Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кентті көркейту – ортақ міндет

Кентті көркейту – ортақ міндет

Тазалық табалдырықтан басталады. Қай кезде де тазалықтың орны бөлек. Тазалық – мәдениеттіліктің көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығына қарау әрбір азаматтың міндеті.

– Жыл сайын аудан көлемінде тұрақты түрде тазалық айлығы жүргізіледі. Биыл елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Науқан бойынша әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Облыс, аудан көлемінде уақыты бекітіліп, сол бойынша сенбіліктер ұйымдастырылды. Тиісінше, осы мезгілде де аудан төңірегінде тазалық айлығы жалғасуда. Соның нәтижесінде, біраз көшенің бойы, алаңдар, аллеялар тазартылып жатыр. Көшеттер отырғызылып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу де назардан тыс қалған емес, – дейді кент әкімі Ержан Бахтияров.

Біз көше мәдениетін қозғағанда ең алдымен тазалықты сөз ететініміз анық. Өйткені, көшедегі мәдениеттіліктің бас­тауы тазалық екені айтпаса да түсінікті. Әрбір адам өзінің көшесін, ауласын таза ұстау арқылы қоғамға пайдасын тигізеді. Ал қоршаған орта күл-қоқысқа толып жатса, оның адам денсаулығына тигізер зияны көп. Сол себепті де тұрғындар айналаны лас­тамай, біреудің айтуымен емес, өздерінің денсаулықтары үшін санитарлық тазалыққа мән беріп қарағаны жөн.

– Кентіміз күннен күнге тазарып, көркейіп, гүлденіп келеді. Жаңадан жақсы ғимараттар бой көтеруде. Бірақ бір мәселе бар, ол – төрт түлік малдың қоршаған ортаны, негізгі көшелерді бүлдіріп, егілген ағаштар мен гүлдерді жеуі, бүлдіруі. Бұл мәселені бәріміз бірге шешуіміз қажет. Аудан тазалығына мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінуде. Көшенің тазалығымен айналысатын тиісті мекеме ашылды, онда қарапайым жұмысшылар еңбек етуде. Олар өздеріңіздің аға-інілеріңіз бен апа-қарындастарыңыз. Олар күннің ыстығына, суығына қарамай еңбек етуде. Сол кісілердің еңбегін бағалауға шақырғым келеді. Ол үшін қорадағы малымызға еге болайық немесе малды арнайы фазендада бағуды қолға алайық. Тереңөзек күннен күнге көрікті қалаға айналсын десеңіздер, аудан орталығының тазалығына бірігіп атсалысайық, – деп пікір білдіреді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Маратбек Еспенбетов.

Соңғы жылдары аудан орталығын абаттандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Кент келбеті күн санап көрік алып келеді. Әсіресе орталық көшелер жаңартылып аудан орталығына үлкен қаладағыдай кейіп беруде. Әрине шет жақтағы көшелер де назардан тыс қалып жат­қан жоқ. Тарихы тереңнен сыр шертетін Тереңөзек кентінің көркеюі тұрғындарға жай­лы орта мен жоғары көңіл-күй сыйлауда.

Атап айтар болсақ, тұрғындар игілігі үшін және ардагерлерге құрметтің үлгісіндей болған «Тағзым» алаңын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған дейін орталық алаңмен жалғаса орналасқан алаң ішінара жөнделіп, демеушілердің есебінен балалар ойын алаңы салынған болатын. Енді бұл алаң толықтай жөнделуде. Абаттандыру жұмыстарын мердігер мекеме «Пульс» ЖШС атқаруда. Бұл жұмыстарға аудандық бюджеттен 115 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда алаңға брусчаткалар төселуде.


Одан бөлек «Майжарма» каналының маңы демалыс орталығына айналғалы тұрғындар игілігін көруде. Кент көшелері кеңейіп, орталық алаң көз тартады. Көпқабатты тұрғын жайлардың ауласын осыдан бірнеше жыл бұрынғы сипатымен салыстыра да алмайсыз. Жөндеу жұмыстары биыл қайта қолға алынған орталық стадион да көпшіліктің кешкі серуені мен жаттығу жасауына қолайлы жағдайын қуаттап тұр. Алға жылжу белгісі көзге айқын байқалады. Бұндай жетістіктің артында үлкен жұмыс, еңбек, қыруар қаржы жатқаны айтпаса да түсінікті. Бірақ тұрғындар бардың қадіріне жетіп жүр ме? Осы ретте қоқыс тастау мен тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу мәселесі де маңызын жоймай келе жатқанын айтып өту орынды. Жастар ғана емес, егде жастағы кент тұрғындарын да кешкі серуен уақытында орталықтан жиі көреміз. Әрине, бұл жақсы. Тұрғындар өз денсаулығына, тұрмыс салтына бей-жай қарамауы абзал. Бірақ осындай көпшілік «демалысынан» кейін демалыс аймағын «таппай» қаламыз. Бір бұл емес, тұрғын үй ауласының тазалығы да сын көтермейтін тұстар бар.

– Қазіргі таңда ауданда тұрмыстық қалдықтар жиналатын бір ғана полигон бар. Онда жиналған қоқыс арнайы техникалармен итеріліп, тазаланады. Бұл жерге былайғы тұрғындар да қоқыс тастап, кейбірі оны өртеп кетіп жатады. Бұл тұста тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды өртеудің қауіпті екенін ескерткіміз келеді. Айта кетейік, қазіргі таңда Жалағаш-Тереңөзек тас жолы бойынан кентке тиесілі тұрмыстық қатты қалдыққа арналған полигон құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұ­мыстарын «Техоснастка-Рем­сервис» ЖШС атқаруда. Полигон шаруашылық және өндірістік аймақтардан тұрады. Өндірістік аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинайтын арнайы алаң, сүзгіш құдығы орналасады. Мұнда жылына 3500 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыпталмақ, – дейді кент әкімінің орынбасары Ғани Нұртазаев.

Не десек те, тазалық алдымен өзіміз үшін керек. Өзіміздің, болашақ ұрпағымыздың денсаулығы үшін маңызды. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр, тіпті жауыр болған тақырып деуге болады. Бірақ кей жағдайларға қарап, нәтиже аздау екенін аңғарамыз. Тазалық үйден, ауладан бас­талуы қажет. Одан бұрын сананы тазалау маңызды екенін атап өткіміз келеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
10 шілде 2024 ж. 181 0