Жастар орталығын жөндеп берді
Қоғамдық даму бөліміне қарасты аудандық Жастар ресурстық орталығы 2019 жылдан бері аудан жастарының дамуы жолында жұмыс істеуде. Аталған орталық аудан орталығы мен ауылдық округтердегі жастар өкілдерімен бірлесе отырып түрлі бағытта іс-шаралар өткізеді. Орталықта жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Және NEET санатындағы жастарға да құқықтық көмек көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, Жастар ресурстық орталығы – аудан жастарының жиі бас қосатын орны.
Осы ретте орталықты қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау, тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жанға жайлы орта қалыптастыру өте маңызды. Сол орайда биыл аудандық жастар ресурстық орталығында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан жастарының өтінішімен, аудан әкімінің ұсынысымен орталық базасын қалыптастыру мақсатында «Абай-Дәулет» ЖШС директоры, меценат Мұрат Сәрсенбаев қаржылай қолдау көрсетті. Кейінгі буынға үлгілі іс қылып, 4,5 миллион теңге қаржы бөліп, орталықтың жаңарған келбетін қалыптастыруға өзіндік үлес қосты. «Аудан жастарын дамытуға, еліміздің келешегін қалыптастыруға бөлінген қаржы – ең дұрыс мақсатта жұмсалған ақша» деп білетін меценатқа аудан жастарының алғысы шексіз.
– Өз болашағын жақсы жетістіктермен байланыстырғысы келетін барлық ел жастар саясатына аса ыждағаттылықпен ден қояды. Себебі, жастар – ертеңгі болашақ. Жастарға жасалған жайлы жағдай – ертеңгі еліміздің келбетіне жасалған жағдай деп білемін. Осы ретте биыл тамыз айында меценат Мұрат ағамыз аудан жастары үшін арнайы қаржы бөліп, ол қаражатқа орталық базасы толықтай қалыптастырылды. Аудан жастарының атынан айтар алғысымыз шексіз, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директорының міндетін атқарушы Нұржан Сейтжан.
Бөлінген қаржыға жастармен жұмыс істейтін мамандар отыратын және жастармен арнайы іс-шаралар өткізілетін бөлмелер толық жөндеуден өткен. Сонымен қатар, қажетті құрал-жабдықтар мен бөлменің әсемдігі үшін көрнекілік заттар сатып алынған. Әр істің ретін білетін, өмірлік тәжірибесі мол Мұрат Сәрсенбаевтың өзі бас болып, орталық дизайнын ақылдасып, өзіндік ойын да қосыпты. Коворкинг орталығында іс-шара өткізу үшін де тиімді жағдай жасалған. Нәтижесінде аудан жастарының бас қосатын орталығында жанға жайлы атмосфера қалыптасып, жастар өкілдері бас қосқанда уақытын қызықты әрі тиімді өткізе алатын болды. Бүгінде сәні мен салтанаты жарасып, көңілді жастардың ордасына айналған орталыққа бас сұға қалсаңыз, сіз де тамаша ортада көңіліңіз көтеріліп, бір сәт тынығып қайтасыз. Сондай-ақ шағын кітап сөресіндегі кітаптарды оқып, рухани жан азығын жиып, уақытты тиімді өткізу жағы да қарастырылған.
– Бірер ай бұрын Бесарық ауылында жастардың форумы ұйымдастылып, мені құрметті қонақ ретінде шақырды. Сол жиында жастардың ұсыныс-пікірін тыңдап, ағалық ақыл-кеңесімізді айтып, бағыт-бағдар бердік. Форум барысында аудан жастары аудандық жастар ресурстық орталығын жөндеуден өткізуге қолдау көрсетуімді сұраған еді. Ол кезде біз аудандық Достық үйін де жөндеу жұмыстарын бастаған едік. Сөйтіп сол игі істі жастардың ұсынысымен жалғастырдық. Бәріміз жас болдық, ағаларға арқа сүйеп, үлгі тұтып өстік. Қазір бізді де үлгі тұтатын, бізден қолдау күтетін жастар қатары қалыптасты. Қолымыздан келгенше жастардың бастамаларын қолдауға дайынбыз. Бұл бүгінгі күн үшін де, болашақ үшін де маңызды. Мен ауданның 95 жылдық мерейтойына жақсы көрсеткіштермен жетіп отырған Сырдария ауданының жастары үздіктер көшін бастап, жақсы жетістіктерді бағындыра береді деп сенемін. Жалынды, креативті идеясы мол, ізденісті серік еткен жастарға барлық жақсылықты тілеймін, – дейді Мұрат Абайұлы.
Айта кетейік, аудандық жастар ресурстық орталығы қоғамдық даму бөлімінің жанында 2019 жылдан бері өз жұмысын жалғастырып келеді. Орталық аудан жастары үшін жан-жақты тиімді жұмыстар атқарып, еліміздің сапалы келешегін қалыптастыруда өзіндік үлес қосуда. Аудандық газет редакциясы аудандағы жастар саясатын дамыту бағытындағы жұмыстарды ақпараттандыруға тұрақты түрде ақпараттық қолдау көрсетіп келеді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ