Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерікті жастармен кездесті

Ерікті жастармен кездесті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев дөңгелек үстел басында ерікті жастармен кездесті. Кездесуде аудан басшысы еріктілік жастардың өмір салтына айналу керектігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым жастарға қолдау көрсетіп келеді. Соның негізінде жастар саясатына бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың игі дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге көмек көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірігіп, халыққа қызмет ету. Ауданда 11277 жас болса, олардың қатарында 500-ден аса ерікті жас бар. Олардың белсенділігі елімізде пандемия болғанда көрінді. Олар індет жұқтырған халыққа жан-жақты көмек көрсетіп, көптің алғысына бөленді. Еріктілер ауданда жалғызбасты жандарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, төтенше жағдайға түскен отбасыларға көмек көрсету ісінде де белсенді. Осы тұста, ауданда құрылған жастар бригадасының қолдауын атап айту қажет. Мәселен, Айдарлы ауылындағы жастар бригадасы елді мекенде тұрғын үй салып беруді жүзеге асырды. Өңірде жастар арасындағы құқық бұзушылықтар жиі орын алуда. Оны болдырмауға, алдын алуға еріктілер атсалысуы тиіс. Сол арқылы біз жасөспірімдерді тәрбиелеп, игі іске жұмылдыратын боламыз. Ерікті болу – жүректің ісі. Сондықтан волонтерлік жастардың өмір салтына айналуы керек. Қолға алған барлық жұмысты жүрекпен жасайтындарыңызға сенемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Ауданда халыққа қызмет көрсетіп жүрген кәсіпкер жастардың арасында еріктілер көп екенін де атап өткен жөн. Одан бөлек, елді мекендерде жастардың басын қосып, жақсы істерге үндеп жүргендері де жетерлік. Еріктілер қатарына аудандағы «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарын да қосуға болады. Биыл жаз айларында ауданда 220 жас бір айлық жұмыспен қамтылып, көркейту жұмыстарына атсалысты. Сол арқылы олар өздерінің туған жерге деген жанашырлықтарын көрсетті.

Кездесуде аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Н.Сейітжан елді мекендерде құрылған еріктілер штабы туралы ақпарат берді.

Еріктілермен басқосу еркін форматта өтіп, ұсыныс-пікірлер айтылды. Қорытындысында еріктілік үлігісін көрсетіп жүрген жастар марапатталды.
05 қыркүйек 2023 ж. 145 0