Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Болашаққа үміт – жастарға сенім

Болашаққа үміт – жастарға сенім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастары туралы «Тәуелсіздік ұрпақтары жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өсіп келеді. Олар өнерде, спортта, ғылымда және бизнесте зор табысқа жетуде. Біз жастарымыздың осындай мықты, адал азамат болғанын мақтан тұтамыз. Қазақстанның болашағы – отаншыл, білімді, еңбекқор азаматтардың, яғни жастардың қолында. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін» деп үлкен үміт артқан еді. Аудан жастары қоғам өмірінде әркез белсенділік танытып, түрлі игі істің басы-қасынан табылуда. Осы ретте 12 тамыз – жастар күні қарсаңында аудандық қоғамдық даму бөліміне қарасты жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Нұржан Сейтжанмен әңгімелестік.

– Алдымен аудан жастары туралы жалпы ақпаратқа қанықсақ...

– Қазіргі таңда аудан халқының шамамен 30 пайызын жастар құрайды. Кент орталығы мен ауылдық округтерді қосқанда 14-35 жас аралығындағы жас­тар саны – 11 727. Аудан жастары белсенді, қай істе де алға жылжу анық байқалады. Спорт, мәдениет, мем­лекеттік қызмет, денсаулық сақтау, білім беру – қай саланы алып қарасақ та білімді, талапты, рухты жастарымыз аудан намысын қорғап, кемел келешектің іргетасын мықтап қалап келеді деп ауыз толтырып айтуға негіз бар. Ал осы жас­тарды қоғаммен тығыз байланыстыруда аудан әкімдігінің, қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен жастар ре­сурс­тық орталығы түрлі іс-шаралар ұйым­дастырып, түрлі бағытта жұмыс істейді.

– Орталықтың ұйытқы болуымен өткізілген іс-шаралар туралы нақтырақ айтып өтсеңіз?

– Қазіргі таңда кент және ауылдық округ­терде жастар саясаты бойын­ша 14 маман қызмет атқаруда. Жас­тардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйым­­дас­тырылады. Оған мектеп оқушы­ларынан бастап 35 жасқа дейінгі жас­тар қамтылады. Атап айтар болсақ, мем­­­лекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында жыл басынан бас­тап 40-қа жуық іс-шара өткізілді. Оның ішін­де акциялар, кездесулер, түсіндірме жұмыстары, т.б. атап өтуге болады. «Жас­тар лагері», «Сырдария барысы» турнирі сияқты ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Қайбір бастама болса да әлбетте жастарды дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге, саламатты өмір салтын наси­хаттауға бағытталады. Мысалы, жақында қолға алынған «Кешкі vibe» жобасы түрлі сала бойынша өңірімізден шыққан, жастарға үлгі бола білген жас­тарды дәріптеуді мақсат етеді. Сұхбат алаңына лайықты жастар шақырылып, көрермен ретінде мектеп оқушылары қатысады. Бұл жердегі мақсат – осындай түрлі салада өз жолын салып келе жатқан аудан азаматтарына қарап, үлгі алса, мотивация болса деген ой. Әскери форум, «Таныс болайық» айдары, «Кітап сыйла» акциялары, поэ­зия кештері де – жастарды жарқын болашаққа бағыттауға арналған іс-шаралар.


– Иә, жастардың ауқымды іс шараларына біз де куәміз. Сондай-ақ  әлеуметтік желі арқылы да бақы­лап отырамыз. Жалпы ор­талық бел­гілі бір бағыттарға сүйеніп жұ­мыс жүргізетін шығар?

– Әрине, негізгі сегіз бағыт бойынша жұмысты үйлестіреміз. Олар – «Әкелер мектебі», «Еркеzhan» қыздар клубы, «Сырдария жастары» еріктілер штабы, жастар бригадасы, кеңес беру орталығы, «Жайдарман» лигасы, «Жас сарбаздар» клубы, «Кітап оқиық» кітап клубы. Міне осы бағыттар аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Айтпақшы, пробация есебінде тұрған жастар бар. Олар назардан тыс қалмайды. Әр ай сайын кездесулер ұйымдастырылып, арнайы іс-шаралар да жүзеге асырылады.

– Жастардың күші еріктілікте кө­рі­ніп жатады. Аудандағы во­лон­­тер­лер жайына қысқаша тоқтал­саңыз...

– Өздеріңізге мәлім, елдегі қандай жағдай болса да жастар өкілдері өз үлестерін қосудан аянып қалып жатқан жоқ. Жақында елімізде орын алған алапат су тасқыны кезінде ерікті жас­тарымыз бауырларымызға көмек қо­лын созып, азық-түлік, тұрмыс­тық қажеттілік яки ақшалай көмек көр­сету­ге барын салды. Ауылдық округтерде құрылған еріктілер штабтары жұмыс жүргізуде. Табиғи апатқа тосқауыл жоқ. Түрлі жағ­даймен баспанасынан айырылған яки көмекке мұқтаж жандарға қолдан келген көмекті аямайды. Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағына биыл 110 адам тартылып, ауданды абаттандыру жұмыстарына атсалысты. «Қайы­рым­дылық қыл­саң, қайырын өзің көре­сің» деген ғой. Жақында аудан волонтерлері «BIRGEMIZ» облыстық волонтерлер сле­тін­де «Үздік әлеуметтік волонтер» атан­­ды. Аудан жастарының ізгі іске бір табан жақын болып, жақсылық жасауда жарысатыны көңілді қуантады.

– Жастар бригадасының жұ­мысы туралы не айтасыз?

– Жұмыссыз жастарды еңбекке тарту әрі бос жерлерді игеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округтерде жер ашылып, жастар бригадалары құрыл­ды. Жастар бригадасының саны жыл сайын артып келеді. Бұл өте жақсы бас­тама. Аудан әкімінің қолдауымен Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Шіркей­лі ауылдық округтерінде жас­тар мау­сым­­дық жұмыспен қамтылуда. Сондай-ақ Бес­арық, А.Тоқмағамбетов ауылдарында жастардан құрылған бригада бел­гі­ленген көлемдегі жерге картоп, бау-бақша дақылдарын егіп, еңбек дала­сының көркін қыздыруда.

– Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби «Жас жеткін­шек­тері­­ңізді көрсетіңіз, мен сіздер­дің бо­ла­­­шақтарыңызды айтып бе­рейін» дейді екен. Сол айт­пақшы, ел болашағының жарқын көрінісі жастар болса, жастар саясаты мәселесі де ауқымды тақырып. Ал аудан жастарының талпынысы жоғары, ауқымды жұмыстары да белгілі. Өзіңіз жарқын бола­шақтың жалынды жасы ретінде ел дамуына қандай үлес қосып жүрмін деп ойлайсыз?


– Кез келген мемлекеттің болашағы – жас ұрпақ яғни саналы жастарымыз. Бүгiн­гі жас – болашақ Қазақстанның жанды бейнесі, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Жастар – қоғам өмірін алға бастаушы прогрессивті күш иесі екенін қай қоғамда да дәлелдеп келеді. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар, бүгінде озық идея­ларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Осы ретте аудан жастарымен бір толқында болып, жастық жігерімді өзім қатарлы жастардың дамуына, алға жылжуына арнап жүргеніме қуа­намын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі азаматтық парызым деуге болады. Жастарда жалын бар. Олармен жұмыс істеу қызықты, шабыт аласың. Аудан жастарын игі істерге ұйыстыру жолында атсалыссам, үлес қоссам – бұл менің бүгінгі таңда атқарған үлкен жұмысым, жеткен жетістігім. Алдағы уақытта Тәуелсіздігіміздің тамырын терең­детіп, Қазақстанды іргелі мемле­кетке айналдыру біздің қолымызда, яғни болашағымыз жастардың жауап­кер­шілігінде. Бүгінде елімізде жас­тар сая­сатына үлкен көңіл бөлінуде. Жас­тар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры.

– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
10 тамыз 2024 ж. 303 0