Еңбегі елге сіңген азамат
Еңбегімен еленіп, көптің алғысына бөленген, ғылым мен білімді дамытып, халық жадында есімі сақталған азаматтар Сыр өңірінде жетерлік. Түрлі салада, әртүрлі бағытта елеулі еңбек етіп, өз кезеңінде ел экономикасының дамуына үлес қосқан іскер басшы, ғалым Нұрман Жүндабеков туралы ой толғамақпыз.
Жастар жағы біле қоймас, үлкендер жақсы біледі, кезінде қойдың қаракөл тұқымынан жүн өндіріп, одан түрлі киім-кешек пен бұйым жасалған. Сол кездері бағалы болып табылған елтірі өндірісі біздің Сыр өңірінде де жақсы жолға қойылған еді. Қазір, өкінішке орай, елімізде қаракөл шаруашылығы тұралап қалды. Тері өңдеу жұмысы қарқыны бәсеңдеген. Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемнің елуге жуық елінде 31 млн бас қаракөл қойы болса, оның 130 мыңға жуығы ғана біздің елде өсіріледі.
Кезінде Қызылорда облыстық Қаракөл қой шаруашылығы тәжірибе станциясы мен Аманкелді атындағы эксперименталды қаракөл қой совхозы біріктіріліп, ғылым мен шаруашылықты ұштастырған. Асыл тұқымды қаракөл қойын көптеп өсірген шаруашылықта сол жылдары қой саны 40 мыңға дейін жеткен. Аталған шаруашылық облыстың ғана емес, республиканың қаракөл қойын өсіру жөніндегі өндірісінің локомотивіне айналып, ғылыми-тәжірибелік жұмыстардың орталығы, сондай-ақ совхоз директорларын оқытатын бірден-бір үйрену мектебі болған.
Қой шаруашылығының қарқын алып, облыс атын республика көлемінде танытуға үлес қосқан азаматтардың бірі осы Нұрман Әліұлы еді. Ол – Аманкелді атындағы эксперименталды қаракөл қойын өсіретін кеңшарды салалас ғылыми-тәжірибе станциясымен бірге 20 жылға жуық басқарған ғалым-зоотехник, биология ғылымдарының кандидаты. Кейіпкеріміз 1937 жылдың жазында Шиелі ауданының Мұстафа Шоқай ауылында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Орта мектепте алғашқы білімін жетілдіргеннен кейін Алматы қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институына түскен. Бес жыл бойы мал шаруашылығына қатысты білім мен тәжірибе алып, ғалым-зоотехник мамандығын алып шыққан. Үлкен қалада, белгілі оқу орнында білікті мамандардан алған тәжірибесін өмірінің соңына дейін жетілдіріп, туған жердің көркеюіне үлес қосқан азамат алғашқы еңбек жолын да Сыр елінен бастаған. Оқу бітіре сала жас маман ретінде Жаңақорған ауданындағы «Коммунизм» ұжымшарында аға зоотехник болып жұмыс атқарған кейіпкеріміздің әр жылдары атқарған жұмысы өмірлік тәжірибесін арттырып отырған. Бірнеше жылдан кейін облысқа қарасты Қарауылтөбе қой шаруашылығы тәжірибе станциясына ғылыми қызметкер болып ауысқан. Еңбек пен білімді ұштастыра білген азамат саланың жүгі ауыр екенін сезініп, білімін жетілдіре түсуді көздейді. Сөйтіп 1964 жылдан 1967 жылға дейін Қазақстан қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантура бөлімінде оқиды. Ал 1970 жылы «Қара және сұр түсті қаракөл қойының биологиялық ерекшеліктері мен өнімінің сапасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, «Биология ғылымдарының кандидаты» атағын алады. Кейін Қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының меңгерушісі, Қызылорда қаракөл қой шаруашылығы тәжірибе станциясының директоры қызметтерін абыроймен атқарған. Білікті басшы, тәжірибелі маман өзінің жаңашылдыққа құмар ізденімпаздығымен оң нәтижелерге қол жеткізіп отырған. Еңбек еткен жылдарында әркез тың идеяларды іске асырып, соңынан ерген мамандарға үлгі көрсете білген. Сол кездері елдегі қаракөл шаруашылығы дамып, оған Сыр өңірінің қосқан үлес салмағы басым болған. Әркез ізденіс үстінде жүретін ғалым Нұрман Жүндабеков біріктірілген Қызылорда қой шаруашылығы тәжірибе станциясы мен Аманкелді атындағы эксперименталды кеңшарды 18 жыл бойы басқарған. Өз кезегінде білікті басшы мал тұқымын асылдандыру мен мол өнім алу жолында аянбай еңбек еткен. Кейінірек облыстық мал тұқымын асылдандыру мекемесінің директоры қызметін абыроймен атқарған азамат облыстағы іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы университетте оқытушылық қызмет те атқарған.
– Аманкелді атындағы экспериментальды қаракөл қойын өсіретін кеңшарды мақсаты ортақ, салалас ғылыми-тәжірибе станциясымен бірге 20 жылға жуық басқарған ғалым-зоотехник, биология ғылымының кандидаты Нұрман Әліұлы алғашқы күндерден-ақ жалынды жұмысы, қарымды қызметімен көзге түсіп, ерекше құлшынысымен есте қалды. Оның тарапынан танылған мұндай тосын белсенділіктің түпкі сыры түсінікті де еді. Себебі, мұның алдында Қызылорда облыстық Қаракөл қой шаруашылығы тәжірибе станциясына жетекшілік жасағанда ол ескіше таптаурын тіршілік ағымынан арылып, жаңаша ғылыми жетістіктерге сүйенген әбжіл әрекеттерге көшу қажеттігін дер кезінде түйсінген. Оның қарауындағы тәжірибе станциясы әуелде тікелей Мәскеудегі «Союзкаракульпром» ғылыми-өндірістік бірлестігіне, кейіннен Шымкенттегі Қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институына, ал одан соң Қазақ КСР ғылым академиясына тікелей қарасты болды, солар арқылы ғылыми басшылық жасалып, қазынадан қаржыландырылды. Ал кеңшар шаруашылық есеп бойынша жұмыс істеп, негізінен өзін-өзі қаржылай қамтамасыз етті. Жас ғалым директордың жұмысты жаңа талапқа сай ұтымды ұйымдастыруының нәтижесінде кеңшар облыс және аудан басшылығының қолдауымен сол тұста жан-жақты үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Алдымен Аманкелді ауылы мен Сырдария ауданының орталығы Тасбөгетпен екі аралықта даңғыл асфальт жол төселді, қоныс ішіндегі шаңы шығып жатқан көшелер жөнделіп, қатты жамылғы жамылды. Ауыз толтырып айтарлық жағдайдың бірі – ондағы елді мекеннің әлеуметтік және өндірістік мақсаттары қыруар құрылыстарын дербес салуға арнайы кұрылып, дербес бекітіліп берілген №49 ПМК (жылжымалы механикаландырылған колона) қат-қабат жұмыстар жүргізді. Мұндай мәртебе мен сенім ол тұста облыс тұрғай, республикадағы басқа бірде-бір кеңшардың маңдайына бұйырмаған-ды, – дейді Аманкелді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов.
Атап айтқанда, өткен ғасырдың 70-80 жылдары 1100 гектардан астам жер инженерлік жүйеге келтіріліп, жоңышқа, жүгері мен бидай егілген. Үлкен жем-шөп цехы салынып, толық рационда түйіршік мал азығы қоспаларын шығарған. Табиғи жайылымға қосымша көпжылдық теріскен мен изен шөбі егіліп, Австрияның үрдісі бойынша әр екі гектарлық шаршыларға бөлініп, барлығы 13 мың гектар аумақ қоршалған. Бұл арқылы келешекте шопан кадрлары жұмысының тиімділігі мен өнімділігін арттыру көзделген. Осы мақсатқа Үкіметтен, сол кездегі Одақтың астанасы Мәскеу, Қазақстанның астанасы Алматы арқылы облысымызда тек қана Аманкелді атындағы эксперименталды совхозға ауыз толтырып айтарлықтай мол қаржы бөлінген. Ал ауқымды істердің сеніп тапсырылуы – кеңшар басшылығына көрсетілген зор сенім әрі үлкен еңбектің нәтижесі еді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аз ғана уақыт аралығында ауыл ажары адам танымастай өзгерген. Атап айтар болсақ, әлеуметтік және тұрмыстық инфрақұрылымды дамыту барысында совхозда германиялық үлгімен қос қабатты коттедждер, 624 орындық оқушыға арналған типтік жобадағы небәрі 8-ақ айда салынған мектеп пен әкімшілік кеңес ғимараты, озық үлгідегі 300 орындық мәдениет сарайы, балабақша, пошта үйі, 50 мейманға арналған қонақүй тұрғызылып, елдімекенді электрлендіру, көшелерін асфальттау, таза ауыз сумен қамтамасыз ету толық шешілген. Уақыт сынынан сүрінбей өткен аталған құрылыс нысандары күні бүгінге дейін сыры да, сыны да бұзылмай, тап күні кеше ғана соғылғандай сол баяғы қалпында ауыл адамдырының игілігіне қызмет жасауда. Бұндағы елдің сол үшін де атқарушы азаматтарға айтар алғысы шексіз, ризашылығы телегей теңіз.
Білікті басшы әрі ғалым Нұрман Жүндабековтің еселі еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде сол тұстарда Аманкелді атындағы кеңшарда сұр қаракөл қойының саны 41 мың басқа жеткен. Тіпті елтірі сапасы жөнінен бұл совхоздың өнімі республикада бірінші орынға ие болып, көлемді кіріс те кіргізіп отырған. Совхозда кәрі саулықтарды бордақылап, етті бағытта да пайда түсірілетін. Бордақылау алаңында мал азығын дайындау да кеңшар құрамындағы арнайы цехтарда жүзеге асырылатын.
– Кеңшарда «Шопан ата» сауықтыру профилакторийы ашылып, бұл шипажай мен минералды су күні бүгінге дейін облыс еңбеккерлерін сауықтыруға үлес қосып келеді. Нұрман Жүндабеков мал шаруашылығы резервтерін толық іске қосу мақсатында көп жылдан бері ойлана-толғана еңбек етті. Қажыр-қайраты мен қарым-қабілетін қару еткен қажырлы директор тың идеялардың кені еді. Сонымен қатар ол қиялдап қана қоймай, қаперіне алған қандай да жақсы жаңалықтарды жедел жүзеге асыруға ұмтылған. Осындай озық ой-өрісі оны республика, одақтан асырып, шетелдерге өзінің кәсіби саласындағы үздік үлгілерді үйренуге алып шықты. Сырт жақтағы кәсіпкерлермен екі жақты тиімді келіссөздер жүргізуге қол жеткізілді. Оларға өз мамандарын жіберіп, озық тәжірбиеге баулып, шетелден мұндағы өз адамдарын үйретуге мамандар шақырылды. Ұзақ жыл бойғы Венгрия, Чехославакия, Индия мемлекеттері мен Латвия республикасымен нәтижелі цех құрылып, жұмыс істей бастады. Ал ең бастысы, Мәскеу қаласындағы Оңтүстік Кореяның «Джиндо Русь» фирмасымен бірлесіп, қаракөл елтірісін өңдеп, бағалы бұйымдарды дайындап, сату ісі жолға қойылды. Осыдан жылына 5,5 млн сом пайда түсті. Бұл бір кеңшар үшін Одақ көлеміндегі қаракөл қойын өсіруші шаруашылықтар бойынша рекордтық табыс көрсеткіші еді, – дейді Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ардагер Мырзағали Кенбаев.
– Өмірінің соңғы жылдарында әкеміз Нұрман кәсіпкерлерге қой шаруашылығын жаңаша ұйымдастырудың ұтымды бағдарламаларын жасап, кластерлерін кұруды үйретіп, жұмысты ғылыми негізде жолға қоюға келелі кеңес беріп қана қоймай, нақты көмек көрсетуден жалыққан емес. Сондай-ақ әкеміз Сыр өңірі ат спортының алғашқы негізін қалаушы, 4 бірдей ұрпағы хас тұлпарларды баптаған, бәйгеге шапқан атсейістер, ал өзі облыстық қоғамдық ат спорты федерациясын 10 жыл басқарып, облыстың абыройын асқақтатқан. Өзінің 60 жылға жуық саналы өмірін ел несібесін еселеуге арнаған ауыл шаруашылынының нағыз кара нары, сирек жанашыры, әкеміз Нұрман қандай кұрметке де лайық. Советтік үздік Агрокешеннің негізін қалап, бүкіл инфрақұрылымын жасап, үлкен озық экономикалық көрсеткіштерге жеткен агроөнеркәсіп саласының майталманы, саңлақ ардагері, әкеміз Нұрман Әліұлының ерен еңбегін ескеріп, ауданнан немесе Аманкелді ауылынан бір көше берілсе, нұр үстіне нұр болып, тарих пен тарихи тұлғаға көрсетілген құрметтің озық үлгісі болар еді, – дейді кейіпкеріміздің ортаншы ұлы Қанатжан Нұрманұлы.
Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен азаматтың еңбегі лайықты бағаланып өз кезегінде халықаралық симпозиум дипломымен, Халықтар достығы орденімен, Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің алтын медалімен, облыстық атқару комитетінің грамотасымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Жұбайы Базаркүл Төлебаевамен бес бала тәрбиелеп, өсірген. Ұрпақтары денсаулық сақтау, сот және кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етуде. Ұл-қызына лайықты тәлім мен тәрбие беріп, балаларының бәрін аяқтандырған ардақты ана бүгінде немере-шөберенің қызығын көруде. Сексеннің сеңгіріне шыққан кейуана әркез ел-жұрттың тыныштығын, отбасының амандығын батасына қосады. Ал кейіпкеріміз Нұрман Жүндабеков 2017 жылы дүниеден озған. Айтулы азаматтың еңбегін бүгінгі күні келер ұрпаққа насихаттаудың маңызы зор.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі