Бостанның басынан кешкендері
Қазақ әдебиетінде фантастика, детектив, фэнтези, мистика жанрлары бірұдай жолға қойылмаған. Аталған жанрларда қалам тербеген жазушылардың басым көпшілігі Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет бөлімінен орын алады. Осыдан бес жылдай уақыт бұрын жазушы, журналист Қалкөз Жүсіптің «Бостанның басынан кешкен таңғажайып оқиғалары» атты мистикалық жанрда жазылған шығарманы оқығаным есімде. Жақында аталған туындының екінші бөлімі жарыққа шығыпты. Бес жыл бұрын оқыған дүнием әлі күнге санамда тұрса да, қайтара оқып, еске түсірдім.
Жалпы жер бетінде елес, әруақ деген нәрселер бар екеніне сенесіз бе?! Автор өз оқиғасын бірінші жақтан баяндай отырып, оқырманына елес пен әруақтар әлемі болатынын айтады. Басты кейіпкер – Бостан. Оның жасы – жиырмада. Оқиға Бостанның небәрі жиырма жаста болса да өзін сексен жастағы шалдай сезінетінін баяндаумен бастау алады. Себебі басты кейіпкерге ерекше қабілет – өз тәнінен бөлініп шығып елеске айналып, ешкімге көрінбей айналасын барлай алатын тылсым күш бітуімен басталады.
Алғашқыда төсекте ұйықтап жатқан өз денесін көргенде қорқып қалған басты кейіпкер кейін келе бұл күйіне әбден үйреніп алады. Ешкімнің көзіне көрінбейтін және дауыс жылдамдығындай жылдамдықпен жүйтки алатын елес-тәннің жаңа қырларын ашып, өзінің тылсым күйін зерттей бастайды. Солай жүріп бұрын қайтыс болып кеткен, бірақ түрлі себеппен әруағы моласына байланбай дала кезген елестермен жолығып, сөйлесіп, тіпті дос болып алады. Елес-өмірге әбден үйренген, өз-өзіне қол жұмсап, ақымақтық жасаған, солай арулап көмбегендіктен елесі дала кезіп кеткен Есберген, сонау жылдары қасқырға жем болып, сүйегі далада көмусіз қалып, елесі қырда қалған Қасқырбай, жуан байға құлдыққа түсіп, қашып құтыла алмай, соққыға жығылып өлген Нұртай мен Әлжан да оқиға барысында басты кейіпкермен кездесіп, сөйлеседі. Әр жаңа елес-әруақпен болған оқиғаны баян еткен автор оқырманына түрлі жайды баян еткісі келетіндей. Жалпы автор адам қайтыс болғанда арулап көмілмесе, молда құран оқып жаназа шығармаса, тәні молада болғанымен, жаны дала кезіп, қиындыққа ұшырайды деген діни көзқарасты алға тартады. Ешқашан өлмейтін, көзге көрінбейтін елес-әруақтың да өзіне сай қиыншылықтары бар болып шықты. Олар адамға көрінбейді, ешкіммен тілдесе алмайды, тіпті жанын қинаған шөл мен аштық сезімінен, тоңу мен ысудан да құтыла алмайды. Солай жапан далада өзімен өзі күй кешеді. Және ондай елес-әруақ өзінің жаны денесінен бөлініп шыққан жерден алысқа ұзай да алмайды.
Есбергенмен кездескен уақыттарда автор оқырманына айналадағы кей адамдардың екіжүзділігін көрсетіп бергісі келетіндей. Күндіз сексенді алқымдаған «дана», түнде туған келінімен ойнас Боқан шал, алпысты алқымдаған кемпірге ғашық сегізінші сыныпта оқитын Ермек, математика ағайдың жасырын «ғашығы» Күнсұлу сияқты кейіпкерлердің ерсі іс-әрекеттерін елес ретінде көріп-білген Бостан ауыл адамдарынан да жеріне бастайды. Кейін елес болып, ауылды кезуді доғаруына да осы айналасындағы адамдардың шынайы бет-бейнесін көріп, жерінуі себеп болады. Үлкен күнә арқалаған Боқан шалдың азапты өлімі, яғни арғы дүниесі де жұп-жұмыр баяндалған. Оқырманын елең еткізбей қоймасы анық.
Адам психологиясын індете зерттеушілер «оқушы бір шығарманы әртүрлі жаста түрліше қабылдайды, неше қайтара оқысаңыз, сонша рет ой түйесіз» дегенді алға тартады. Шындығында солай. Бостанның шытырман оқиғаларына негізделген туындыны осыдан бірнеше жыл бұрын оқығанда елес әлеміне ерекше ден қойып, қорқыныш басым болған еді. Жазушының ойы оқырманын дінге бағыттау, елестер туралы әңгімені ашып көрсету деп жеңіл ойлаған едім. Әрине қорқынышты оқиғалардың әсерінен біразға дейін шыға алмай жүргенім де есімде. Бірақ бұл жолы қайта оқыған шығармаға басқаша көзқараспен қарағандаймын. Елестер әлемі туралы тұстары да аса қорқыныш туындатпады. Себебі бұл жолы автордың негізгі ойы – елес кейпінде көрген болып баяндап, оқырманына айналасында болып жатқан небір сұмдық жайтты көрсеткісі келгендей болып көрінді. Қоғамдағы ауқымды әрі күрделі мәселелерді осылай астарлай отырып тура көрсеткенге ұқсайды. Мысалы шағын ғана ауыл тіршілігінен басталатын оқиға ірі қалаларға, тіпті оқиға соңында елес-тәннің әлемді шарлауына дейін алып барады. Сол арқылы автор кей адамдардың шынайы бет-бейнесін, ел білмейтін құпия сұмдығын, кейбіреулердің екіжүзділігін ашып көрсеткісі келеді. Әрине, бұл – жазушының шеберлігі. Себебі «мен осындай жағдайды білемін, қазір осылай болып жатыр» десе ешкім сенбес еді. Автор өзіне ерекше қабілет қонып, өз тәнінен бөлініп шығып елеске айнала алатынын және елес-әруақтармен байланыса алатынын алға тартады. Солай елес ретінде адамдарға көрінбей түрлі жағдайларға куә болады. Онысын оқырманға баян етеді.
Автор мистикалық жанрды ұтымды пайдалана білген. Яғни дүниеге діни-идеалистік көзқарасты негіз ететін жанр арқылы адамдардың екіұдай бет-бейнесін, қоғамның мәселелерін көрсете алған. Сол арқылы «есірткі саудасынан кейінгі екінші орында адам саудасы тұр» деген ақпаратты келтіріп, шығармада өзі де құлдықтың құрбаны болады. Ерекше қабілетінің арқасында адамдарды пайдаланып, ақша жымқырған байлардың өрескел әрекеттерін әшкерелейді. Сондай-ақ өзінің ерекше қабілетінің арқасында ешкімнің көзіне түспей-ақ құлдықтан да қашып шығады. Осы тұста құл болып, қашып құтыла алмай қаза тапқан Әлжан мен Нұртайдың елесімен кездесуі, олардың адам бармайтын сасық қамысты көлден ұзап шыға алмайтыны, ең ауыры қожайын келіп, соққыға алады деген өмір бойғы қорқынышы және не айтса да олардың ойын өзгерте алмауы сияқты сюжеттер үлкен мағынаны астарлап тұрғандай.
Бостанның басынан өтіп жатқан тылсымдарды жан баласынан ауылдағы Қосымбек молда ғана біледі. Және ол ешкімге тіс жармайды. Бірінші шығарылым «Алда ұзақ өмір жолы. Жиырма жылда көргендерім аз емес, алда не күтіп тұр, оны Алла біледі. «Жә, бәрі өз уақытында, өз ретімен болады». Бұл менің Қосымбек атаның діни пәлсапасының әсерінен туған өз ой-түсінігім» деген оймен аяқталады. Ал екінші бөлім жақында жарық көрді. Онда Бостанның бір ғана ауылда емес үлкен қала, әлем елдеріне елес-тәнмен жасаған сапарлары мен көрген-білгені баян етіледі.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ