Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАННЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

АУДАННЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЗОР


«Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын». Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында осындай міндет қойды. Яғни, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегилық жолын тауып, ілгерілетуді тапсырды.
  Қазақстан Республикасының Инвестициялар және Даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың қарашасына дейін Қазақстанда 2 млрд. долларға жуық 114 млн. тонна азық-түлік тауарлары экспортталған. Атап айтқанда, Ауғанстанға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Иранға, Қытайға өсімдік майы мен бал, ет және құс өнімдеріне сұраныс артқан. Оның ішінде, Жаңақорған ауданынан бір ғана «Көбелдес» шаруа қожалығы Иранға 850 бас қозы экспорттаған. Бұл жөнінде біз аталмыш қожалықтың төрағасы Нышан Молдашевтан білдік. Шаруаның айтуынша, асылтұқымды қой шаруашылығының бір артықшылығы – қазақы қойдың өсімі һәм өтімі де жақсы екен. Оған қоса, өңірде алғашқылардың бірі болып, малды қолдан ұрықтандыру әдісін қолданған. Және де қойлардың да қоңдануына аз ғана уақыт кетеді. Осылайша, асылтұқымды қой шаруашылығына ден қойған қожалық төрағасы алдағы уақытта да шетел нарқына шығуды еселей түсетінін жасырмады.
  Сондай-ақ, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алған мәліметке сай, өткен жылы жалпы 1130 бас қозы Иран мен Біріккен Араб Әмірлігіне, 288 бас қаракөл қойы Маңғолияға экспортталған. Жайылманың бренді болған бақша өнімдері де шетел асқан. Жалпы, аудан бойынша 4854 тонна бақша өнімі экспортталса, оның 4754-і жайылмалық диқандардың дәмді қауын-қарбызы.
  – Жайылма ауылы қашанда бақша және көкөніс өнімдерімен танымал. Жылдан жылға бақша дақылдарын ерте пісірудің әдісін дамытып, көшеттеп егу тәсілін қолға алғалы жақсы нәтиже беруде. Және аудан әкімі Ғалым Әміреевтің бастамасымен ауыл диқандары өз өнімдерін Жаңақорған кентінен, Қызылорда қаласынан, ауыл іргесіндегі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойынан арнайы ашылған базарда саудалауға мүмкіндік алды. Оған қоса, жайылмалық диқандар Ресейге 4754 тонна қауын-қарбыз экспорттады. Бұл да болса, брендті бақша өніміне шетел нарқында сұраныстың мол екенін байқатады, – дейді Жайылма ауылдық округінің әкімі Талғат Зейдалиев.
  Оның қатарында, ауданда агроөнеркәсіп өнімдерінің әлеуетін арттырып, экспорт көлемін өсіру де күн тәртібінде. Осы орайда, жаңақорғандық «Тасболат-А» ЖШС-не қарасты тәулігіне 60 тонна күріш ақтауға қауқары бар зауытты айтуға болады. Бұл зауыттың құрылғанына көп уақыт болмаса да республика өңірімен қатар «Тасболат-А» брендіндегі сыр маржанын шетелге экспорттауда.
  – Жалпы, былтыр Жаңақорған ауданында 1046 гектар, Шиелі өңірінде 1280 гектар аумаққа сыр салысын ектік. Өнім жақсы болды. Бүгінде Кедендік одақтың мүмкіндігін пайдаланып, Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға «Лидер», «Фаворит» элиталы күрішті экспорттадық. Өздеріңізге белгілі, екі жыл болды дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке ендік. Енді отандық өнімді өзгеде шетел мемлекеттерге саудалауға даңғыл жол ашылды. Оған біздің мүмкіндікте бар. Өйткені, біздің күріш ақтау зауыты бәсекеге қабілетті. Елбасы Жолдауында айтылғандай, зауыт соңғы үлгідегі қытайлық автоматтандырылған аппаратпен жабдықталған, – дейді «Тасболат-А» ЖШС директоры Бақытжан Тасболатов.
12 мамыр 2018 ж. 920 0