Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Іңкәрдариялық еріктілердің ізгі ісі

Іңкәрдариялық еріктілердің ізгі ісі

Еріктілік – қайырымдылықтың бір қанаты. Әркім өз қалауымен көмек қолын созып, жақ­сылыққа бастайтын игі іске үн қоса алады. Ол жасқа да, атаққа да, абыройға да қарамайды, тек адамның жақсылық жасауға деген ниеті болса жеткілікті. Бүгінде ауданымызда, ауылдарда ерікті жастар игі істен қалыс қалып жатқан жоқ. Іргелі Іңкәрдария ауылындағы жас­тардан құрылған «Қамқор» еріктілер тобының атқарып жатқан жұмыстарын мақ­танышпен айтуға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Еріктілік – ел үшін, қоғам үшін адал қыз­мет. Во­лон­­­­тер­лік хал­қы­­­мыздың өмір салтына ай­налуы керек. Оны тәуелсіз Қазақ­­стан­ның бү­гін­гі және бо­лашақ сипаты ретінде дәріп­теуіміз қажет. Ерік­­ті­лердің бо­йындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыс­тан тыс қалмайды деп сенемін. Бұл – ең алдымен, өркениетті елдің және зор жауап­кершіліктің белгісі. Ғұлама Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» баршамызға өсиет қалдырды. Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы дәл осындай мейірім­діліктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ» деп қазақ жастарына сенім артқан болатын. Мемлекет басшысының бастамасы аясында іңкәрдариялық «Қамқор» еріктілер тобы бүгінде ел дамуы мен өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.

15 адамнан құралған ерікті жастар 4 жыл­дан бері ауыл халқының алғысымен қатар, ақ батасына алып келеді. Әр жыл сайын қолдан келген көмектерін көрсетіп, талай жанға қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруда.

– «Қамқор» ерік­тілер тобы 2020 жы­лы құрылып, өз жұмысын бас­таған бо­латын. «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» де­мекші, ерік­тілер құ­рылған күннен бастап игі істерді атқарып келе жатыр. Қазіргі таңда жыл басынан бері төрт бағыт бойынша жұмыс жасап келеміз. Мысалы, ардагерлерге көмектесу. Бұл дегені­міз қар күреу, аула тазалау, үй-ішін әктеу жұмыстары. Сонымен қатар, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға демеушілер көмегі арқы­лы қайырымдылық іс-шараларын ұйым­дастыру, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету. Және де ауыл көшелеріне тазалық жұмыстарын жасап келеміз. Ерікті болып жұмыс жасап, әр жанның ыстық ықыласына бөленіп, алғыстарына ие болып жүргеніміз біз үшін мақтаныш, – дейді еріктілердің жетекшісі Әйгерім Суюнбаева.

Еріктілер тобы тұ­рақ­ты түрде мүмкін­дігі шектеулі ба­ла­ларға жеке кә­сіп­кер Н.Төле­геновпен бір­лесіп балалар мере­­­кесінде сый­­лық беріп оты­рады. Бұдан бөлек мүмкіндігі шек­теулі әже мен жал­ғыз­басты әкенің үйін жинап, ішкі әр­леу жұмыстары мен аула­сын тазартуды тұрақты үрдіс­ке айналдырған. «Қайыр қыл­саң, бүтін қыл» демекші,  еріктілер ауыл­дағы мешіттің тазалығына да көмек көрсетеді. Түрлі іс-шаралар ұйым­дастырып, барынша қолдарынан келген көмекті аяған емес. Бұл да ерік­тілер тобының адамгершіліктің ақ туын көтеріп жүрген қайырымды жандар екенінің дәлелі. Биылғы жылы да игі істердің басы қасынан табылып, көп­теген жұмыстар атқаруда. Атап айтар болсақ, «Наурызнама» іс-шарасы қарсаңында Іңкәрдария ауылдық мешітінің сыртқы ауласын тазалап, арықтарды қазып, ішкі бөлмелерін әктеп-сырлаған. Ал, «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» акциясы аясында әлеуметтік желі арқылы, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің көмегі арқылы біршама жұмыс атқарылған.

«BIRGEMIZ» облыстық волонтерлер слетінде «Қамқор» еріктілер тобының жетекшісі Ә.Суюнбаева «Үздік әлеуметтік волонтер» номинациясымен марапатталды. Бұл да ерікті жастардың жеткен жетіс­тіктерінің бастамасы десек болады.

– Ауыл жастарының жақсылықтың жаршысы болып, көпке үлгі болып жүргендері адам жанына жылулық сыйлайды. Қай кезде де көмек қолын созуға дайын тұрады. Ерікті жастардың жасаған қайырымдылық іс-шаралары өскелең ұрпаққа үлгі, – дейді ауыл тұрғыны О.Әлкенова.
Иә, ерікті жастар қоғам үшін маңызды рөл атқарады. Олардың ат­қарып жатқан әрбір ісі халық игілігі үшін орындалуда. Сондықтан да жақсылықтың жаршысы болуға атсалысайық.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
10 тамыз 2024 ж. 300 0