90 жылдық белестегі білім ошағы
«Ауыл» жобасы аясында осыған дейін он ауылдың тыныс-тіршілігін көпшілікке ұсынған болатынбыз. Бұл жолғы іссапарымыз кентке жақын ауылдардың бірі Сәкен Сейфуллин ауылында жалғасты. С.Сейфуллин елді мекеніндегі тағылымды білім ордасына биыл 90 жыл толды. Пандемияға байланысты мектептің 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілген жоқ. Десе де руханият ордасының тарихы мен тағылымы жайында кітап жарыққа шығып, оқырман қауымға жол тартты. Сонымен қатар мектептің бір бөлмесінен соңғы үлгідегі дизайнмен жасалған мұражай ашылды. Бұл мектеп ұжымының келешек ұрпаққа деген ерекше тартуы болды.
№137 мектептің тарихы сонау 1930 жылдан бастау алады. Алғаш «1 Май» мектебі Қараөзек бойында Қаратөбе деген жерде Жөлекен мешітінде бастауыш мектеп болып ашылған. Кейін 1932 жылы Байсары жерінде жаңадан «Ақ школ» деген мектеп үйі салынған («Ақ школ» деп аталу себебі сол кездегі мектеп үйінің алғаш рет әктелгендігінен деген сөздер ел арасында бар). Сол жылы оқушылар білім алуды бастағанымен елде жаппай ашаршылық орын алып білім ошағы жабылған. Содан бері небір тоқырау заманды басынан өткерген білім ордасының қазіргі ғимараты 1974 жылы салынып, пайдалануға берілген. 460 орындық мектепте қазіргі уақытта 430-ға жуық оқушы білім алуда.
2013 жылдан бері №137 орта мектебін осы мектептің түлегі Бағдат Есназар басқарып келеді. 2015 жылы жергілікті бюджет есебінен мектеп жанынан жаңадан акт залы салынып берілуі материалдық базаның нығаюымен қатар оқу-тәрбие үдерісі сапасының артуына мол үлесін қосты. Қазіргі күні мектепалды даярлық топтарында 45 бала тәрбиеленуде. Оларға 53 мұғалім білім беруде. Олардың 6-ы жоғарғы санатты, 21-і бірінші санатты, 16-ы екінші санатты ұстаздар. Ұлттық біліктілік санаты бойынша ұстаздардың 13-і педагог-зерттеуші, 15-і педагог-сарапшы, 10-ы педагог-модератор ұлттық біліктілік деңгейінен өткен. Жаңартылған білім мазмұны бойынша біліктілік арттыру курстарынан педагог қызметкерлердің барлығы өткен.
Мектепте 12 пән кабинеті жұмыс жасайды. Оның ішінде мультимедиялық кабинет, интерактивті тақтамен қамтылған физика, химия сыныптары заман талабына сай жабдықталған. Сонымен қатар оқушыларға арналған спорт залы, спорт алаңы спорттық қондырғыларымен және жасанды төсенішпен жабдықталған, акт залы және кітапхана жұмыс жасайды.
– Елдегі пандемияға байланысты оқу процесінде көптеген өзгерістер орын алды. Мектеп әкімшілігі қашықтан оқыту процесін, оның ішінде техникалық жағдайды ұйымдастыруды қамтамасыз етіп, жұмыс сапасын арттыруға бағытталған басқарушылық шешімдерді дер кезінде қабылдадық. Қажеттілігіне қарай педагогтар мен білім алушылар және олардың ата-аналарымен кері байланысты жүзеге асырып, интернет желісі мен байланыс құралдарына мүмкіндігі жоқ білім алушыларға көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылды. Індет кезеңінде аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсету, оларды қашықтан оқыту кезеңінде туындаған қиындықтарды шешу мақсатында ауылдағы шаруа қожалықтары өздерінің көмектерін аяп қалмады. Жас ұрпақты біліммен қамту мақсатында «C.Сейфуллин Жер» ЖШС-нің төрағасы О.Саймағамбетов 6 балаға, «Жандос» шаруа қожалығының төрағасы С.Арық 3 балаға, «Абай-Дәулет» ЖШС 10 балаға, аудандық білім бөлімі тарапынан мүмкіндігі шектеулі 8 балаға демеушілік жасалып, планшеттер сыйға тартылды. Мұның барлығы қиын күндерде оқушыларға жасалған үлкен жақсылық деп білемін, – дейді мектеп директоры.
Жақсы мен жайсаңда білім алып түлеп ұшқан мектептен әлі де талай білімді қанат қағатынына сенеміз.
Айдана ҚАЛИЕВА