Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көркем мінез – көркіміз

Көркем мінез – көркіміз

Ақын Абай Құнанбайұлының «Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сиясың» деген тағылымды сөзі бар. Расында, адамдағы мінез, болмыс, көзқарас пен басқа да ерекше қасиеттер абырой-беделдің артуына немесе мерей-мәртебенің төмендеуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан ескіден жеткен есті сөзде «көркем мінез көркіңді арттырады» делінген.

Қазақ көркем мінезді кі­сіні көрсе, «мінезге бай кісі екен» дейді. Яғни, ата-бабаларымыз қалыптасқан мінезді адамның рухани байлығы мен тереңдігінің таразысы, тәлім-тәр­бие­сінің, тектілігінің көрінісі ретінде бағаланған. Бұл қасиетті Ислам дінінде де құпталады. Себебі Пайғам­бары­мыз Мұхаммедтен (с.а.у) «Дін деген не?» деп сұрағанда адамзаттың асылы: «Дін деген – көркем мінез» деп жауап берген екен. Аталған сұрақ үш рет қойылса да жауап бір болыпты. Демек, біз мұсылман ретінде толық адам болғымыз келсе, әуелі мінез-құлқымызды дұрыстауымыз қажет.

Халық даналығында «Ұлық болсаң, кішік бол» делінген. Яғни адам баласы қай тарапта, қай талапта, қай деңгейде жүрсе де халықтан кіші екенін ұмытпағаны жөн. Бұл оның биіктерге құлаш сермеп, халықтың ыстық ықыласына бөленуіне негіз болмақ. Осы ретте мына бір оқиға еске түседі.

...Жасы сексенге таяған ардагер ағамыз бар еді. Ардагер деген аты бар болған соң сыйлап, құрметтейтінбіз. Бірақ жасы толысқанымен кемеліне келмеген, сөзі мен іс-әрекеті екі бағытта өрбіген, Абайша айтсақ, «толық адам» емес еді. Мінезіңдегі мін оның сексен жасқа дейін жинаған абырой-беделін жоққа шы­ғаратын. Орынды-орынсыз айт­қан сөзі, іс-әрекетінен көп­шілік жиіркенетін. Бірде әріп­тесіммен бірге жұмыстан қай­тып келе жатқанда әлгі ардагер кісіні аңғардық. Әдеттегідей сәлемдесеміз деген ой болған. Бірақ, әріптесімнің «көшенің келесі бетіне өтіп кетейікші» деген сөзі бағытымызды өзгертіп, ойға қалдырды. Кейін ойланып қарасам, мінезі жаман, не болса соны айтып, орынды-орынсыз сөйлеп, әркімді бір күстаналап, кінәлап жүретін адаммен уақыт өте келе көпшілік араласқысы келмей, бойын аулақ ұстайды екен. Ұғынған жанға бұл да бір өмір мысалы...

Бәрімізге белгілі, «Жұмсақ адам жұртқа жем, жұмсақ ағаш құртқа жем» деген тәмсіл бар. Көркем мінезді болу бәріне иліге беру деген сөз емес. Дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп айта білу де адамның адамдығын білдіреді. Алайда бәрі орнымен болуы қажет. «Ақылды адам алдырмайды» демекші, іштегі мінез-құлық толқынысын сыртқа жария етіп, көпшілік алдында абыройдан айырылып қалғандар қаншама. Сонымен бірге бірді-бірге қоспай, бір адамды екінші адамға жамандап, екінші адамды үшінші адамға өсектеп жүретіндер де бар арамызда. Мұның түбі жақсылыққа алып бармайтыны анық. Сол себепті, мінез тағдырдан емес, ар-ұяттан, тәрбиеден екенін ескеріп, көркем мінезді адам болуға ұмтылуымыз қажет. Әсіресе, мұны болашағы алда деп есептелінетін жас буын өкілдері есте сақтағаны жөн.

Фото:muslim.kz

А.ИБРАГИМҰЛЫ
03 тамыз 2024 ж. 134 0