Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірттері шыңға шыққан

Шәкірттері шыңға шыққан

Аудан көлеміндегі сан түрлі мәселеге байланыс­ты өз көзқарасын әлеуметтік желі арқылы білдіріп отыратын тереңөзектік Гүлмира Сәдуақасова басылыммен байланысын ешқашан үзген емес. Аудан үнжариясын үзбей оқитын аяулы ана редакцияға келіп, перзенттеріне тәлім берген ұстаздар жайлы мақала жазуды ұсынды. Расында, «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген тәмсілді берік ұстанатын Гүлмира Төлешбайқызының халық баласына бар ғұмырын арнаған ұстаздар қауымына құрметі ерекше.

Аудан орталығында орна­лас­қан №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектептен дарынды жастар қаулап шыққан. Бүгінде Света Сақтапова жетек­шілік ететін білім ошағында аға буынның ізі сайрап жатыр. Ұла­ғатты ұстаз біткен баланы білім нәрімен сусындатып, жетістікке жетелей біледі. Әрине, ата-ана үшін баласының сапалы білім алып, өмірден өзіндік жолын табуы маңызды. Ал Гүлмира Төлешбайқызы әрбір перзентінің қоғамда орны бар жан ретінде қалыптасуына жекелеген ұстаз­дың еңбегі зор екенін айтады.

– Қай кезде де, «Білімдіге дүние жарық» екенін балаларыма ұдайы айтып отырамын. Өз кезегінде білім ошағында абыройлы қызмет еткен Гүлшат Бөрітова, Бақыт Әбдуов, Әсем Көшербаева, Людмила Николайқызы, Ар­ша­гүл Мешітбайқызы, Жадыра Әкімтаева, Ақмарал Қаюпова, Күләш Игібаева, Гүлайым Шитманова, Айгүл Жаңабергенова, Маржан Отарбаева, Гүлнұр Жайлауова секілді ұстаздар қауы­мына айтар алғысым шексіз! Тары­дай болып кірген шәкіртті таудай қылып шығаратын мұғалім­нің бала тәрбиелеудегі еңбегі өлшеусіз. Өз кезегінде баламның жоғарғы жетістікке жетуі үшін жол нұсқап, тәлімін берген Марина Жұмабаева мен Сәлима Әлібаеваның есімін ерекше ата­ғым келеді. Осы күні мәртебесі биіктей түскен педагогика сала­сы­ның кез келген майталманы қызметімен даралана берсін, – дейді ардақты ана.
Алдағы уақытта жақсы менен жайсаңның ордасына ай­налған білім ошағы биік белесті бағындыра берсін дегіміз келеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото:ашық дереккөзден
30 шілде 2024 ж. 407 0