Дәмді кәсіп иесі
Белгілі бір кәсіпті қол етіп, іске кірісіп кету оңай шаруа емес. Міндетті түрде қорқыныш, «болмай қалса ше?» деген ойдың санада тұратыны бар. Бірақ «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген, ниет етіп, кәсіп бастасаң, еңбегіңе қара өнбегі болатыны анық.
Жас кәсіпкер Аида Батталованың жеке кәсіпкерлікке бет бұрғанына бір жылдан астам уақыт болған. Үйде құр отыруды құп көрмейтін келіншек отбасының ішкі бюджетіне үлес қосу һәм өзінің сүйікті ісімен айналысу үшін кәсібін бастаған. Кәсіпкер жартылай дайын өнімдер жасаумен айналысады.
– Менің кәсіп бастауым да қызық болды, – деп бастады Аида бізбен әңгімесін. Нақтылай айтсақ, кейіпкеріміз үлкен шаңыраққа келін болып түседі. Келімді-кетімді кісі көп болғандықтан, ас-су әзірлеу жағы жас келіннің құзырындағы шаруа. Осындайда ол небір тағам мен тәттіні алдын ала дайындап, қатырып қояды екен. Алда-жалда қонақ келе қалса, жартылай дайындалған өнімдерін пешке бір салып алып, дастарқанды жайната қояды. Қашанда табалдырығынан кісі, дастарқанынан ас үзілмейтін келін талай үлкендердің ақ батасын да алған.
– Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқаны дұрыс. Күн санап дамып жатқан заманда бос отыруға және болмайды. Сондай-ақ мемлекет те кәсіп бастаймын деген жандарға барынша қолдау көрсетуде. Әңгіменің қысқасы, менің жартылай дайын өнімдерді әзірлеп қоятынымды білетін құрбым бірде үйіне аяқ астынан қонақ келетінін айтып, қатырылған өнімдерден сатуымды сұрады. Бастапқыда ыңғайсызданғаныммен, әлгі құрбым «сауданың басы болсын» деп ақшасын да ұсынды. Кейін өзгелерге де айта жүріп, кәдімгі кәсіпке айналдырып әкеттім. Бүгінде, Аллаға шүкір, өзімнің тұтынушыларым қалыптасып үлгерді. Тіпті дүкенде толып тұрған өнімді емес, арнайы үйге келіп, менің еңбегімді бағалайтын тұрақты сатып алушыларым бар. Соған қуанамын. Кәсіпті адал әрі таза ниетпен істесең, әрі қарай жүріп кету де қиын емес. Тек ұдайы еңбек етіп отыру қажет, – дейді жас кәсіпкер.
Аида Батталова ұн мен еттен жасалатын жартылай дайын өнімдермен қатар бүгінгі таңда тәтті тоқаш пен торт та пісіріп, тұтынушылар сұранысын өтеп келеді. Өз кезегінде кәсіпкер онлайн шебер-сыныптарға қатысып, біліктілігін жетілдіріп, өзге мамандармен тәжірибе алмасып отыратынын айтады. Бастапқыда кәсіпті өз қаражаты есебінен бастаған аспаз жақында ұлттық жоба аясында 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз несие алып, жұмысын жандандыруда. Жартылай дайын өнім сататын үлкен дүкен ашып, жұмыссыз әрі бала күтімімен үйде отырған өзі секілді құрбы-замандастарын жұмыпен қамтуды алдына мақсат етеді.
– Қазіргі таңда көпшілік қыз-келіншек жұмысбасты екені жасырын емес. Жұмыста болғанымен, қонақ күту және күнделікті ас-суды әзірлеуді де қатар алып жүру қажет. Сондықтан көпшілік тез дайын болатын тағамдарға көп жүгінеді. Жартылай дайын өнімдерді сатып алу тиімді. Қонақ келсе де дастарқанды жайната салу көп уақытты алмайды. Отбасы мүшелеріне күнделікті дәмді ас әзірлеу үшін де Аида секілді он саусағынан бал тамған мамандар қыз-келіншектердің таптырмас көмекшісі деуге болады. Өзім де Аиданың өнімдерін жиі тұтынамын. Шын ниетпен, адал көңілмен, махаббатпен дайындалған өнім қашан да берекелі әрі дәмді болары сөзсіз, – дейді тұрақты тұтынушы Айдана Сағындықова.
Бүгінде көпбалалы ана атанған кейіпкеріміздің негізгі мамандығы қаржы саласымен тікелей байланысты. Айтпақшы, Аида Батталова бес бала тәрбиелеп әрі кәсіппен айналысып отырғанымен, қоғаммен тығыз байланыс орнатып, аудан көлеміндегі іс-шараларға да атсалысып жүреді. Аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Еркежан» қыздар клубының мүшесі облыстық көлемдегі түрлі жәрмеңкелерге де қатысып, өз өнімдерімен көпшілікті қуантып жүр. Жақында «Жетістіктер алаңы» жобасына белсенді қатысып, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының арнайы Алғыс хатына ие болғанын айта кету орынды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ