Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аспаздықты қосымша табыс көзіне айналдырған

Аспаздықты қосымша табыс көзіне айналдырған

Аспаздық – өнер. Тағам түрлерін дайындайтын шеберлер бүгінде сұранысқа ие мамандар. Әсіресе, қазіргі уақыт жеткізбейтін заманда той-томалақ жасайтындар көбіне кәсіби аспаздардың қызметіне жүгінеді. Бұл бір жағынан уақыт үнемдеу болса, екінші жағынан жауапты жұмысты кәсіби шеберге сеніп тапсыруды жөн көреді.

Өз ісінің мамандарын бұрын қоғамдық тамақтану орны мен мейрамханадан көретін болсақ, бүгінде бұл кәсіптің өрісі кеңейіп, өз бетінше ізденіп, арнайы оқуын оқып аспаз атанатын жандар қа-тары қалың. Ауданда да мықты аспаздар баршылық. Олардың алды 20 жылдық тәжірибесі бар шеберлер болса, кейінгісі сол шеберлердің ізінен ерген енді кәсіп бас­таушылар.

Біздің кейіпкеріміз Гүлжанат Бақтиярова мамандығы заңгер бол­ғанымен, қызметті бюд­жеттік мекемеде атқарады. Ол аспаздықты қосымша табыс көзіне айналдырғанына 8 жылдай уақыт болды. Алғашқыда көптеген салат түрін әзірлеуге ден қойған аспаз уақыт өте аспаздық өнерін дамытып, дастарқан мәзіріне қажетті барлық тағам түрлерін дайындауға машықтанады.

– Қазір қол қусырып, бір айлыққа қарап отыратын уақыт емес. Мектепте оқитын үш балам бар. Олар да өсіп келеді. Балаларымның қажетін қамтамасыз ету үшін қосымша жұмыс істеймін. 2016 жылдан бері жаныма жақын аспаздықты үйреніп, кәсіби шеберлердің жанында жүріп, қосымша табыс табудың көзін таптым десем болады. Аспаздық өнерді құрбым Мөлдір Сәрсенбаевадан үйрендім. Той-томалақ жасайтындар құрбымның қолынан шыққан ас мәзірін ұнатады. Мөлдірдің тобымен бірге болып, көмекші ретінде қолғабыс еттім. Кейін өзім де қызығушылық танытып, салаттан бастап, барлық дастарқан мәзірін жасауды меңгердім. Негізінен бала кезімнен ас үйге жақын болдым. Дастарқандағы әрбір заттың өз орнында, үйлесімді болуына қатты мән беретінмін. Қазір қызметімізге тапсырыс беретіндер дән риза. Тәтті кондитер өнімдерінен басқасының барлығын дайындаймыз, – дейді аспаз Гүлжанат Серікбайқызы.

Тұрғындарға аспаздық қызметімен танылып үлгірген Гүлжанаттың тұрақты тұтынушылары да бар. Тіпті, көрші аудандардан да тапсырыс келіп түскенде таңға дейін ұйықтамайтын кездер де болады екен. Барлық ас мәзірін уақытылы әрі балғын түрінде әзірлеп беретін аспазды он саусағынан өнер тамған деуге толық негіз бар.

Әрдайым сапаға мән беретін аспаз тапсырыс­ты өз үйінде емес, тапсырыс берушінің ошағында жасауды жөн көреді. Бұл ұстаным бір жағынан жасалған еңбектің қаншалықты қиын екенін көрсетсе, екіншіден, ас иесінің аспазға деген құрметі де арта түсетіні анық. Ал адал еңбектің ақы­­сы қай кезде де келісіммен белгіленеді. Бұл рет­те, аспаз тапсырыс берушінің жағдайына қара­ғанды жөн көреді.
– Нақты баға­ны кесіп айтпаймыз. Еңбек­тің қайтарымы – шынайы ризалықпен айтылған алғыс. Ал төленетін ақыға қай кезде де келісуге болады. Осы күнге дейін еңбегімізге қол жетпейтін баға қойған емеспіз. Қарапайым адамның қалтасы көтеретіндей етіп, табыс табамыз, – дейді шебер.

Қарбаласқа толы тірлікте қонақ шақыра­тындар дайын өнімді қоюдан гөрі, қолдан жасалған дәмді тағамға тапсырыс бергенді қалайды. Осындайда өз ісінің шеберлерін іздей­тін тұрғындар Гүлжанаттың бір рет қызметін көр­геннен кейін міндетті түрде қайта іздеп келіп, тұрақты тұтынушысына айналып жатады.

– Заман дамыған сайын қонақ күтудің де өзіндік дәстүрі қалыптасты. Қазір ас мәзірін мықты аспаздарға сеніп тапсыруды үйрендік. Бұл келген мейманымызға деген құрметіміз болса, екінші жағынан әдемі ыдыс-аяғымен көздің жауын алатын керемет дастарқан жою бәсекеге айналған секілді. Гүлжанаттың қызметін үнемі пайдаланып келемін. Оның дайындаған ас түрлері өте көп. Ыстық тамақтары сіңімді әрі дәмді болады. Мүмкін ас әзірлеуінің өзіндік сыры бар шығар, өзім тұрақты тұтынушысына айналдым, – дейді кент тұрғыны Жадыра Сахыпова.

Гүлжанаттың алдына қойған мақсаты бар. Ол өзінің шағын ғана асханасын ашып, кәсібін одан әрі дамытқысы келеді. Жалғызбасты ана мемлекеттен қайтарымсыз несие алудың жолын іздегенімен, бюджеттік мекемедегі қызметі үшін ондай жеңілдіктер қарастырылмаған.

Қосымша кәсіп көзін тапқан, тынымсыз еңбектің арқасында балаларын асырап отырған келіншек ізденімпаздығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында еңбектеніп, сүйікті ісінен табыс тауып отырғаны шын мәнінде көпке үлгі.
Бибісара ЖАНӘЛІ
02 шілде 2024 ж. 140 0