Семинар-кеңес өткізілді
Сырдария ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлық профилактикасы мен әдеп талаптарын сақтауға байланысты семинар-кеңес өткізілді. Семинарға аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Ешниязов, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Е.Зұлқарнаев, бөлімнің әдіскері Н.Құрақбаева және әкімдікке қарасты дербес бөлімдер, кент және ауылдық округ әкімі аппараттарының жауапты қызметкерлері (оның ішінде квазимемлекеттік сектор) қатысты.
Аппарат басшысы Н.Ешниязов күн тәртібіндегі мәселені кеңінен түсіндіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажеттігін атап өтті. Қатысушыларға сыбайлас жемқорлық қылмысының салдары және оның жауапкершілігі қатаң екендігі туралы түрлі бейнероликтер көрсетілді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Е.Зұлқарнаев түсіндірме жасап, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау және оған жол бермеу мақсатында қажетті шараларды атқару қажеттілігін атап өтті. Баяндама соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл баршаның ортақ міндеті және осы іске әрбір азаматтың қосқан үлесі – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам болып табылатындығын жеткізіп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Кездесу соңында аппарат басшысы Н.Ешниязов аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар жүктеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жалғыз құқық қорғау органдары, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен ұйымдар ғана емес, бұл індетпен күресуді жалпы қоғам болып жүргізу қажет екендігін барша қатысушыларға жеткізді.
Сонымен қатар жұмыс барысында қолданыстағы заңнамаларды қатаң сақтап, заңдылықтың бұзылуына жол бермеу мақсатында тиісті шараларды қабылдау қажеттігі тапсырылды.
Алтынай ЖҮНІСОВА