Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізі өшпейтін, ісі өлмейтін ізгі адам

Ізі өшпейтін, ісі өлмейтін ізгі адам

Қызылорда қаласындағы «Кайр» мейрамханасында қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Божанова Алмагүл Божанқызының рухына арналған 40 күндік ас берілді.

Ас имам дұғасынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың Сыр елі халқына және қайраткердің ағайын-туыстарына арналған көңілқос сөзімен ашылды.

«Алмагүл Божанқызы – ізгі істерімен Сыр өңірінің өрлеуі мен өркендеуі мұратында өшпестей қолтаңба қалдырған, ғұмырының ұзақ жылдарын ел басқару ісіне арнап, аймағымыздың дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер тұлға еді.

Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, өзіне тән көркем мінезі, салиқалы ойы, тұщымды пікірін айтып, туған елдің мәртебесі мен мерейі үшін адал қызмет жасаудың тәлімін танытты, әдемі қартаюдың да үлгісін көрсете білді.

Еселі еңбектің арқасында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әйелдер арасынан шыққан «бірінші әкім» атанды. Өзі басқарған Тереңөзек ауданында жаңашылдығымен, бастамашылдығымен ерекшеленді, – деді аймақ басшысы, – Абыройлы ғұмырында парасат биігінен бір түспеген асыл апамыздың өмірі мен еңбегін әрине, елі, халқы ұмытпайды», – деп асыл жанның артында қалғандардың көңіліне медеу болды.

«Арма деген әлге қуат» дейді, қазақ. Қыруар тірлігін қолбайлау көрмей, осындай қиын мезетте Алмагүл апайдың отбасы мен әулетіне ел ағасы ретінде демеу болып, құрмет танытқан Нұрлыбек Машбекұлының игі ісін өскелең ұрпаққа көрсетілген өнеге деп қабылдадық. Жанашырлық деген бар! Ол қасиет екінің бірінде бола бермейді.Негізі елдік ұлттық деңгейде ойлану дегенің, әуелі осындай тіршіліктегі адами іс- әрекеттен басталады- ау шамасы.

«Бір ауыз жылы сөз бір қыстан тоңдырмай өтеді» деген екен даналар.

Асқа апаймен қатар қызметтес, сыйлас, әріптес болған – Жарылқасын Шәріпов, Қорғанбек Қайруллаев, Бекмырза Еламанов, Биғали Қаюпов сынды ардагер азаматтар, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, қоғам қайраткері Мұрат Бахтиярұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, этнограф-жазушы Тиышбек Дайрабай секілді белгілі тұлғалар қатысып, өткен өмір кезеңдерінен қимас естеліктер айтты.

Расында, Алмагүл Божанқызы қазақтың қайраткер қыздарының қатарындағы тұлға болды. Оның ел ісі дегенде жігері мен жүрегін аямайтын адалдығы, адамшыл асыл бейнесі Сыр халқының жадында сақталып, ұрпақ ұлағатына айналары хақ. Ол көптің мүддесін жақтап, жұрттың жоғын түгендеп жүретін ізгі адам болды. Аяулы жанның сол бейнесін ақын Елена Әбдіхалықова:
«...Көкте күн жасырғандай бұлтқа бетін,
Енді кімнен сұрайды жұрт қажетін?
Алма апа, ақ туы едің адалдықтың,
Өзіңсіз жұрт та – жетім, ұлт та – жетім...», – деп өлеңмен өрнектепті. Бұл әркімінің-ақ көкейінде тұрған бағалау сөз.
Ғибратты ғұмыр иесі атанған ардақты апамыздың мәңгілік мекені жатқан жері жайлы болып, рухы пейіште шалқысын.

Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесі төрағасы
Әріп Хожбанов
15 шілде 2024 ж. 152 0