Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз

Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз

Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет. Нағыз ұстаз деген атқа ие болу үшін туабітті дарын, ізгілікті ізденіс, еңбекқорлық қажет. Ұстаз – білгенін шәкірттеріне үйретуші ғана емес, ана тәрізді бүкіл адамның бойынан жақсылық іздейтін мейірім иесі. Білім беру саласында ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, өз қызметінің жемісін жеген ұлағатты ұстаздың бірі – Асқар Тоқмағамбетов ауылының №135 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнар Тәжімұратова. Ардақты ұстаз 33 жыл бойы ауыл балаларына білім беріп, осы салада абыройлы қызмет етіп келеді.

Білікті ұстаз Гүлнар Сейтімқызы – Тереңөзек кентінің тумасы. Жастайы­нан білімге құштар болған жан 1976 жылы Майлықұм бекетіндегі бастауыш мектепке қабылданып, кейіннен Асқар Тоқмағамбетов атындағы мектепте оқып, тәмәмдап шығады. Бала күнінен мұғалім болуды армандап, мақсат еткен Гүлнар Тәжімұратова мектеп бітірген жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтына оқуға түседі. Аяулы жан алғашқы еңбек жолын Орал облысы, Фурманов ауданы, Сарықұдық орта мектебінде бастаған. Кейін 1992 жылдың тамыз айынан бастап өзі оқыған мектепке ауысып, қызметін жалғастырады. Өз ісінің білікті маманы қазіргі таңда 33 жылдық еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші. Сонымен қатар мектептегі қазақ тілі қоғамының төрайымы.

– Поэзияға жаны құмар жан жыл сайын «Мен ғашықпын Мұқағали жырларына» тақырыбында поэзия кешін өткізіп келеді. Ақынның жүрегінен шыққан мөлдір сезімді оқырманға жеткізе білетін қасиеті бәрімізді таң қалдырады. Әр жылдың ақпан айында өтетін осы кешті мектеп оқушылары да асыға күтеді. Шығармашыл ұстаз мектептегі іс-шаралардың да ұйыт­қысы. Оқушылар арасында «Үш тіл­дің патшалығы» атты зияткерлік ойы­нын өз дәрежесінде өткізсе, түр­лі тақырыптарда коучингтер, тіл апта­лық­тары, латын әліпбиіне байланысты дөңгелек үстелдар ұстаздың еншісіндегі жұмыстар, – дейді мектеп директоры Нұрлан Маханбетжанұлы.

Өз пәнін жетік меңгерген ұстаз «қазақ тілі мен әдебиеті пә­ні­нен ұлттық бірыңғай тесті­леу­ге даярлаудың теориялық және тә­жі­­рибелік негіздері» тақы­ры­бында өткізілген облыстық семи­­­­нарға қатысып, облыстық білім бас­­қармасы, Қызылорда облыстық оқу орталығының сертификатына ие болды. Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында Арал, Қазалы, Сырдария аудандарының «Алтын белгі» және «Үздік аттестатқа» үміткер оқушыларын дайындауға өз үлесін қосты.

Бірнеше жыл бұрын оқушылары Байжан Ералиев пен Нұрай Жанай Ұлттық бірыңғай тестілеуден қазақ тілі пәні бойынша 25 ұпай жинап бірі – «Алтын белгісін», екіншісі «Үздік аттестатын» ақтап, ұстаздарын абырой биігінен көрсете білді. Одан бөлек Гүлнар Тәжімұратова жыр жаттап, кітап оқудан жүлдегер атанған бірнеше оқушының жетекшісі. Оқушылары «Ер Едіге» жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы, «Тұлпар мініп ту алған» бауқауының, «Кітап оқы да, тұлға бол!» сайы­сының, «Балалар әлемі» жобасы аясында өткізілген «Балалар оқулары», «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Туған елің – Қазақстанды жақсы білесің бе?» балалар оқуы байқауының, «Таби­ғат­ты аяла!» жас өлкетанушылар жә­­не экологтар фору­мының «Эко­театр» но­ми­­­на­циясы бойынша жүлделі орын иегер­лері.

– Менің өмірдегі бақытым – жүрек қалауымен ұстаз болуым. Отыз жылдан артық уақыт мұғалім болып қыз­мет етіп жүрген мен «ұстаз» деген ұлы сөзді жай ғана айта салмаймын, өйткені бұл атау маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаздық – жай ғана маман­дық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Егер мен өмірге бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адамды өмірде үлкен мақсаттар қойғызып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен ал­ға аттатып жүрсем – бұл менің өмірім­нің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені мен – ұстазбын, келешек қоғамның сәулетшісімін. «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзін әрқашан есімнен шығармаймын. Еш­бір сәтте ұлы ойшыл Әл-Фара­бидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі есімнен шыққан емес, – дейді білік­ті ұстаз.

Гүлнар Сейтімқызы жылдар бойғы еңбегінің нәтижесінде Қазақстан Рес­публикасы Білім және ғылым ми­нистр­лі­гінің Құрмет грамотасы және Алғысымен, Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі тіл комитетінің Алғыс хатымен, Қызылорда облы­сының білім басқармасының Құр­мет грамо­тасы және Алғысымен, халық­­ара­­лық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлес­­тігінің Қызылорда облыстық фи­лиалы­ның Алғысымен және Асқар Тоқмағамбетов ауылдық әкімдігінің арнайы дипломымен марапатталған. Одан бөлек былтырғы оқу жылының қоры­тындысы бойынша «Жыл мұғалімі» номинациясын иеленді.

Білім берумен шектеліп қана қой­май, оқушыны мейірімділікке, жақсы қасиеттерге жақын болуға тәр­биелеп, ой-өрісін дамытып же­тілдіруге барынша еңбек сіңіріп жүрген, өз ұжым­дастарының арасында үлкен беделге ие болған, сабырлы мінезімен төңіре­гіндегілерге шуағын шаша білген ұстаз­ға алдағы уақытта шығармашылық табыс тілейміз!

Алтынай ЖҮНІСОВА
06 тамыз 2024 ж. 224 0