«Қараөзектің» Халықовы
«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір», − дейді халық даналығы. Сол айтқандай мыңғыртып ақтылы қой өргізген, одан мол өнім өндіріп, бұрынғы Тереңөзек ауданының шопандарының көшін бастаған қой өсірудің майталман шебері Ахмет Халықов еді.
Ауданда «екінші тың» аталатын қой шаруашылығы саласынан Социалистік Еңбек Ері атағын алған да, жалғыз өзі болатын. Ахмет аға Тереңөзек ауданының «Қараөзек» қаракөл қой өсіретін кеңшарында ұзақ жыл аға шопан болып, қажырлы еңбек етті.
Ахмет Халықов 1926 жылы Сырдария ауданының аумағында дүниеге келген. Шопандық еңбек жолын 1949-1950 жылдары көрші Шымкент облысының «Көксу» кеңшарында бастаған. Одан кейін «Қарөзекке» көшіп келіп, төл кәсібін жалғастырады. 13-14 жыл аға шопан болған еңбекқор азамат қой шаруашылығынан едәуір тәжірибе жинақтап, төл есебінен мал басын көбейтуге елеулі үлес қосады. Сөйтіп, 1963 жылы қарамағындағы әр жүз саулықтан 160-тан қозы алды. Мұндай елеулі жетістігі үшін аға шопан «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Келесі жылы бұдан да зор табысқа жетті. Әр жүз саулықтан 185-тен қозы алып, әр қойдан 3,1 келі жүн қырықты, қаракөл елтірісінің 82 пайызын бірінші сортпен өткізді. Осындай орасан зор жетістігі үшін Ахмет Халықовқа КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1965 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Майталман аға шопан көп жылдар бойы ауылдық, аудандық Кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. А.Халықовтың отбасында екі батыр болған. Біріншісі Ахаңның өзі, екіншісі көп бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана Толқын атты жары.
− «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол», − дегендей Ахмет ағамыз бен Толқын жеңгеміз еңбекқорлығынан бөлек, қолдары ашық, қонақжай жандар еді. Үйлерінен қонақ арылмайтын. Біз шаруашылыққа келген өкілдерді Ахаңның үйіне алып баратынбыз. Аға шопан өзі бағып жүрген қойынан бөлек төрт түлікті ұстайтын.Зайыбы түйе сауатын. Үйінен қымыран арылмайтын. Бұл отбасы еңбекқорлығымен, балаларының тәрбиесімен шаруашылық тұрғындарына үлгі еді. Ахаңның үлкен ұлы Мүсілім 1974 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, әкесінің ақ таяғын ұстап екі жыл қой бақты. Шаруашылық жолдамасымен арнаулы оқу орнында оқыды. Оны бітіргесін шаруашылықта зоотехник, бөлімше басқарушысы болып кеңшар тарағанша еңбек етті. Қазір Мүсілімнің баласы Ғамзат атасының құтты мекені Сексенбай учаскесінде «маң-маң басқан маң басқан, шудаларын шаң басқан» түйе түлігін өсіріп, ата кәсіпті жалғастыруда, − дейді кезінде «Қараөзек» кеңшарында бас мал дәрігер болған ардагер ағамыз Қайырбек Жүсіп.
Сол кезде шаруашылықта 41 мың бас қой болыпты, «Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткіземіз» деген ұран болған сол уақытта. Елдің шопандары сол межеге жетті ме, жетпеді ме беймәлім. Бірақ та «Қараөзектің» Халықовы аудан шопандарына ерең еңбегімен үлгі болғаны анық.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған Ғамзат Ахметов ата қонысында дала кемесі түйе өсірумен қатар, төрт түлік малдың барлық жайын жасап отыр. Сөйтіп, кәсіпкер жігіт қаланы етпен, сүтпен қамтамасыз етуде.
«Мал баққанға бітеді» дегендей оның бойында қанмен берілген еңбекқорлық, малсақтық басым. Олай болса ата кәсіптің көсегесі көгеретіні анық.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ