Беделі биік білім ошағы
Білімді ұрпақ – ел болашағы. Сол себепті де өскелең жас ұрпаққа сапалы білім беруге оқу ордалары мен білім ұялары үлкен жауапкершілікпен қарайтыны белгілі. Мақтанышпен айтар тау тұлғалардың бірі және бірегейі Асқар Тоқмағамбетовтің атымен аталатын ауылдан талай мықты, білімді тұлғалар түлеп ұшқан. Асқар Тоқмағамбетов ауылының №135 орта мектебі бүгінде оқушылардың білім сапасын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында нәтижелі еңбек етуде. Іргелі білім ошағының тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жүйелі жұмыстары, ұстаздар құрамы, оқушылар жетістігі жөнінде мектеп директоры Нұрлан Құрманалиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Нұрлан Маханбетжанұлы, ең алдымен алтын ұя мектептің тарихы жөнінде айтып берсеңіз...
– Талайларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берген мектептің тарихы сонау тереңде жатыр. Алғаш 1935 жылы қамыстан үлкен қақыра жасап, оны мектеп үйіне айналдырған оқу ордасының ең алғашқы мұғалімі Тәжмағанбет Сағындықов еді. 1937 жылы бала санының көбеюіне байланысты екі бөлмелі жаңа мектеп салынды. Бұл уақыттарда көбінесе ер мұғалімдер ұстаздық еткен. Сол жылдары ер адамдардың әскер қатарына шақырылуына байланысты ұстаздар бірінен соң бірі ауыса берген. Сұрапыл соғыс кезінде Күләш Жарылқасынова, Зейнепал Есіркесінова, Насиха Уалиевалар ұстаздық еткен. Бұл кісілердің барлығы да сол кезде үш айлық курстан өткен жетінші сыныпты бітірген жастар еді. 1950 жылы қосымша класс бөлмелері салынып, көрші үш мектеп бірігіп, «Молотов» жеті жылдық мектебіне айналды. Майлықұм колхозындағы «Молотов» атындағы жеті жылдық, XVIII партсъезд колхозындағы «Н.К.Крупская» атындағы жеті жылдық және Бидайкөл колхозындағы бастауыш мектептер бірігіп, 1950-1951 оқу жылында «Молотов» атындағы жеті жылдық мектеп болып аталды. Ол кезде мектеп шағын болатын. Мектеп тарихында небір мықты, ерекше дарынды ұстаздар қызмет етіп, ауыл балаларының сауатын ашып, білім берді. Талай сындарлы сәттерде, сұрапыл соғыс кездерінде қызмет етіп, қаншама қиындыққа қарамастан ауыл балаларын білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымыздың еңбегі әрқашан да ел есінде, ұмытылмасы хақ. Мектепке 1984 жылдан бастап Қазақ ССР-і Министрлер кабинетінің шешімімен ақын, сатирик Асқар Тоқмағамбетов есімі берілген болатын.
Білімнің қайнар көзі ауыл мектебінен талай дарынды жас түлеп ұшып, елге абыройлы қызмет етіп, еселі еңбектерімен елге танылды. Атап айтқанда, республикаға еңбегі сіңген қызметкер, режиссер Хұсейін Әмір-Темір, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Шәкен Сәменов, Төлеген Досымов, Рүстембек Алданазаров, Абдулла Омаров, Жолшыбек Бисенбаев, қазіргі «Гүлдер» ансамблінің жетекшісі, продюссер Сәрсен Ибрашева, педагогика ғылымының кандидаты Шаһарбек Төлегенов, I-санатты дәрігер-терапевт Тәжігүл Раманқұлова. Бұдан бөлек ерен еңбектері арқылы талай шәкірттің шырағын жаққан ардагер ұстаздарымыз Болат Қайранбаев, Жәнібек Маханбетов, Құндызай Байзақова, Бисенкүл Қыстаубаева, Қалдаш Тойшыбекова, Назнуш Әбибуллаева, Айжамал Дәрменова, Кенжегүл Басқынбаева, математика пәнінің үздігі Қалдыгүл Алтынбекова, ағылшын тілі пәні мұғалімі Роза Тілеубаева апайларымыздың елеулі еңбегін атап өтпеске болмас.
– Мектепте жалпы қанша педагог бар? Сапалы білім алуға оқушыларға қаншалықты жағдай жасалған? Білім ошағының бүгінгі жай-күйі мен тыныс-тіршілігі жөнінде айтып өтсеңіз...
– Мектеп ғимараты 1982 жылы іске қосылған. Типтік жоба бойынша 624 орындық, екі қабатты. Мектеп ауыз сумен толықтай орталықтандырылған, дербес жылу орталығынан жылытылады. Мектеп ауласы талапқа сай қоршалған. Мектепте медициналық қызметке байланысты медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы бөлме бар. Сонымен қатар мектеп тамақтану орнымен қамсыздандырылған және 50 орындық асхана жұмыс істейді. Жалпы оқушылардың сапалы әрі жайлы білім алуына мектепте толықтай жағдай жасалған.
Білім ошақтары біліктілігі жоғары маманмен ерекшелетіні белгілі. Бүгінде мектепте жалпы 56 мұғалім қызмет етуде. Оның ішінде 51 жоғары білімді, 5 арнаулы білімді, 5 педагог-зерттеуші, 15 педагог-сарапшы, 17 педагог-модератор бар. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Бүгінгі таңда мектепте жұмыс жасап жатқан мұғалімдер де тынымсыз еңбектерінің арқасында біршама марапатқа ие болған. Ауызбіршілігі мол іргелі ұжымдағы ұстаздар қауымының еңбегін ерекше бағалаймын. Ұстаз – үлкен жауапкершілікті талап ететін маман иесі. Әр маманның өзінің ерекшелігі, біліктілігі, жұмыс істеу әдісі, өзіндік орны бар. Бүгінде ұстаздарымыз білімдерін жетілдіру мақсатында түрлі курстарға қатысып, тәжірибе жинақтауда. Тәжірибелі ұстаздарымыз үнемі өзінен кейінгі ізін жалғастырушы жас мамандарға білгенін үйретіп, жол көрсетіп келеді. Ал жастарымыз «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген тәмсілмен әркез кішілігін білдіріп, үлкендерімізді құрметтеп жүреді.
– Оқушылардың жетістіктері және білім сапасына тоқталып өтсеңіз...
– Қай уақытта да ұстаздың еңбегі шәкіртінің жетістігімен бағаланатыны анық. Жалпы мектебіміздің оқушылары үнемі ізденіс үстінде жүреді. Оқушыларымыз талай республикалық, облыстық, аудандық байқаулар мен сайыстарға қатысып, топ жарып келеді. Одан бөлек жыл сайын өтетін пән олимпиадаларына қатысып, ұстаздардың еткен еселі еңбегін ақтап, жүлделі орындарды иеленіп, жақсы нәтиже көрсетуде деп ауыз толтырып айта аламын. Мәселен, Ерлік Өтеген «Ұстаз деген жарық күні ғаламның» тақырыбындағы аудандық жас ақындар мүшәйрасының бас жүлде иегері атанса, Еркежан Кеңесбайқызы «Балалар әлемі» жобасы аясында өткен «Балалар оқулары» байқауының аудандық кезеңінен ІІ орынды иеленген болатын. Бекнұр Әубәкіров жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша 7-8 сынып оқушыларына арналған жасөспірімдер олимпиадасының аудандық кезеңінің І орын иегері атанса, Айзада Бодықова жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде І орынды қанжығасына байлады. Одан бөлек 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық «Зерде» конкурсының аудандық кезеңінде бірқатар оқушы жүлделі орын иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Ғасырға жуық тарихы бар, талай жарқын тұлғаларды тәрбиелеп шығарған білім ордасы бүгінде білім беру саласында өз қызметін жоғары дәрежеде атқарып жатыр. Күнде өзгерген заман талабына сай жаңа инновациялық технологияларды өз жұмысына енгізіп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде өз үлесін қосуда. Бұл мектептен әлі де талай-талай дарынды ғалым, талантты ақын, ержүрек батыр шығатынына кәміл сенімдіміз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Алтынай ЖҮНІСОВА