Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақта өңдеуді кәсіпке айналдырған

Мақта өңдеуді кәсіпке айналдырған

Тереңөзек кентінің тұрғыны Мәншүк Қабылбаеваның мақта өңдеу кәсібімен айналысқанына екі жыл болды. Жас кәсіпкер халық арасында сұранысқа ие кәсіп түрін бастап, ел игілігі үшін оны табыс көзіне айналдырды.

Мәншүк Қонысбекқызы кәсіпкерлікке ден қою мақсатында әлеуметтік желі арқылы мақта түтетін құрылғыны құрастырып беретін шеберді іздейді. Ондай шеберді Алматы қаласынан табады. Байланыс орнатып, құрылғыны жасатып, оны алдырып, іске қосқанда халыққа пайдалы іс бастағанына қуанады.

Шын мәнінде тозығы жеткен мақтаны көп адам қоқысқа тастауға асығады. Ал жарамсыз деп ойлаған мақтаны жақсылап түтетіп алсаңыз көрпе-төсегіңіз жаңарып, әлі талай уақыт сізге қызмет ететініне көзіңіз жетеді. Сондықтан ысырапқа жол бермей, тозды деп ойлаған затыңызды шеберге әкелсеңіз болады. Мәншүк көрпеше секілді төсеніштердің мақтасын түтумен қатар матрац, бесік жасауын да жаңалап, қажет болса көрпе-төсекті көктеп, жаңадан тігіп те береді.

– Мақта түтуге жаз, күз айларында қыз-келіншектер көп келеді. Мақтаның келісін әдепкіде 200 теңгеден есептедік. Қазір баға өсті, келісіне 300 теңге аламыз. Сонымен қатар көрпе-көрпешені көктеп те береміз. Тапсырыс берушінің сұранысы бойынша жаңалап беруге де мүмкіндігім бар. Қолда бар құрылғы мен тігін машинасы электр тоғымен жұмыс істейтіндіктен қызметіміздің бағасын 100 теңгеге көтердік. Тәулігіне 40 келіге дейін мақта түтетін құрылғының күшіне қарай тапсырысты 2-3 күнде дайындап береміз, – дейді жас кәсіпкер.

Қара күшті қажет ететін жұмыстың басы-қасында жүріп, сапалы етіп мақта түтету оңай шаруа емес. Көне мақтаның қаншама шаң-тозаңы болатындықтан алдымен оны қағып-сілкіп, кептіру қажет. Сонан соң ғана арнайы құрылғыға бөлшектеп, қолдап отырып салады, түтетеді. Құрылғы мақтаны тұтастай етіп шығаратындықтан, оны көрпешеге салып көктеу ыңғайлы, әрі оңай болады.

Өз ісінің шебері атанған Мәншүк еңбектенуден ешқашан жалыққан да, шаршаған да емес. Қолы қалт еткенде қосымша табыс ретінде дастархан мәзірін де жасауды кәсіпке айналдырған. Той-ас иелерінің тапсырысымен түрлі дәмділерді пісірудің шебері атанған. Қазір Мәншүк қолынан келетін аспазшылық қызметімен де қатар айналысады. Оның тұрақты тұтынушылары да бар.

Мәншүктің мамандығы бағдарламашы болғандықтан өз мамандығы бойынша жұмыс табу оңайға соқпағаны белгілі. Қазір көп жас қолындағы дипломымен жұмыс жасамайды. Сондықтан табылған жұмысты қанағат етеді. Мәншүк те кәсіпкерлікке келмес бұрын еңбек жолын ауруханада техникалық қызметкер болып бастап, қоғамдық негізде бірнеше мекемеде жұмыс істейді. Ай сайынғы жалақының мардымсыздығы жаңа іс бастауға себепкер болады. Көп ұзамай кәсіпкерлікке ден қою мақсатында аудан орталығынан ашылған «Әдемі» тігін шеберханасында жұмыс істейді. Тігінші Нұрсұлу Ажарованың оқу курсынан өтіп, тігінге машықтанады. Қазір Мәншүк өз ісіне машықтанған, кәсібі бар нағыз шеберге айналды.

Шебердің айтуынша әрбір қыз бала үйдің көрпе-төсегіне мән беруі керек. Келген мейман отырған жеріне, төселген төсенішке қарайды. Сондықтан әдемі етіп тігілген, әрі жұмсақ етіп жайылған көрпеше ол үй иесінің айнасы, әрі абыройы.

– Мен бала кезімнен қолөнерге жақын болдым. Анам Раушан Тайшықова тігінші, Қызылорда қаласында тұрады, үйден тігін тігеді. Сіңілім Кәмшат та тігінші. Байқоңырда өз кәсібін жасап отыр. Қазір екі қолды қалтаға салып отыратын уақыт емес. Мемлекеттен берілетін грантты алудың жолын іздеп, кәсібімді кеңейткім келеді. Жылдың барлық мезгілінде жұмыс істейтін цех ашып, мақта түтетін құрылғының жұмыс күшін көбейткім келеді. Сонымен қатар көрпе көктейтін құрылғы алу да жоспарымда бар. Қазір тек кенттен ғана емес, жақын ауылдардан да келіп, мақтасын жаңартқысы келетіндер көп. Әзірге жолдасым Болат көмектеседі. Тапсырыс болғанда неғұрлым аз уақытта орындап беруге тырысамыз, – дейді кәсіптің тың түрін тапқан келіншек.

Бойындағы талабы мен ізденісін ұштастырып, қажыр-қайратын жұмсап, өз ісін ерекше ынта-ықыласпен жасайтын Мәншүк адал еңбектің нанын тауып келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
14 мамыр 2024 ж. 309 0