Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Су – тіршілік нәрі

Су – тіршілік нәрі

Шілде айындағы кезекті кәсіби мерекенің бірі су шаруашылығы мамандарына тиесілі. Су – тіршілік көзі болса, дария бойын жағалай қоныстанған біздің аудан үшін судың да, су шаруашылығының да маңызы зор. Сондықтан Сыр-ана мен Жер-анадан ырзық терген аудан халқының сушыларға деген құрметі де ерекше.

«Сырдариясушар» өндірістік учас­кесі аудандағы шаруашылықтарды сумен қамтамасыз етуде елеулі еңбек етіп келеді. Шаруашылық басшысы – өз ісінің білікті әрі тәжірибелі маманы Бектұрғанбек Искаков. Сала мамандарының кәсіби мерекесі қарсаңында сушылар жұмысымен танысып, сараптап қайтқан жайымыз бар.

Диқандар жүздеген жыл бойына дариядан тартқан тіршілік нәрімен егін егіп, тұрмысын жалғастырып отырса, арнайы су шаруашылықтарының құрылып, жұмысты жандандырып келе жатқанына бірнеше жүз жыл толған. Ауданымыздағы су шаруашылығының жұмысы 1938 жылдан бастап нақты жүйеге келтіріліп, жұмыс жүйесі қалыптасқан. Сол жылы Тереңөзек ауданы Жалағаштан бөлініп, өз алдына аудан болып, аудан орталығы Аламесектен Тереңөзекке көшірілгенде ауданда су шаруашылығы бөлімі құрылған. Бөлімнің басшысы болып Әбен Оспанов тағайындалып, ұжым қызметкерлері отыздан астам колхоз бен шаруашылықтардың егістік алқаптарын сумен қамтамасыз еткен. Ал 1940-1950 жылдары «Сауранбай», «Елтай», «Майжарма», «Ырсымбек», «Бөлебай», «Түкебай» каналдары қазылып, аудан аумағындағы егіс­тіктерді суландыруға мүмкіндік туған. 1950 жылдан бертін келе Үкімет қаулысына сәйкес су шаруашылығы саласы екі бағыт бойынша ұйымдастырылып, екі бөлім құрылған. Су шаруашылығы бөлімі суды пайдалану жұмысын реттесе, су пайдалану учаскесі суды пайдаланушылардан су ақысын жинап, оны банкіге өткізумен айналысқан. Заман талабына сай мекеме жұмысы түрлі реформаларды бастан өткеріп, 1955-1964 жылдары аудандық су жүйелері басқармасы, 1964-1970 жылдары су пайдалану учаскесі ретінде халыққа қызмет көрсеткен. Осы жылдары тың және тыңайған жер­лерді өңдеу жұмыстары кеңінен жүргізіліп, «Шардара» су қоймасы іске қосылып, Сырдария суын пайдалану мәселесі қолға алынған. Нәтижесінде, жаңадан канал, су қашыртқысы, шлюздер салынып, егілетін егіс көлемі ұлғайтылып, ауыспалы егістік жобасы қолданысқа енгізілген. Ал 1970 жылдан бастап жаңа жерлерді игеру мақсатында коллекторлық-дренаждық суару жүйесі атты ауданаралық мекеме ашылып, оны Елтай Тыныштықбаев басқарған. Ал 1997 жылы аудан таратылып, әкімшілік реформа жүргізілген тұста Сырдария су шаруашылығы басқармасының Жетікөл бөлімшесі Тереңөзек су шаруашылығы басқармасының құрамына қосылған.

– «Қазсушар» шаруашылық жүр­гізу құқығындағы республикалық мемле­кеттік кәсіпорнына қарасты Сырдария су шаруашылығы өндірістік учаскесі мекемесі жұмыс жасайды. Табиғи ресурсты дұрыс пайдалану, қажетті жерлерге үлестіріп жеткізу арнайы мамандардың еншісінде. Жаз мезгілдерінде таңмен таласа жұмысқа кірісіп, түн батқанша еңбек ететін де, қыс айларында мұз кешетін де су шаруашылығы қызметкерлері. 2019 жылдан бастап сала мамандарының арнайы мерекесі күнтізбеге еніп, 9 шілде – су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып келеді. Аудандағы су шаруашылығы мекемесі барлығы үш бөлімшеден тұрады. Олар Әйтек, СЖМК, Жетікөл-Жарма бөлімшелері. Барлығы 72 қызметкер Сыр елінің басты байлығы күріш пен егістің бітік шығуы, сол үшін судың толық жеткілікті болуы жолында қызмет жасап келеді. Сондай-ақ сала мамандары экологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында біршама жұмыс­тар атқаруда. Атап айтар болсақ, ауданға қарасты 33 көл бар. Су шаруашылығы мамандары аталған аймақ­тағы жайылымдық, шабындық жерлерге тұрақты түрде су жіберіп отырады, – дейді «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің басшысы Бектұрғанбек Қасымұлы.

– Әр жылдары мекемені ауданға белгілі білікті басшылар Ә.Оспанов, К.Ерімбетов, К.Әбдіхалықов, Е.Тыныш­тықбаев, Т.Жұмашев, Ә.Қаниев, С.Аяған, Ж.Мақашев пен М.Томпалақов бас­қарған. Білікті мамандардың өз кезегінде шаруашылық жұмысын жан­дандыру бағытында атқарған жұмыс­тары елеулі. Білікті басшылар мен тәжірибелі мамандардың бүгінгі ізбасарлары сала жұмысын дөңгелетіп отырған жайы бар. Әр жылдары сала қызметкерлерінің жұмысы лайықты бағаланып келеді. Атап айтар болсақ, 41 жылдық тәжірибесі бар аға инженер-гидротехник Гаухар Әбіш «Қазақстанның құрметті маманы» төсбелгісімен марапатталды. Құрылыс-жөндеу бөлімінің басшысы Дастан Байжүнісов облыс әкімінің, бас маман Нұрбек Қарғаұлы облыс әкімі орынбасарының, ал білікті маман Нұржайна Алтынбекқызы аудан әкімінің алғысына ие болды. Сондай-ақ сушылар қатары жас мамандармен де толығып келеді, – дейді учас­ке басшысының орынбасары Мирлан Ертайұлы.

Негізінен, сушылар жұмысының қызатын кезі жаз мезгілі десек, бұл уақыттағы шаруаның егінмен тікелей байланысты екені түсінікті. Десек те, егін уақыты аяқталған соң жұмыс бітеді деген сөз емес. Күз айларында келесі жылы егінге суды кедергісіз жеткізу үшін су жолдарын жөндеу мақсатында күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал қыста дарияға мұз қатады. Жұмыстың ауыры сол кезде басталады. Қыс бойы мұздың жарылуы немесе басқа апаттық жағдайларды болдырмау үшін сала мамандары күндіз-түні бақылау-қадағалау жұмыс­тарын жүргізеді.

Жұмыстың жеңілі жоқ десек те, көріп отырғанымыздай, дария бойы­нан қоныс тепкен біздің аймақта сушылардың жұмысы қауырт. Биыл сала мамандарының кәсіби мерекесі ресми түрде алтыншы рет тойлануды. Атаулы күн қарсаңында қызығынан қиындығы мол сала қызметкерлерінің қызметіне табыс, жұмысына сәттілік тілегіміз келеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
06 шілде 2024 ж. 292 0