Қиындыққа мойымаған азамат
Өмірге 1936 жылы келген Әбдірдің балалық шағы Ұлы Отан соғысының қызып тұрған шағына тұспа-тұс келді. Әкесі Жұмабай соғыстан қайтпады. Тіпті қара қағаз да келген жоқ. Ал анасы бала үстінде қайтыс болып, өзінен 5-6 жас үлкен апасы екеуі жетім қалды. Сөйтіп, ағайындылардың үйінде бірде аш, бірде шалақұрсақ тоқ болған күндер өтіп жатты. Сол кездерде көрші Жалағаш кентінде балалар үйі болған көрінеді. Әбдір бұл кезде 8-9-дар шамасында, апасы Рәш 13-14-терде болса керек. Осы балалар үйіне ағайындары ақылдаса келіп, екеуін де орналастырады.
Кейін әлдебір себеппен бұл балалар үйі Петропавл қаласына көшетін болады. Міне, осы жерде Әбдір апасынан ажырап Петропавлскіден бір-ақ шығады. Содан кейін қос мұңлық бір-бірінен ажырап қалған. Сонымен Әбдірдің өмірі ауылдан жырақта өткен. Ал апасы бұл кезде әлдебір ұшқышқа күйеуге шығып кеткен еді. Алайда сұм тағдыр Рәш апаның маңдайынан сипай қоймады. Ұшқыш күйеуі соғыстан оралмады. Бұдан кейін Рәш апа Қармақшы ауданының 3-ші Интернационал колхозында әркімнің есігінде күн көріп жүрді. Осы кезде әлдебіреулер араласып Рәшті өзінен бірнеше жас үлкен Омар есімді шалға күйеуге беріп жібереді. Кейіннен бұл екеуінен Айткүл есімді қыз дүниеге келеді. Ол кісінің бұрынғы әйелінен екі баласы бар болатын. Ал, Айткүл қызы қазір осы Тереңөзекте, тұрмысқа шығып, ұл-қыз өсіріп отыр. Бұл, кезде Әбдірдің өмірі Петропавлда балалар үйінде өтіп жатты. Ондағы тәрбиеші Мария Федоровна деген орыс әйелі Әбдірмен корей және орыс ұлтының ұл-қызын өкіл бала ретінде асырап алады. Мен Әбекеңнің орыс шешесін Алматыда көрдім. 1970 жылы Әбекеңнің өтінішімен бұл кісінің үйіне соққан едім. Осы жерде айта кететін бір мәселе Әбдірдің әйелі Ұлбосын – менің немере апам. Яғни, Әбдір – менің жездем. Марқұм Ұлбосын апамның анасы кішкентай кезінде қайтыс болған. Әкесі де ертеректе о дүниелік атанған.
Сөйтіп, ол біздің үйде тәрбиеленді. Кейін Әбекеңе тұрмысқа шықты. Сондықтан Әбдірдің жоғарыдағы өтінішті айтатын реті бар-тұғын. Мария Федоровнаның кәрі шешесі бар екен, мен ол кісіні де көрдім. Мен олардың үйіне соққан кезде ол кісі пақуатты еді. Көзілдіріксіз жемпір тоқып отырды. Кейін білгенімдей, бұл кісі Қазақстандағы алғашқы коммунистердің бірі екен. Әбдірді Петропавл қаласындағы техникумның механика бөліміне оқуға түсіреді. Техникумды бітірген Әбдір әскер қатарына шақырылып, Тамбов облысының Котовск қаласында әскери борышын өтейді. Ол кезде әскери борыш мерзімі үш жыл болатын. Әбдір әскерден оралғаннан кейін Петропавл қаласына қайтып келіп, тың игеруге араласады. Өмірдің небір соқпағынан өткен Әбдір есейіп оң-солын ажырататын азамат болды. Заман түзелген, ел іші тыныш, халық тоқ. Бірақ оның көңілі алаңдаулы еді. Оның бар ойында туған жері мен бауыры Рәш апасы, ағайын-туыстары еді. Күндіз-түні осыларды ойлайтын. Ақыры ол арманы да орындалды. Бұл – 1967 жыл болатын. Әбекең 1968 жылы Ұлбосынға үйленді. Осы жылы апасы Рәшпен табысты. Әбдірдің отбасында жеті қыз, үш ұл бала дүниеге келді. Алайда тағдырдың сынағы Әбдір үшін әлі біте қоймаған екен. 1986 жылы әйелі Ұлбосын қайтыс болды. Бұл кезде балаларының үлкені 16-17-лер де, ал ең кішкентайлары 3-4-тер шамасында анасынан айырылған. Әбекең тағдырдың тауқыметімен жалғыз өзі тағы бетпе-бет қалды. Бала-шаға, үй ішінің тірлігі, істеп жүрген жұмысы, тағы басқа тірліктер. Бірақ, өмірдің небір қилы соқпағынан өткен Әбекең бұған да мойымады. Қыздарын құтты орындарына қондырды, ұлдарын үйлендірді. Бұлардың бәрінің бала-шағалары бар. Әңгіме ұзаққа созылмас үшін балаларының біреуіне ғана тоқтала кетейін. Үлкен қызы – Марина Жұмабаева. Бұл Әбекең сияқты өте талантты, өте зерек боп шықты. Алдымен, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының инженер-механика факультетін үздік бітіріп шықты. Одан соң «Болашақ» университетінің физика бакалавр мамандығы бойынша бітірді. Осы кезде Қорқыт ата университетінде физика мамандығы бойынша педагогика ғылымының магистратурасында оқып жатыр. Ұл-қыз өсіріп, баласының алды үйленіп, немере сүйіп отыр.
Елге келген соң Әбдір архив жағалап жүріп, соғыстан оралмаған әкесінің дерегін тапты. Әкесі Жұмабай Украина жерінде опат болыпты. Орыс шешесі Мария Федоровна бақилық болған. Жоғарыда айтылған өкіл орыс қызының қолында қайтыс болыпты.
Әбдір ешқашан зекіп сөйлемейтін. Өтірік айтуды білмейтін, ойындағысын тура айтатын. Еңбекқор, төзімді, жұмысын адал істейтін жан еді. Осындай адал еңбектері елеусіз қалған жоқ. Талай марапатқа, мақтау қағаздарына, медальдарға ие болды. Келген кезде қазақша білмейтін ол өзінің зеректігінің арқасында аз уақыттың ішінде қазақшаны таза меңгеріп алды. Апасы Рәш ертерек қайтыс болды. Ал өзі 2016 жылы сексен жасқа келіп дүниеден озды. Бүгінде Әбекеңнің ұрпақтары әр салада еңбек етіп, бақытты ғұмыр кешуде. Міне, осылай сексен жас өмір сүріп, өмірдің есігін ашқан уақыттан бастап өмірінің соңына дейін бейнеттен көз ашпаған, сонда да қатал тағдырға мойымаған жанды көбіміз жақсы білеміз. Айналасына үлгі болатын тамаша адам туралы азғантай сыр шерттік. Алла тағала оның ұрпақтарына амандық берсін.
Бақтияр МЫРЗАШ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі