Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 34 газет

30 сәуір 2024 ж.

№ 33 газет

27 сәуір 2024 ж.

№ 32 газет

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Сала мамандарының еңбегі ерен

Сала мамандарының еңбегі ерен

Су – тіршілік көзі. Ол дәлелдеуді қажет етпейді. Ал Сыр елінің негізгі тіршілік көзі – Сырдария өзенінің суы. Диқандар жүздеген жылдар бойына дариядан тартқан тіршілік нәрімен егін егіп, тұрмысын жалғастырып отыр­са, арнайы су шаруашылықтарының құрылып, жұмысты жандандырып келе жатқанына бірнеше жүз жыл толып отыр.

«Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты Сырдария су шаруашылығы өндірістік учаскесі мекемесі жұмыс жасайды. Табиғи ресурсты дұрыс пайдалану, қажетті жерлерге үлестіріп жеткізу арнайы мамандардың еншісінде. Биылғы жылы су көлемінің былтырғымен салыстырғанда аз болуы мамандар мен шаруаларды үрейлендірген. Дегенмен, білікті қызметкерлердің күндіз-түні жасаған еңбегінің нәтижесінде жағдай біршама тұрақталған. 2019 жылдан бастап сала маман­дарының арнайы мерекесі күнтізбеге еніп, аталып келеді. «9 шілде – су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі» қарсаңында аталған мекемеге арнайы бас сұғып, аудандағы су мәселесі туралы сыр тартып, саланың атқарып жатқан жұмысымен танысқан болатынбыз.

Жаз мезгілдерінде таңмен таласа жұмысқа кірісіп, түн батқанша еңбек ететін де, қыс айларында мұз кешетін де су шаруашылығы қызметкерлері. Мекеме жұмысы қауырт екенін бос отырған бір жанның жоқ екенінен анық аңғардық. Әсіресе, сәуір айынан бастап жаз айларында, яғни егістік маусымында, қыза түсетін жұмыс жыл сайын шаруалардың күз айындағы нәтижесінен көрінеді.

– Биылғы болжам бойынша су көлемі бұрын­ғымен салыстырғанда төмендеу болады-ау деген күдік болған. Сол расқа шығып, былтырғыға қарағанда су тапшылығы орын алды. Дегенмен, қызу жұмыстың нәтижесінде барлық егіс алқаптары, күріштіктер сумен толықтай қамтамасыз етілуде. Бұл жерде мәселені шешудің жан-жақты шарасын қарастырудамыз. Мысалы, кезектесіп суару немесе басқаша дегендей. Әйтеуір, сусыз қалып, қурап, зардап шегіп жатқан жер жоқ, – деп негізгі мәселенің мән-жайын түсіндірді Сырдариясушар өндірістік учаскесі мекемесінің басшысы Бектұрғанбек Қасымұлы.

Аудандағы су шаруашылығы мекемесі бар­лығы үш бөлімшеден тұрады. Олар Әйтек, СЖМК, Жетікөл-Жарма бөлімшелері. Барлығы 73 қызметкер Сыр елінің басты байлығы күріш пен егістің бітік шығуы, сол үшін судың толық жеткілікті болуы жолында қызмет жасап келеді.

Сондай-ақ сала мамандары экологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында біршама жұмыстар атқаруда. Атап айтар болсақ, ауданға қарасты 33 көл бар. Су шаруашылығы мамандары аталған аймақтағы жайылымдық, шабындық жерлерге тұрақты түрде су жіберіп отырады.

– Негізінен, жұмыстың қызатын кезі жаз мез­гілдері десек, бұл уақыттағы шаруаның егінмен тікелей байланысты екені түсінікті. Десек те, егін уақыты аяқталған соң жұмыс бітеді деген сөз емес. Күз айларында келесі жылы егінге суды кедергісіз жеткізу үшін су жолдарын жөндеу мақсатында күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал қыста дарияға мұз қатады. Жұмыстың ауыры сол кезде басталады. Қыс бойы мұздың жарылуы немесе басқа апаттық жағдайларды болдырмау үшін біздің мамандар күндіз-түні бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізеді, – деп түсіндірді қызығынан қиындығы көп саланың білікті маманы Мирлан Ертайұлы.

Сонымен қоса, биылғы жылдың мамыр айы­нан бастап судың әр текше метрі үшін баға қымбаттаған. Мәселенің мән-жайына жетпеген тұрғындар «қымбатшылық» деуі мүмкін. Десе де, бұл өзгерістер өз кезегінде атқарылар шаруаның сапасын жақсарта түсері сөзсіз.

Шаруашылықтар мен үлкен кәсіпкерлер ғана емес, жеке тұлғалар үшін де аяқ су мәселесінің шешімі бар. Ол үшін мекеме жеке тұлғамен арнайы келісім шарт жасасады.

Соңғы кезеңдерде білікті жастармен толы­ғып келе жатқан сала мамандарының мереке қарсаңында алған марапаты – атқарылған шаруаның нәтижесі. Жыл сайын марапат пен халық алғысына бөленетін су шаруашылығы қызметкерлері биылғы мереке қарсаңында да назардан тыс қалмады. Атап айтар болсақ, А.Ердәулетов «Құрметті ардагер», Г.Әбіш «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгілеріне ие болса, Н.Махашов, Л.Төлеуова, Г.Нақыповалар рес­публика, облыс көлеміндегі «Алғыс хаттармен» марапатталған.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
10 шілде 2021 ж. 488 0