Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан алдындағы борышын өтеуде

Отан алдындағы борышын өтеуде

Отан алдындағы борышын өтеуге өткен жылы 102 сырдариялық жас өрен аттанған болатын. Олардың қатарында тереңөзектік Нұрдәулет Дайрабаев та бар. Ол қазіргі уақытта Тараз қаласындағы Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5513 әскери бөлімінде ел тыныштығын күзетуде.

«7 мамыр Отан қорғаушылар күні» мерекесі аясында әскердегі сарбаздар «Мен әскердемін» атты әлеуметтік желілер арқылы бейнечелленджін жолдауда. Бұл ретте, біз әскери өмір жайлы әңгімелесу мақсатында жас сарбазбен байланысқа шықтық.

Нұрдәулет Бақытұлы осыдан 4 ай бұрын әскери борышын атқару үшін Тараз қаласына жол тартты. Абыройлы міндетті арқалаған сарбаз ант қабылдап, өзі секілді ел үміттерінің қатарына қосылды. Жас сарбаз Нұрдәулет Дайрабаев отбасында екі ұлдың үлкені.

– Биыл 19 жасқа толатын немерем Нұрдәулет әскерге аттанған кезде аз-кем қобалжыдық. Немеремнің әскердегі жағдайына алаңдағаным рас. Өзі әскери борышын өтеп жатқан немерем байланысқа шыққан уақытта бөлімшесін мақтап отырады. Жақында әпкесі Жайна ұлымыздың жағдайын біліп, әскердегі тәртіп пен негізгі қызметін көзімен көріп қайтты. Еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздармен түскен суреттерін жіберіп отырады. Әрбір перзенттің Отан алдындағы борышын өтеуі нағыз патриоттық пен елжандылықтың көрінісі, – дейді Ұлбосын Жақапбаева.

Жас сарбаз Нұрдәулет бала кезінен ән айтуды ұнатады. Мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан әпкесі Жайна Дайрабайқызымен ән айтып, талай сахналарда өнер көрсеткен. Нұрдәулет Бақытұлы сарбаздар арасында ән шырқап бізге бейнекөрініс жолдады.

– Отан алдындағы борышымды Ұлттық ұлан сапында өтеу бақыты бұйырды. Қырағылық пен төзімділікті серік етіп, әскери өмірге үйреністік. Үйдегі еркеліктен тыйылып, жауапкершілікті сезінудеміз. Өзімнің қатарластарым мен жерлестерімді әскери міндетті абыроймен атқаруға шақырамын, – дейді жас сарбаз.
Өз кезегінде ауданық қорғаныс бөлімінің мамандары көктемгі әскерге шақыру жұмыстары жүргізіліп жатқан­дығын тілге тиек етті. Ал аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ғани Оралов аудан жастарын әскерге баруға шақырды.
– Қасиетті елімізді, ұлаңғайыр жері­мізді қасық қаны қалғанша қорғау – ер азаматтың міндеті. Нұрдәулет секілді айбынды ұлдар еліміздің қорғаны. Бұл ретте, аудан жастарын әскерден қашпауға, қайта белсенді түрде ел қорғауға шақырамын, – дейді Ғани Оралов.

Туған жерден шалғайда жүріп, Отан, ата-ана жайлы ән шырқаған Нұрдәулет Дайрабаевқа әскери борышын абыроймен өтеуге тілектеспіз.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
05 мамыр 2021 ж. 576 0