Асхана ханшайымы Ас мәзірінің шебері Марал Сманованы аудандық аурухананың асханасында 10 жылдан бері еңбек етеді. Оның ас дайындауға деген ынтасы жастайынан басталды. Марқұм анасы Зейнеп көпбалалы ана ретінде балаларының қамы үшін дәмді асты дайындап, ауыздарына тосатын. Кішкентай икемді саусақтарымен ұлттық тағамдардың сан алуан түрін дайындаудың әдісін қаршадай қыз анасынан үйренді. Оқушы кезінен-ақ түрлі тосап пен тұзды қияр әзірлеуге машықтанады. Бала көңілді анасы қызының ынтасына риза болып, мадақтап отыратыны бүгінде сағынышқа айналды. кейіпкеріміз жетістіктерінің бәрін аяулы анасының тәлім-тәрбиесімен байланыстырады.Асқар Тоқмағамбетов ауылында туып-өскен Марал Сманова мектеп бітіріп, сүйікті ісі аспаздықпен шұғылданады. Тоқырау заманымен тұспа-тұс келген жастық шағында қолынан келгенше бәліштің, тағамның небір түрін әзірлеп, мекемелерге өткізеді. Ол бойындағы қабілетін шыңдау үшін арнайы курстан өтіп, қолына маманданған сертификатын да алады. Жоғары білімді маман атанбаса да сол жылдардағы ең ірі қытай компанияларының бірінде қазақ ұлтының асханасы бойынша ас әзірлеудің аспазы болып жұмысқа орналасады. Осы компанияда бірнеше жыл жұмыс істеп, аудан орталығында ашылған «Ақжол» тойханасына аспазшылыққа шақырту алады. Тойхана иесі Л.Дүзімбетова мен әкімшісі Ғ.Мырхиеваның басшылығымен талай той дастарханына ас әзірледі. Меймандарға сапалы ас әзірлеуде талғампаздық танытып, сапалы тағам түрлерін дайындауға үйреткен, шеберлігін шыңдауда ақыл-кеңесін аямаған білікті басшыларға аспаздың айтар алғысы мол.Аспазшылықтың қыр-сырын үйренуге ештеңе кедергі болмайды. Тек адамның өзінде қызығушылық пен талпыныс керек. Аспазшы Марал Сманова елімізге танымал Алматы қаласындағы «Айша» кулинариясында кондитерлік өнімді әзірлеуге машықтану үшін 3 ай бойы үйрену курсынан өтті. Ол үшін мол қаржысын да салды. Ұйғыр, түрік, орыс, қырғыз ұлтының шеберлерінен тіл үйретін дәм әзірлеуді меңгерді. Қазір өз қолымен дәмді бәліштерді дайындап, дастархан мәзіріне қосты.Өткен жылы Алматы қаласына арнайы іздеп барып, әмбебап аспаз Ақмарал Саматаеваның бір күндік шеберлік сағатына қатысып келді. Осы жолы 11 түрлі салаттың жаңа түрін әзірлеуді үйренген.– Ас мәзірі туралы көп ізденіп келемін. Қай жерде жақсы нәрсені үйренуге болатын болса, сонда жетуге асығамын. Қазір адамдардың талғамы да жоғары, түрлі халықтың ас мәзірін дайындағанды қалайды. Сондықтан салаттардың небір керемет түрін әзірлеу үшін аспаз Ақмарал Саматаевадан сабақ алдым. Қазір сол үйренгенімді ас мәзірінде пайдаланамын. Қонақтар ас мәзіріне көңілдері толатынын айтып, сұранысқа ие аспазшы ретінде арнайы мені іздеп келетіндер де баршылық, – дейді асхана шебері Марал Сманова. Негізгі жұмысынан тыс уақытта қосымша табыс тауып, дәмханаларда ас әзірлейтін аспазшы көптің көңілінен шығуда.Аспаздың айтуынша, ас әзірлеу, әсіресе, өте көп мөлшерде тағам дайындау – нағыз есеп. Барлығын өз мөлшерінде есептеп, шығару, азық-түлік мөлшерін нақты білу астың сапасына да әсер етеді. Бұл аспаздың негізгі қызметін атқарғанда, яғни ауруханадағы аспазшылық жұмысында күнделікті кездесетін үйреншікті дағдысы. Науқастарға дәмді ас әзірлеуде ас мәзірін жасайтын маманға да көп нәрсе байланысты. Аурухананың білікті медбикесі Шолпан Қасымова өз мамандығының нағыз білгірі десек артық айтқандық болмас.Аспаз Марал Сманованың жақсы қасиеті – ізденуден жалықпайтындығында. Сұранысқа ие тәтті торт әзірлеудің құпиясын да меңгерген шебердің қолынан шыққан өнімдер талай дастарханның сәнін келтіруде.– Қазір елдегі пандемияға байланысты мейрамханаларда іс-шара өткізу тоқтап қалды. Дегенмен үй иелері ас мәзіріне тапсырыс беріп жатады. Менің көмекшім – немерем Сымбат. Ол қазір түрлі кондитерлік өнімдерді пісіруді үйреніп алды. Сонымен қатар тапсырыс негізінде тағамның барлық түрлерін әзірлеуге тырысамын, – дейді өз ісінің шебері.Отбасында сүйікті жар, балаларының анасы, немерелерінің әжесі Марал Сманова қолы бос, жас келіншектерге, жұмыссыз жүрген жастарға білгенін үйретуден жалыққан емес. Тілек білдіріп, аспазшылықты меңгеремін дейтіндерге шеберлік сағатын өткізуге де дайын екенін айтады ардақты жан.Бибісара ЖАНӘЛІ Қоғам 06 наурыз 2021 ж. 761 0