Су шаруашылығы мамандарының табанды еңбегі
Дарияны жағалай қоныстанған Сыр өңірі үшін су шаруашылығының маңызы зор. Сондықтан Сыр-Ана мен Жер-Анадан нәсіп терген өңір халқының сушыларға деген құрметі ерекше. Ал білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Бектұрғанбек Искаков басқаратын «Сырдариясушар» өндірістік учаскесі аудандағы шаруашылықтарды сумен қамтамасыз етуде елеулі еңбек сіңіріп келеді. Сала қызметкерлері биыл өздерінің кәсіби төл мерекелерін жоғары жетістіктермен қарсы алуда.
Ауданымыздағы су шаруашылығының жұмысы 1938 жылдан бастап нақты жүйеге келтіріп, жұмыс жүйесі қалыптасқан. Сол жылы Тереңөзек ауданы Жалағаштан бөлініп, өз алдына аудан болып, аудан орталығы Аламесектен Тереңөзекке көшірілгенде ауданда су шаруашылығы бөлімі құрылған. Бөлімнің басшысы болып Әбен Оспанов тағайындалып, ұжым қызметкерлері отыздан астам колхоз бен шаруашылықтардың егістік алқаптарын сумен қамтамасыз еткен. Ал 1940-1950 жылдары «Сауранбай», «Елтай», «Майжарма», «Ырсымбек», «Бөлебай», «Түкебай» каналдары қазылып, аудан аумағындағы егістіктерді суландыруға мүмкіндік туған. 1950 жылдан бертін келе Үкімет қаулысына сәйкес су шаруашылығы саласы екі бағыт бойынша ұйымдастырылып, екі бөлім құрылған. Су шаруашылығы бөлімі суды пайдалану жұмысын реттесе, су пайдалану учаскесі суды пайдаланушылардан су ақысын жинап, оны банкіге өткізумен айналысқан. Заман талабына сай мекеме жұмысы түрлі реформаларды бастан өткеріп, 1955-1964 жылдары аудандық су жүйелері басқармасы, 1964-1970 жылдары су пайдалану учаскесі ретінде халыққа қызмет көрсеткен. Осы жылдары тың және тыңайған жерлерді өңдеу жұмыстары кеңінен жүргізіліп, «Шардара» су қоймасы іске қосылып, Сырдария суын пайдалану мәселесі қолға алынған. Нәтижесінде, жаңадан канал, су қашыртқысы, шлюздер салынып, егілетін егіс көлемі ұлғайтылып, ауыспалы егістік жобасы қолданысқа енгізілген. Ал 1970 жылдан бастап жаңа жерлерді игеру мақсатында коллекторлық-дренаждық суару жүйесі атты ауданаралық мекеме ашылып, оны Елтай Тыныштықбаев басқарған. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 1938 жылы әр колхозда небәрі 250-300 гектар егіс көлемі болса, 1985 жылы 38 мың гектардан асқан. Күріш егісінің көлемі де 17-18 мың гектарға жетіп, жаңадан егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар құрылған. 1997 жылы аудан таратылып, әкімшілік реформа жүргізілген тұста Сырдария су шаруашылығы басқармасының Жетікөл бөлімшесі Тереңөзек су шаруашылығы басқармасының құрамына қосылған.
– Біздің мекемеміздің атауы бірнеше рет өзгертілгенімен жұмыс бағыты өзгерген жоқ. Біз халықтың және шаруашылық құрылымдарының сұранысына сай қызмет көрсетіп келеміз. Бүгінде «Сырдариясушар» мекемесі аудан аумағындағы 7 каналмен жұмыс істейді. Жалпы ауданда ауылдық округтер мен жеке иелікте 44 көл бар. Биыл «Сырдариясушар» өндірістік учаскесіне егістікке су алу мақсатында 95 шаруашылық құрылымынан өтініш түсіп, барлық шаруашылық құрылымымен келісім-шарт жасалды. Су тапшылығына байланысты 15 су сору қондырғысына тапсырыс беріліп, оның алтауы пайдалануға берілді. Сондай-ақ «СЖМК-11В», «СЖМК-9», «Елтай», «Военторг», «Ботабай» каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Мұның бәрі ауданның су шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Негізі жергілікті атқарушы органмен бірлесіп халық игілігі үшін еңбек етіп келеміз, – дейді «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің басшысы Бектұрғанбек Қасымұлы.
Айтып өту керек, әр жылдары мекемені ауданға белгілі білікті басшылар басқарған. Оның ішінде Ә.Оспанов, К.Ерімбетов, К.Әбдіхалықов, Е.Тыныштықбаев, Т.Жұмашев, Ә.Қаниев, С.Аяғанның есімін ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар Ж.Мақашев пен М.Томпалақовтың сіңірген еңбегі ерекше. «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің басшысы Б.Искаковтың айтуынша, білікті басшылар мен кәсіби тәжірибесі мол мамандардың бүгінгі ізбасарлары да осал емес. Мысалы, мекемеде ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, өз ісінің білгірі атанған Г.Әбіш «ҚР Су шаруашылығы саласының үздігі» атанған. Ал А.Ердәулетов «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталған. Мұнан бөлек соңғы жылдары 9 қызметкер білімін жетілдіру курстарынан өткен. Ең маңыздысы, іргелі ұжымда кадр тұрақтылығы сақталған. Мекеме қызметкерлерінің алды 37 жылдан бері бір жерде еңбек етіп жүрген болса, кейінгілерінің бәрі жоғары білімді жас мамандар. Еңбек жолын аудандағы су шаруашылығы ұжымында бастап, қазіргі осы саланың өзге де өндірістік учаскелерінде абыройлы қызмет атқарып жүрген азаматтар да бар.
Жалпы Су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін ұжым мүшелері жақсы жетістіктермен қарсы алуда. Аудан халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген сала мамандарының жауапкершілігі мол жұмыстарына сәттілік тілейміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ