Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Туған ауылдың шежіресі

Туған ауылдың шежіресі

Көрнекті ақын Жұбан Молдағалиев «Өткеніңді еске алсаң, Өскеніңнің белгісі. Өткеніңді ұмытсаң, Өшкеніңнің белгісі» деп жырлаған екен. Тарихты түгендеу, өткенді еске алу, ұлықтау – парасаттылықтың белгісі. Осы ретте ауданға белгілі ақсақал, тыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Рақымжан қажы Бәйменовтің «Бабалар тағылымы» атты авторлық кітабы жарыққа шыққанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Кітапқа жерлесіміз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғабит Тұяқбаев алғы сөз жазған болатын. Сол алғы сөзді оқырмандардың ұсыныс-пікірін ескере отырып, жергілікті басылымға жариялау­ды жөн көрдік.

Қазақтың ұлт болып қалыптасу кезеңіндегі ата-бабамыз жүріп өткен жолдың әрбір қадамы – өшпес тарих, тұнған шежіре. Туған жердің киесін білмеген, оны құрметтемеген, қадірлемеген адамды ел азаматы деп айтуға болмайды. Ата-бабаларымыз туған жердің бір уыс топырағын жау қолына бермес үшін талай қасық қаны қалғанша күресті. Сол себепті де, әркімге туған жері, кіндік қаны тамған жері ыстық болатыны сөзсіз. Қазір туған жер қадір-қасиетін білмейтін жан жоқ деп ойлаймын.

Тіршілікте төрт құдірет бар: Күн – ана, Жер – ана, ауа мен су болса, олардың біреуінсіз тіршілік мүлдем тоқтайды. «Жері байдың – елі бай», «Туған жер – алтын бесік», «Жеміс – жерде, жеңіс – ерде», «Ауа – өмір тынысың», «Судың да сұрауы бар» деген мақалдар осы аталған төрт құдіретті қадірлеуден туса керек-ті. Осының ішінде Жерді анаға теңеуіміздің өзінде де мол мағына бар. Туған жерсіз, туған елсіз адам баласы өмір сүре алмайды. Жер жаннатында жүрсе де өз туған мекенін іздейді, сағынады. Бұл заңдылық деп білеміз. Туған өлке тарихын білу, біліп қана қоймай оны дәріптеу бүгінгі жаһандану дәуірінде аса қажет деп ойлаймыз.

Қолымызға тиген «Бабалар тағлымы» атты естеліктер жинағында ХІХ ғасырда өмір сүрген есімі мен ерлігі өшпес данққа айналған Бұхарбай батыр, Тілеміс баба және оның ұрпағы Бәймен ахунның халық жадында сақталған өнегелі өмірлері жайындағы құнды деректер баяндалады. Ата-баба рухына тағзым етуге үндейтін жинақ ұрпақтар айта жүретін ізгілікті істің бірегейі десек артық айтқанымыз емес.

Автор «Әбдіхалық әкеден қалған мұрағаттарды, Шоңбай ақынның өлең түрінде жазған шежіресі мен «Алаш» тарихи зерттеу орталығынан шыққан Хайрулла Ғабжәлеловтің шежіресі негізге ала отырып, оған енбей қалған Сыр бойындағы Теке Табын руының шежіресін өзім зерттеп толықтырып, осы кітапқа ендіріп отырмын» деп ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуін қалайтын ниетін білдіреді.

Ықылым замандардан бері дана­лыққа толы, ғибратты шығар­малар өмірдің, адам баласының нақты тіршілігі мен қоршаған ортаның шын­дығын бейнелеп қана қоймай, адамзат дамуының сырларына барлау жасап, оның табиғатын, қоғамның болмысын өзгертуге, жақсартуға үлес қосатыны, адамзат баласының тәрбиесіне, өмірді, тіршілікті түсінуіне атсалысатыны белгілі. Қолы­мызға тиген естеліктер жинағы осы талаптарға толық жауап бере алатын туынды.

Естеліктер жинағы авторлық пайым, тұжырым уәжділік, мазмұн байлығы және ішкі байланыстар беріктігі арқылы құнды еңбекке айналған. Жалпы, жеті тараудан тұратын жинақтың тағлымдық, тәлімдік рөлі зор. Бұл, әсіресе, жас ұрпақ, жеткіншектер үшін пайдалы еңбек екені даусыз. Ойымызды түйіндей айтар болсақ, бұл жинақ – адам, ата-баба өмірдерегі, тағдыр туралы толғау деген тұжырым жасаймыз.
Мирастықты мұрат тұтып, ұрпақ жалғастығын сақтаған тарихымыз тегімізді танытып, тектілігімізді дәріптеп келеді. Ата парызы мен ұрпақ қарызынан тұратын тіршілік өз тынысын кеңінен алып, замана көрінісін жасауда. Адамзат баласының тәрбиесіне, өмірді, тіршілікті түсінуіне ат салысқан қаламгер оны қалай жеткізді, көкейтестілікті көтере алды ма, туындының көркемдігі, шынайылығы, мән-мазмұнының деңгейі қандай – мұның барлығы шеберлік, жазу шеберлігі, қаламгер дүниетанымы арқылы ғана ашылары хақ. Бұл тұрғыдан келгенде, сөз жоқ, Әбдіхалықұлы Рақымжан қажы қариямыздың өзіндік қолтаңбасы бар. Ақылдың кені болған қариялардың өмірде көргені де, өмірден түйгені де, берер ақыл-кеңесі де мол. Сондықтан да «Қартың болса жазып қойған хатпен тең» деген халық даналығына тағы бір басыңды иесің.
Абызын ардақтаған, қадіріне жеткен ұрпақтың кері кеткенін көрген жоқпыз. «Керуеннің басы білікті болса түйе азбайды» деуші еді ғой. Біздің елдің керуен көшін алға сүйреген қазыналы қартымыздың бірегейі Рақымжан ақсақал менің әкем Әнештің көзін көріп, тай-құлындай тебісіп, құрдас ретінде араласып өскен. Ол кісіні көргенде:

Дария-кеуде тау мүсін.
Құрыштан құйған құдірет –
Қарттарым, аман-саумысың?!
...Сағынып талай жыр туар,
Мадақтар әлі сан жыршы.
Даланың иісі бұрқырап,
Қарттарым, аман-сау жүрші, – деп ақын Сағи Жиенбаев жырлағандай, әр отбасындағы қарт кісі – сол үйдің қымбат қазынасы екендігіне куә боламын.

Өмір – өзен. Өмір – көш-керуен. Өмір – жалған. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген аталы сөздің мағынасы терең, айтары көп. Шынымен, көненің көзі, ескінің сөзі, екі ғасырдың куәсі, арамыздағы абызымыз, Рақымжан қариядан әкелік мейірім, ізгілік пен ықыласты көрем. Кездескен жерде арқамнан қағып, құрдасының көзін көргендей сезімде болатынын байқаймын. Тоқсанның төріне шықса да әлі күнге дейін өнегелі өмір жолымен жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге үлкен еңбек сіңіріп жүрген, ғұмырын халық ағарту саласына арнаған Рақымжан әкейдің естеліктер жинағындағы танымал тұлғалар туралы мәліметтер, әр жылдары жазған мақалалары болашақ жас зерттеушілер пайдасына жарайтыны анық. Әсіресе халықтың тарихи тұлғасын айғақтайтын, рухани үрдіске қатысты жазбалары мен рудың шежіресі туралы мәліметтері кейінгі ұрпақ үшін құнды дүние болары сөзсіз шындық. Өйткені өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылытуы тиіс.

Ғабит ТҰЯҚБАЕВ
10 шілде 2024 ж. 226 0