Аспаздық өнерге арналған байқау
Кәсіби мерекелердің қатарына Аспаздар күні де қосылды. 20 қазанда аталып өтілетін атаулы күнге орай кенттегі №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің оқушылары арасында сайыс өтті.
Ауданға белгілі кәсіпкер Мағрипа Өтепбергенова мектеп аспаздары Гүлнар Құрманова мен Гүлмира Әкімжанованың ұсынысын қабыл алып, оқушылар арасында өтетін байқауға қолдау білдіруге дайын екенін айтқан. Кәсіпкер сайыс болатын күні қатысушыларға демеуші болу жағын қолға алып, сынға түсетіндерге қазылық жасауға келді.
Оқушыларды аспаздық мамандықтың қыр-сырына үйрету, аспазшының қызметімен, аспаздық мамандыққа деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру мақсатында өткен байқауды мектептің аға тәлімгері Н.Күдебаева жүргізді. Байқауға жоғарғы сыныптан бес қыз баламен қатар бір ер бала қатысты. Жас аспаздардың әрқайсысы бірнеше кезең бойынша сынға түсіп, ас мәзіріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, түрлі салат жасап, қамыр жайып шеберліктерін көрсетті.
– Ауданның бірнеше мектебінің асханасымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Қазір мектептерде ыстық тамақ беру мәселесі шешілген. Балалардың құнарлы тамақтануы балалардың денсаулығына, дамуына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан ел Президенті алға қойған міндет үдесінен шығу үшін аспаздардың біліктілігінен бастап, тамақтың сапасына аса мән беріледі. Бүгін №210 мектептің аспазшылары жақсы іс-шара ұйымдастырды. Аспаз қыздар күнделікті балаларға тамақ әзірлеумен қатар уақыт тауып, қызықты сайыс өткізуге ұйытқы болды. Аспаз еңбегін бағалауға тәрбиелеу, балалардың еңбекке деген қызығушылығын арттыру және үлгі көрсету мақсаты қойылды. Сайыс өте қызық, әрі тартымды өтті. Талапкерлердің арасында 1 ер баланың болуы да аспаз мамандығына жігіттердің де қызығушылығы артқанын көрсетсе керек. Ер бала өзінің шеберлігін қыздардан қалыспай көрсетті, – дейді қазылар алқасының мүшесі М.Өтепбергенова.
Аспаздар байқауында ұпай санымен тең түскен Азиза Әлібекқызы мен Аруназ Өмірбайқызына қосымша сұрақтар қойылды. Нәтижесінде сұраққа алдымен дұрыс жауап берген Азиза бірінші орынға лайық деп танылып, демеушінің 15 мың теңге сертификаты табысталды. Екінші орын Аруназға бұйырса, жеңімпазға 10 мың теңге сертификат берілді. Үшінші орынды Тоғжан Ерғабылова алып, 5 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Басқа 3 қатысушы Сәния Хабибуллаева, Анар Қарабасова мен Ерхан Сейіткамалұлына ынталандыру сыйлығы мен Алғыс хат табысталды. Кәсіби мерекеге орай кәсіпкер мектептің қос аспазына тәттіге толы қорап пен қаржылай сыйақыны тапсырды.
Сайыс барысында мектеп аспаздары көрермендер арасында қызықты ойындар өткізіп, жеңімпаздар тәтті сыйлықтан алды.
– Аспаздың еңбегі адал. Таң атысымен мектеп асханасынан табылып, оқушыларға уақытылы ыстық, дәмді тамақ әзірлейді. Осындай қауырт жұмыстың арасында оқушылармен іс-шара өткізуді жоспарлап, сайысты жоғары деңгейде өткізді. Мектеп басшылығы жастарға, олардың тың идеяларын жүзеге асыруға әркез қолдау білдіреді. Бүгінгі сайыс соның көрінісі, әрі тәрбиелік мәні зор. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызда да қыз баланың үй шаруасына икемді болуына, тағамды таза, дәмді етіп әзірлеуіне баса мән беріледі. Оқушыларды ынталандырып, бағалы сыйлық жасап жатқан жергілікті кәсіпкер Мағрипа Өтепбергеноваға алғыс білдіреміз, аспаздар мерекесі құтты болсын, – дейді орта мектеп директоры Света Сақтапова.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ