Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлерді әлеуметтік қорғаудың кепілі

Ардагерлерді әлеуметтік қорғаудың кепілі

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қабылданған жаңа «Ардагерлер туралы» заң ардагерлердің бес әлеуметтік қорғалатын санатын бекітті. Атап айтқанда – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттерде болған ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер, еңбек ардагерлері және заңның күші қолданылатын басқа да санаттағы азаматтар.
Аталған Заңға сәйкес енді ардагерлер қатарына 1992 – 2001 жылдары тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге қатысқан, сондай-ақ 1968 жылы Чехословакияда болған жанжалды реттеуге аттанған, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды жойған, сонымен қатар Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқандар енді. Бұл санаттағы азаматтар жаңа Заң қабылданғанша ардагер қатарында болмаған. Дегенмен азаматтық соғыстың реттелуіне өз үлестерін қосқан жоғарыда аталған әскери қызметшілер бұдан былай Заң бойынша мемлекеттік қолдауға ие болады. Бұл санаттағы ардагерлерге арнайы мемлекеттік жәрдемақы белгіленген.
«Ардагерлер туралы» Заң мемлекеттілікті, елдікті қорғайтын азаматтар бойына келешекке деген сенімді нығайтады. Бір ғана мысал, соңғы жылдары ер азаматтар арасында Отан алдындағы парызын өтемеу үшін түрлі сылтау айтып, әскерден бой тасалап жүргендер кездеседі. Жастардың ниетін өзгерту үшін – аталған Заң аясында, әсіресе әскери қызметшілерді мемлекеттік қолдауды күшейту мен олардың сол келеңсіздіктің алдын алатынына сенім мол.
Сонымен қатар жаңа Заң ардагерлердің тағы да басқа әлеуметтік қорғалатын санатының мәртебесі айқындалған.Әлеуметтік көмекті Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілгендермен қатар «Құрмет», «Даңқ», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегерлері алатын болады. Сондай-ақ «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар, соғыс жылдарында кемінде 6 ай жұмыс істегендер, әскери қызмет атқарғандар және Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанқиярлық ерлігі мен мінсіз әскери қызметі үшін КСРО ордені және медальдармен марапатталған адамдар мемлекеттік қолдауға қол жеткізеді.
Ұлы Отан соғысының ардагері нақты алатын көмектің қатарында тұрғын үй мен жер телімі бар. Заңға сәйкес ардагер тұрғын үйге мұқтаж деп танылса және бұрын бірінші кезекте пәтер пайдалану құқығын пайдаланбаған болса, жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар оларды біржолғы бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етуі керек. Жеке тұрғын үй салу үшін біржолғы бірінші кезекті жер учаскелерін алу құқығы, коммуналдық тұрғын үй қорының үйлеріндегі өзі тұрып жатқан пәтерлердің еліміздің тұрғын үй заңнамасына берілген тәртіппен меншігіне беруі қарастырылады.
Егер ардагер қайтыс болса, оған берілген тұрғын үйді тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтуі тиіс деп нақтыланған.
Салық салу мәселелері бойынша Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен оларға теңестірілген тұлғалар көлік, мүлік салықтары, соттарда мемлекеттік баж төлеу, азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде және тағы басқа салық пен мемлекеттік баждан, жалпы салықтың 11 түрінен босатылған.
Ауқымы кеңейген «Ардагерлер туралы» Заң еліміз бойынша 180 мыңнан астам ардагерлерді мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етеді.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ

12 мамыр 2020 ж. 524 0