындағы осының үні айрықша әйтеуір.
Жұрт бұны «погрузчик» деп атайды. Жүк тиегіш трактор екенін бәріміз білеміз ғой. Әсіресе құм мен саз артуда жөні бөлек. Бірақ, шын маркасын ешкім жаттамайды. Бізге Қытайдың өнімі жат болмағалы қашшан. Бұл да сол елден шыққан. Енді, міне, біздің елдің бейнетін белуардан кешіп жүр.
Қырман толы дән. Биылғы өнім. Әлгі погрузчигің таудай үйілген дәнді ауық-ауық сапырады. Тура сабадағы сары қымыздай. Алдыңғы бөлігінде жарты тоннадан астам затты көтерер астауы бар. Жер несібесін сонысымен асайды. Асаған күйі үйілген дәннің үстіне қайта төгеді. Әлгіндей. Сапырып. Осылай екі-үш рет қайталайды. Сосын бұдан жалыққандай соңғы тиеген астау толы қара күрішті дәл жанындағы тіркемесі бар КамАЗ-ға лақ еткізе төгеді…
Шаған ауылындағы қырман көрінісі бұл. Облыс орталығынан 60 шақырымдай жердегі елді мекендеміз. Бұрындары «Ворошилов» колхозы деп аталған. Негізгі тарихы 1930 жылдардан басталады. Күріш егуден КСРО-ға белгілі болды бұл Шаған. Қ.Әбуов, Ә.Атақаев, Ш.Құндызбаев, Ә.Кәмішов, С.Асқаров, Қ.Дәдікбаев сияқты азаматтар Шағанның шырайлана түсуіне бар жігерін аямапты. Олар туралы бүгінгі шағандық ағайын осылай айтады.
Ауылдағы ең ірі шаруашылықты аты – «Шаған- Жер» ЖШС. Былтыр қаңтар айында халықтың ұсынысымен төраға болып Жеңісбек Сыздықов сайланыпты. Тұрғындардың көбі осы шаруашылықта жұмыс істейді. Дұрысы, мұнда 350 адам бар. Көбісі ала жаздай дала төсінде. 8 бригадаға бөлініп, 3 мың гектарға жуық күріш еккен. Одан бөлек, 100 гектардан астам мақсары, 1600 гектар жоңышқа өсіреді.
Ауыл ішінде шаруашылық басшысы Жеңісбек Сыздықовтың өзіне жолығып қалдық. Сөзге шорқақтау екен. Керісінше, таңғы бестен бастап егін алқабын жағалап кететінін осындағылардан естідік. «Бұл енді қашан жиын-терім біткенше өзіне де, өзгеге де тыныштық бермейді. Талап пен тәртіп, еңбекті бағалау, уақыт жоғалтпау сияқты керектіні өзінен де, өзгелерден де көргісі келеді». Бұл да – жергілікті тұрғындардың пікірінен құлағымыз шалып қалғаны.
– Расын айту керек, өзге шаруашылықтарға қарағанда біз бұл жағынан ақсап тұрмыз. Техниканың тозғандығын оны жүргізіп жүрген, жөндеп жүрген өзіміздің жігіттер де жиі айтады. Биыл өнім жақсы болса, жаңадан ауыл шаруашылығы машиналарын алуға барынша күш саламыз. Былтыр бір жаңа жатка алдық. Ескі болса да, екі тракторды шаруашылыққа әкеп тіркедік. Тағы бір комбайнды да осылай іске қостық. Соқаларды жаңарттық. Кейде тіршілікті нөлден бастаған жақсы еді деп те ойлаймын. Бірақ қолдан келгенше әрекет қылуымыз керек. Басты мақсатым да, арманым да – сол. Шағанда шаруашылықтың техникалық паркін жасақтауымыз керек, – деп ішкі ойын жасырмады Ж.Сыздықов.
Сондай-ақ мұнда бір кездері ірі қара көп болған. Әсіресе, мүйіздінің саны едәуір еді. Сиыр фермасы жұмыс істеп, сүт дайындауда алда болыпты.
– Қазір шаруашылық есебінде 160 бас жылқы, 50 басқа жуық сиыр және жақында сатып алынған 50 бас тоқты бар. Бұдан шығар ет не сүт өнімдері өз жұмысшыларымызды тегін тамақпен қамтуда көп рөл атқарып тұр. Ағарған ішіп, ет жеген адамның жұмысқа деген ынтасы да жақсы болады емес пе?! – дейді төраға.
Тағы бір естігеніміз, мұнда ең төменгі жалақы – 55-60 мың теңге. Ал орташа айлық қанша десек, 120 мың теңгенің маңайында. Шаруашылық ауылдағыларға жоңышқаның бумасын 350 теңгеден босатыпты. Үй басына 150 данадан ғана беріледі. Жеңілдік есебінде. Түтін саны 850 болатын Шаған халқына жоңышқа жеткізу де аз еңбекті қажет етпесе керек.
– Шаруашылық әлеуметтік көмекті жиі береді. Мереке сайын ұмытпаймыз. Бір мысал, жақында ғана «Мектепке жол» акциясы аясында 50 балаға керек-жарағын алып бердік. Ондағы спорт залын жөндеуге де қаржы бөлдік.
Биыл он шақты бие байлағанбыз. Мына індет кезінде жылқы сүтінің пайдасы жиі айтылып жүр. Ел ішінде кісі ауырмай тұрмайды. Саумал мен қымыз ұйымдастырып, ауырғандарға, қарияларымызға тегін таратып отырмыз, – деп қалды енді бір сөзінде шаруашылық басшысы.
Жылыжай немесе «Қожабек бағына» барғанда
Шағанда Қожабек Дәдікбаевтың есімі ерекше аталады. Шаруашылықтың да әбден кемеліне келгені осы тұс дейді. Дәдікбаевтың уақытында Шағанда алма бағы егілді. 2000 көшет отырғызыпты сонда. Алмағайып тұста 13 жыл қараусыз қалған бақтың күтімі биыл қолға алынған. Бес адам тұрақты жұмысқа тұрыпты.
Бақ ішінен асқабақ пен қауын-қарбыз да көрінеді. Күн бағытына қарай басын ие күнбағыс та өсіпті. Күз айының берекесі мұндағы тіршілікке осылай көрік беріп тұр.
Жыл ішінде шаруашылық жылдамдатқан жақсы істің бірі бұл. Әрі әр қиярдың түбінен 5-10 келіге дейін өнім алуға болады екен.
Күріш те бала сияқты
«Шаған-Жер» серіктестігі 2900 гектар жерге күріш егіпті. Нарықтағы нағыз сұранысты қанағаттандыру үшін мұнда тек «Лидер» сорты ғана. Сатып алушылар осы түрін алуға көбірек ынталы. Дән топыраққа түскеннен бастап есептесек, 120 күнде толық пісетін күрішіңіз осы.
Егістік басында былтыр гектарына 58 центнерден өнім алған Әбдікәрім ағамен тілдестік. Осы қыркүйекте 60 жасты толтыратын ағаның ширақ қимылы өзінің шаруақор адам екенін айтпай-ақ білдіріп тұр. Қырық жыл шаруашылықта тер төккен. Механизатор, агроном да болған. Қай жұмысты да жанын сала істепті. Елге сәл болса да пайдам тисін деген нағыз еңбек адамы.
Ең қуаныштысы, гектарына 90 центнер жинаған күрішші де осы шаруашылықта болып шықты. Биылғы өнім жинауда басқаны алдына салмаған Дархан Мұхамеджан – осы елдің тумасы.
Шаруашылық биыл өнімді жақсы жинайды деген сенім бар. Егіннің шығымы тәуір. Былтыр гектарына 58 центерден алғанмын. Биыл жер ауыстырып көрдік. Нәтижесі өзіңіз естігендей ғой. Қазір менің жерім көтерілді. Күріш орылып, қырманға әлдеқашан тапсырылған. Бүгінде еңбек демалысында жүрген жайым бар, – деп риза кейіппен күледі Дархан.
Тракторшының ұлы тірлікке мығым ба?
Қырыққа екі-үш жылы кем Жеңісбектің шаруашылық тізгінін былтыр ғана ұстағанын айттық. Шағаннан шыққан жігіт бұрын мемлекеттік қызметте істеген. Тіпті, Тереңөзек кентінің әкімі болып, аудандағы қаржы басқармасын да басқарыпты. Расы сол, күйі қашыңқыраған ауыл келбетін жақсартам деген ойдың жетегінде жүрген бұл жігіттің мақсаты көп. Әзірге шаруашылықтың азды-көпті кемшілігін дұрыстап, Шағанды алға сүйреудің жолында жүр.
Сәл тарихи шегініс жасасақ. Шағанды 1976 жылы Шамахан Құндызбаев атты азамат басқарған. Сол уақытта бұл ел 164 мың центнер күріш өндірген. Бұл рекордты одан кейінгілердің жаңартқан-жаңартпағанын білмедік. Бізге белгілісі мынау:
Серіктестіктің тағы бір серпіні
Шаруашылық жылдағы дәстүрмен ауыл тұрғындарына 2-5 гектарға дейін жерін дайындап, жыртып не қарықтауға техникамен көмектеседі. Елдегі ағайын өз хал-қадірінше бақша егеді. Шыққан өнімін сатып, қосымша табыс көзіне айналдырған.
– Тұрғындардан сұраныс жоғары. Енді бұған қосымша басқа түрлерін шығару жоспарда бар. Екінші жаңалық, бұрын ауылдағылар бірнеше шақырымды артқа тастап, аудан не облыс орталығындағы сауда орындарына баратын еді. Биыл серіктестікке қарасты «Шаған» сауда үйін іске қостық. Төрт жарым мың халқы бар ауылдың сұранысын қанағаттандыра аламыз. 350 орындық «Ақбұлақ» тойханасы қонақтарымызға қызмет көрсетеді, – дейді шаруашылықтың кеңсе менеджері Дархан Ибраймов.
Түйін. «Шаған-Жер» – бұл ауылдың айнасы іспеттес. Ақсақалын құрметтеп, жас буынын игі іске қарай жетелеген жұрттың келешегі жарқын. Біз мұны осы елден байқадық.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ.