Елдегі елтірі өндірісі неге тұралап қалды?
Ерекше үйлесімді бұйра жүнді теріден тігілген тон мен бөрік немесе сондай жағасы бар пальто... Бұл киімдердің қолданыста кезін көрген соңғы буын – ХХ ғасырдың аяғында дүниеге келген біз шығар. Әлі есімде, кішкентай күнімізде үлкендер жағы бұйра толқынды әдемі тон киетін еді. Оның өзі ілудің біреуінде кездесетін. Ондай тондар күнге шағылысып, жалт-жұлт етіп, көзді тартатын. Бала болсақ та, әдеміні біліп, қызыға қарап жүргеніміз – қаракөл елтірісінен тігілген тон еді. Өкінішке қарай, қаракөл шаруашылығы туралы қазір өткен шақта айтуға тура келеді. Себебі, елімізде қаракөл шаруашылығы тұралап қалды. Мысалы, әлемнің елуге жуық елінде 31 млн бас қаракөл қойы болса, оның 130 мыңға жуығы ғана біздің елде өсірілуде.
ҚОЛДА БАРДА АЛТЫННЫҢ ҚАДІРІ ЖОҚ
Қаракөл қойы – Шопан ата түлігінің ең бағалы тұқымдарының бірі. Ал оның қозысының терісі тіптен құнды. Туғаннан кейін 2-3 күн ішінде сойылған қозының терісін өңдеп, иін қандырып, бабына келтіріп дайындалған бұйым мен өнім сапалы әрі сұранысқа ие. Десек те, бүгінгі таңда тері өңдеу жұмысы қарқыны бәсеңдеп отыр. Басты себеп – қаракөл қойының азаюы. Соның салдарынан өңделетін шикізат та азайып, өнеркәсіпке кері ықпалын тигізген. Ғалымдардың есебінше, қаракөл қойы түрлі шипалы шөптерді іздеп жүріп жейтін көрінеді. Және түрлі өсімдіктердің тамырын да талғап жейтін жануардың дене тұрқы кішілеу болғанымен, еті дәмді, терісі бағалы. Сирек кездесетін қаракөл қойы құндылығы жағынан жылқыдан кейінгі тұғырға орналасады деп пайымдайды ғалымдар.
Шындығын айтқанда, бізде қаракөл қойын өсіретін шаруашылықтар жоқ емес. Мысалы, 2016 жылдан бастап «Қаракөл қой тұқымдары» республикалық палатасы жұмыс істейді. Бүгінде палата 12 шаруашылықты біріктіріп отыр. Онда 130 мыңдай бас асыл тұқымды мал тіркелген.
Тілшілікті Тәңір кәсіп қып берген соң, түрлі жиын мен басқосуға қатысып жүрміз. Көпшілік бас қосқан арнайы жиындарда ел ішіндегі негізгі мәселелер талқыланады. Бірде кәсіпкерлік жай-күйі сөз болған кезекті жиналысқа қатыстым. Бір кейіпкер өзінің белгілі бір мақсатта тері іздегенін, онысын еш жерден таппағанын айтып жатты. «Жолдасым «Тері керек болса, қоқыс тастайтын жерден іздесеңші» деді. Қызық болса да айтайын, содан қоқыс араладым. Расында мен іздегенімді таптым» деп және қосты ол. Әрине ол кісінің қоқыстан тапқаны қаракөл елтірісі емесі анық. Десек те, бұрынғы ата-бабаларымыз техника дамымаған кездің өзінде теріден түрлі киім-кешек, мықты бұйымдар жасаған. Ал қазіргідей жоқтан бар жасауға болатын заманда мал терісін өңдеп, адам ойламаған дүниелерді жасап шығаруға болатыны да рас. Әсіресе, әлгіндегідей бағалы дүниелеріміз өзімізде өңделмей, шетел асып жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Қазақстан тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеевтің сөзімен айтқанда, осылайша «былғары өндірушілер тері илеудің орнына зар илеп жүр».
ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ АУЫР ЖОЛЫ
Шөлді, шөлейтті, құрғақ жерлерде тіршілік етуге бейім болғандықтан қаракөл қойы еліміздің оңтүстік бөлігінде көп кездеседі. Үлкендердің айтуынша, аталған өңірлерде кезінде қаракөл өндірісі жақсы дамыған. Бүгінгі таңда өңдеуші кәсіпорындардың біртіндеп жабылып қалуы елтірі құнын кетіріп отыр. Ал шетелде өңделген үш күндік қозы терісінен тігілген тондар әлемдік аукциондарда құнды тауар болып табылады.
Осыдан үш жыл бұрынғы дерек бойынша Түркістан облысында бар-жоғы 38 мың бас қаракөл қойы қалған екен. Сонау заманда Орта Азия халықтары түрлі тұқымдардан шағылыстырып алынған қойдың қаракөл тұқымының еттен басқа өнімдерін өңдеу жайы сын көтермейтіні бұрыннан айтылып келеді. Бірақ, неге екені белгісіз, мәселе көтерілгенімен, баяғы жартас сол жартас күйінде қалып тұр. Алтайды айта беріп қартайған «апамыздай» көтерілген мәселенің түйіні тарқатылар емес.
Мысал келтірейік, сөзіміз дәлелді болсын. Осыдан аттай жеті жыл бұрын Парламент қабырғасында өткен «Жеңіл өнеркәсіпті дамыту, оны қалпына келтіру мен жаңғыртудың кейбір мәселелері» тақырыбын арқау еткен Үкімет сағатында сол отырыста ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов қосымша баяндама жасады. Онда жеңіл өнеркәсіптің жай-күйі баяндалып, өз ретінде түйіткілді мәселелерді шешу жолдары да сарапқа салынған. Сейітсұлтан Әйімбетов өз баяндамасында «Қазақстанда климаттың, сапалы жем-шөп базасының және табиғи селекцияның арқасында тері сапалы әрі жоғары сұранысқа ие болады. Алайда, өкінішке орай, біз мынаны атап өтеміз. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының деректері бойынша 2012 жылы елімізде 10 млн дана өңделмеген тері өндірілген. Оның ішінде 2 млн данасы экспортталған, ішкі өңдеуге 1,7 млн дана жіберілген. Импорт мүлдем жүзеге асырылмаған дерлік. 6,3 млн дана өңделмеген тері «көлеңкеде» қалып отыр және «қара» және «сұр» экспорт схемасы арқылы заңсыз жолмен елден шығарылған» деген дерек келтірген. Теріні жоғары өңдеуге дейін жеткізіп, дайын өнімді экспортқа шығаруға болатыны, өңделген теріні сатқанға дейін тері шикізатының сатып алу бағасын 20 есеге, дайын өнім шығарған кезде 70 есеге дейін көтеруге болатыны да баяндалған. «Сондықтан әкімдіктер бизнеспен бірлесіп, сатып алу-дайындау кеңселерін ашу жұмыстарын жүргізуі керек. Бұл ретте, дайындау кеңселерін теріні кейіннен отандық тері зауыттарында өңдеу үшін оны бастапқы өңдеуге міндеттеу керек» деп мәселенің шешу жолын да айтқан.
Қаракөл шаруашылығын дамыту бойынша өзекті мәселені осыдан екі жыл бұрын сенатор Дана Нұржігіт те көтерді. Депутат сауалына жауап берген сол тұстағы ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин қойлардың қаракөл және биязы жүнді тұқымдарын өсіру қолдан ұрықтандыру әдісімен жүзеге асырылатынын, бұл жоғары шығынды және білікті мамандарды талап ететінін ескере отырып, 2015 жылдан бастап қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыруға қой шаруашылықтарының шығындарын субсидиялау жүзеге асырылып жатқанын алға тартқан. Бірақ содан бері де екі жылдай уақыт өткенімен, «баяғы жартастың» күйі бұрынғыдай.
ҚОЙ ӨСІРУДЕН АФРИКА АЛДЫҢҒЫ ОРЫНДА
1990 жылдары елдегі қаракөл тұқымының саны алты миллионнан асқан. Ойлап қараңызшы, тек аналығының өзі 70 пайызды құраған. Жыл сайын 2,5 миллион қаракөл елтірісі өңделген. Өкінішке орай, аталған асыл тұқымның жиырма жылда жалпы саны алты есеге қысқарған. Яғни, 2010 жылы бар-жоғы 1 миллион бас қалса, бүгінде бұл сан да арманға айналып отыр. Тіпті қаракөл қойының саны жүз отыз мың басқа да жетпейді.
Қазіргі таңда көл-көсір пайданың көзін білген Намибия, Ауғанстан мен ала шапанды ағайындар бағалы теріні әлемдік нарыққа шығарушылардың көшін бастап отыр. Қара құрлықтағы ең бай ел саналатын Намибияға қаракөл елтірісі өндірісі өткен ғасырдың басында бұхара қойының әкелінуімен басталған. Аталған өнеркәсіп түрі бұл мемлекетке жылына бес-алты миллион доллар табыс кіргізеді екен. Ал Ауғанстанда қаракөл өндірісі 1920 жылдары пайда болып, жолға қойыла бастаған.
Қазақстандағы қаракөл тұқымын өндіріп, елтіріні өңдеу жұмыстарын жүргізу де шамамен осы кезеңде қолға алынған. Бірақ қаракөл елтірісін өңдеудің даму белесі кейінірек кезеңдерге сәйкес келеді. Яғни 1960 жылдардың бас кезінде Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылып, еліміздің бірқатар өңірлерінде мамандандырылған кеңшарлар пайда бола бастаған. Атап айтар болсақ мұндай шаруашылықтар Шымкент (Түркістан), Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау облыстарында құрылған. Кеңшарлар саны сол кезде жүзден асып, Шымкент қаласында қаракөл елтірісін өңдейтін ірі қаракөл зауыты салынып, іске қосылған. Тіпті 1980 жылдардың басында елдегі өндіріс өркендеп, КСРО-да өндірілетін қаракөлдің 36 пайызы Қазақстаннан шығып отырған. Салмақтап көрсек, бұл дегеніңіз үлкен жетістік еді.
Аталған өнеркәсіп түрінен түсетін пайданың көл-көсірлігі өзге мемлекеттердің дәл осы салаға қызығушылығын туғыза бастады. Түркіменстан және РСФСР-дің жекелеген облыстары Шопан ата түлігінің осы тұқымын өсіруді көптеп қолға алды. Еліміз қаракөл елтірісін өндіруден алдыңғы қатарға шыға бастады. Дайын өнім жасап, оның үштен бір бөлігі шет елдерге де сатылған. Нәтижесінде ел экономикасына едәуір пайда келген. Елде қалған өнім тон тігу үшін Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларға жолданып отырған.
МАЛ ӨСІРСЕҢ, ҚОЙ ӨСІР...
Мал шаруашылығы саласының ішінде қаракөл қойын өсіріп және баптауға ерекше дағдыланған аймақ Қызылорда өңірі болды. Бұған ең алдымен жоғарыда атап өткеніміздей ауа-райының ыңғайлылығы себеп болған. Ыстық пен құрғақ аймаққа бейімделген жануарды сулы, нулы ортаға апарып өсірсе, өнімнің бағалылығы кемуі мүмкін дейді арнайы мамандар. Қызылорда өңірінде қаракөл тұқымын өсіру бір кездері күріш өсіруден кейінгі орындағы кәсіп түрі болған. Мысалы, аймақтағы 60 совхоз күріш өсіруге бейімделсе, 30 кеңшар қаракөл қойын өсірумен айналысқан. Әрбір шаруашылықта 40-60 мың бас ерекше тұқымды қой өсірілсе, облыс бойынша қаракөлдің жалпы саны бір жарым миллион болған. Ал сол кездерде арнайы өнім шығарған Шымкент зауытының жылдық айналымы бүгінгі күнмен есептегенде 20-25 миллиардқа жететін еді. Қаракөл қойының күтімі де шаруалар үшін аса қиындық туғызбайтын. Сондай-ақ терімен қоса еті мен жүнінен де жақсы табыс түседі. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген осыған бағытталып айтылса керек.
Бірақ кейін жағдай күрт өзгерген. Себеп – социалистік басқару жүйесінің «жаңа талаптары». Тарқатып айтайық.
Бұрын шопандар совхоз малын жаз жайлауда, қыс қыстауда бағып, сол үшін тиісті жалақысын алатын еді. Ал үкімет оларға қаракөл терісін, етін, жүнін алудан жоғары көрсеткішке жетуді тапсырады. Жоспарды асыра орындағандар арнайы марапатталады. Содан шопандар жаңа әдіске көшеді. Өнімді көбейту үшін мал шаруашылығында гормоналды дәрілік зат ретінде қолданылатын биенің сарысуын пайдалана бастайды. Қаракөл қойлары қалыпты жағдайда бір қозыдан көбейіп отырады. Екі қозы туылған жағдай ілуде бір кездеспесе, ондай көп бола бермейді. Ал 70-жылдары әр жүз аналықтан 180-200 қозы алған шопандар газет бетінен түспей, көпшілікке «үлгі» етіле бастады. Қалай дейсіз бе? Шопандар әлгінде айтқан дәрілік затты шамадан тыс пайдалануға көшкен. Қой басын көбейтіп, одан алынатын өнім көбейгенімен, бұл тактика құнарлы қой тұқымының сапасын төмендетіп жіберген. Жоғары өнім алу, орден мен медальге, ақшалай сыйлыққа деген адамдардың ашкөздігі қаракөл қойына кесірін тигізіп, сапасын кеміткен. Бұны дер кезінде түсінген сол кездегі Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков бие сарысуынан жасалатын дәрілік затты қаракөл қойына беруге тыйым салған.
Облыс қана емес, республиканың сол кездегі алға қойған мақсаты біреу болды. Ол – қаракөл тұқымын өсіруді барынша шекті деңгейге жеткізе отырып, қой шаруашылығынан алда тұрған Өзбекстанды басып озу. Бірақ бүкілодақтық қаракөл өндірісінің жартысына ие болу жоспары орындалмады. КСРО ыдырағаннан кейін асыл тұқымды қойлардың көпшілігі еттілік бағытта өсіріле бастады. Ет өніміне сұраныс артып, қой шаруашылығы осы бағытқа басымдық берді. Тіпті Араб елдері қаракөл қойларын терісі үшін емес, майлылығы аз, құнары молдығына қызығып сатып алады екен. Нарық заманында күнкөріс деп өз пайдасына жүрген шаруалар да қойдың етті-майлы тұқымын көбейтуді қолға ала бастаған.
ҚАЗАҚТАР ЖОҒАЛТҚАН, ӨЗБЕКТЕР САҚТАҒАН…
Қаракөл қойын өсіруден бір кездері көш бастаған өңірлерде кейінгі кезеңдерде де аталған саланы жандандыруға талпыныстар болған. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ. Ал көршілес өзбек ағайындарда өнеркәсіп бұрынғыдай қарқын алмаса да, елтірі өңдеу кәсібі тұрмыстан біржола шығып қалған жоқ. Әсіресе, Өзбекстанда тұратын қазақтар ерекше тұқымды қой шаруашылығын жандандырып отыр. Мұнда қазіргі таңда да қаракөл елтірісінен киім-кешек пен бас киім тігетін кәсіпорындар жұмыс жасайды. Ал елге сырттан келетін туристер көздің жауын алатын өнімдерді жоғары бағамен сатып алуға да қарсылық танытпайтын көрінеді.
Сондай-ақ ала шапанды ағайындар тігуге дап-дайын болып әбден өңделген теріні шетелге сатылымға да шығарады. Ресми деректерге сүйенсек, бір ғана «Бұқара қаракөлі» ЖШС жыл сайын 30 мың тері өткізіп, оның әрқайсысын 250-300 долларға пұлдайды. Қолда бар байлықты ұтымды пайдалану үшін өзбек үкіметі арнайы заң жобасын да қабылдаған. Ол бойынша қой басын көбейту мен аталған саланы ғылыми негізде жетілдірудің, шикізатты өңдеудің түрлі тәсілдерін ұйымдастыру жұмыстары жүйелі жолға қойылады. Тіпті қаракөл қойынан көл-көсір пайда тауып, ел экономикасын өркендетуге үлес қосушыларға қолдау көрсететін арнайы қор да құрылыпты.
Сараптамамызды саралай келе, мақсатымыз біреуге сын айтып, мін тағу емес екенін айта кеткіміз келеді. Десек те, еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарының аса бағалы қой тұқымын көбейтуге жан-жақты қауқарлылығы қолға қалам алып, мәселені көтеруімізге себеп болды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті төрағасының сөзімен түйіндесек, «Қазақстан аграрлық ел болғанына қарамастан, бізде тері дайындау және өңдеу жөніндегі кәсіпорындар қалған жоқ деп айтуға болады. Бұдан басқа, республикамыз өзінің артықшылықтарын, яғни тері өндіру бойынша Орталық Азиядағы үстем жағдайын: географиялық жағынан қолайлы орналасуын (орасан үлкен Қытай нарығына жақын болуы) пайдалануы тиіс. Мұның барлығы Қазақстанға бүкіл Орталық Азияда тері шикізатын өңдеу жөніндегі өңірлік процессингтік орталықтың орнын иеленуге мүмкіндік береді.»
ТҮЙІН
Қарап тұрсаңыз, туғанына үш күн болған қозыны көзін жәудіретіп терісі үшін сойып салу жан түршіктіреді. Бірақ дінімізде көрсетілгендей, жануарда жазық болмаса, адамға азық керек. Бір жағынан жануарды аяу да орынсыз. Тек сала мамандары санын реттеп, өңдейтінін өңдеуге жіберіп, қой басын азайтып алмауды ескеріп отырса болғаны.
Бүгінде қой саны жылдан жылға азайып, жүні мен терісі тіпті пайдаға асудан қалып барады. Мамандардың айтуынша басты себеп – мемлекет тарапынан қолдаудың аздығы. Сондай-ақ халық арасында өндірістен гөрі нақты өнімге сұраныс артқан. Яғни ет өніміне сұраныс көбейген. Нәтижесінде қой шаруашылығының осы бағытына қарай ойысу орын алған.
Десек те, әлем бір орында тұрған жоқ. Күн санап әлеуеті артып тұрған елдерге ілесіп отыру керек. Ол үшін даму, жаңа өнеркәсіп, өндіріс түрін тауып, әлемдік нарықта сұранысқа ие болу маңызды. Яки, «қолда бар алтынның қадіріне жету» қажет. Бір ел ғана емес, түгел әлем барынша техника мен өндіріс жолына, кәсіпкерлікке бет бұрған қазіргідей кезеңде қойдың басын мүжіп, сорпасын тоя ішумен шектелу аздық етіп тұр.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ