Кентті көркейту – ортақ міндет
Тереңөзек кентінің тумасы және кенттің әкімі ретінде бүгін тұрғындарға ой тастап, тазалық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаны абаттандыруға, сондай-ақ сенбіліктерге тұрақты түрде қатысуға байланысты пікір білдіргім келеді. Менің ойымды кент тұрғындары қолдайды және Тереңөзекті бірге көркейтуге атсалысады деп сенемін.
Тазалық табалдырықтан басталады. Қай кезде де тазалықтың орны бөлек. Тазалық – мәдениеттіліктің көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығына қарау әрбір азаматтың міндеті. Көктем-жаз мезгілдері – көркейту-көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыратын тамаша уақыт. Сондықтан апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктер барысында ғана емес, күнделікті қоғам тазалығын басты назарда ұстағанымыз дұрыс.
Тазалық жай ғана жүрдім-бардым қарайтын дүние емес. Мұнда үлкен тәрбие негізі, мәдениеттілік бар. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол жан-жақты адам өмірін, болашағын, имандылығы мен адамгершілік сияқты кісі ғұмырына тән көптеген тармақтарды қамтиды. Дана бабаларымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі – тазалық екенін ұғындырған. Сондықтан тазалық – адамның мәдениеттілігінің, адамгершілігінің таразысы, иманның жартысы саналады.
Біз көше мәдениетін қозғағанда ең алдымен тазалықты сөз ететініміз анық. Өйткені, көшедегі мәдениеттіліктің бастауы тазалық екені айтпаса да түсінікті. Әрбір адам өзінің көшесін, ауласын таза ұстау арқылы қоғамға пайдасын тигізеді. Ал қоршаған орта күл-қоқысқа толып жатса, оның адам денсаулығына тигізер зияны көп. Сол себепті де тұрғындар айналаны ластамай, біреудің айтуымен емес, өздерінің денсаулықтары үшін санитарлық тазалыққа мән беріп қарағаны жөн.
Жыл сайын аудан көлемінде тұрақты түрде тазалық айлығы жүргізіледі. Биыл елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Науқан бойынша әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Облыс, аудан көлемінде уақыты бекітіліп, сол бойынша сенбіліктер ұйымдастырылды. Тиісінше, осы мезгілде де аудан төңірегінде тазалық айлығы жалғасуда. Соның нәтижесінде, біраз көшенің бойы, алаңдар, аллеялар тазартылып жатыр. Көшеттер отырғызылып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу де назардан тыс қалған емес. Десе де жауапкершілікті сезінбеген кейбір тұрғындардың тұрмыстық қалдықты бей-берекет шашып тастауынан көше бойында санитарлық тазалық талаптары сақталмауда. Әсіресе жаз мезгілінде көпшілік орталық көшелерде серуендеп, қалдық, қоқыстарды бей-берекет шашып кетеді. Одан бөлек тұрғын-жайдан шыққан тұрмыстық қалдықты тиісті орынға тастамайтындар да бар. Бұл бағытта аудандық полиция бөлімімен тиісті жұмыстар жүргізіліп, тазалық сақтамағандарға айыппұл салынуда. Сонымен қатар, малын қараусыз жіберген тұрғындардың кесірінен қоғам тазалығына нұқсан келуде. Төрт түлік малдың қараусыз жүруі көшелерді ғана емес, тарихи маңызы зор рухани-мәдени орындарды да ластауда. Бұл дұрыс емес және мал иелері жауапкершілікпен қарауы қажет деп есептейміз.
Осы тұста, әр азамат өзінің есік алдын, көше жақ бетін тазартып, күл-қоқысты далаға шығармай, өзі тұрып жатқан аумақты таза ұстаса, оның қоғамға тигізер пайдасы көп. Яғни әрбір адам көше тазалығына жауап берсе, кенттің де келбеті айшықтала түсетіні анық. Сондықтан кент тұрғындарын көше тазалығын сақтауға, тазалық акцияларына, оның ішінде республика бойынша ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, Тереңөзек кентінің тазалығын сақтауға біркісідей қатысуға шақырамыз. Туған жеріміз, өсіп-өнген киелі мекеніміз Тереңөзекті бірге көркейтейік, жерлестер!
Ержан
БАХТИЯРОВ,
Тереңөзек кентінің әкімі
Фото: ашық дереккөзден