Елу төрт жылдан кейінгі кездесу
Ардагер-журналист Мүсілім Қалмұратұлының есімі аудан жұртшылығына етене таныс. Тазалық пен туралықты ту еткен азамат бүгінде аудандық газет редакциясы жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін атқаруда. Қай кезде де досқа адал, кішіге қамқор азамат осыдан елу төрт жыл бұрын әскери парызын бірге өтеген достарының басын қосып, көктемнің шуақты күнінде шаңырағынан дәм татқызды.
Елу төрт жыл деген бір кісінің ғұмыры ғой. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. «Елу жылда ел жаңа» дейтін болсақ елу төрт жылдан кейінгі бас қосуды тарихи кездесу деп ой сабақтауға да болады. Ал осынау тарихи кездесуге айдынды Арал мен жаңарған Жаңақорған арасын қоныстанған, жалынды жастық кезеңін бірге өткерген, арада қаншама жыл өтсе де достықтың алтын арқауына сызат түсірмеген азаматтар жиналғанын ерекше айтып өтуіміз керек.
Өткен күнге сәл шегініс жасайтын болсақ, ардагерлер 1969-1971 жылдары Отан алдындағы борышын бірге өтепті. Күз айында әскерге аттанған азаматтар өз парыздарын Алматы қаласындағы 11863/1-2-3 әскери бөлімінде атқарған. Тепсе темір үзетін сырбойылық жігіттер әскерде танысып, екі жылдың ішінде айрылмас дос-бауыр болып, араласып, хабарласып, қатынасып тұруға серттесіпті. Серт – азаматтың айбары емес пе?! Сол азаматтық айбарға айналған уәдеге әлі күнге сызат түспеген. Бұл – жігіттердің тектілігі ғана емес, игілікті іске ұйыса білген ептілігі. Ендеше, бұл жолғы басқосу бірінші де, соңғы да басқосу емес. Мұны ардагерлердің өзі ерекше екпінмен айтып өтті.
– Біз арамыздан өз басшымызды сайлағанбыз. Ол азаматтың аты-жөні – Тұрсынбай Дүйсенов. Жаңақорғандық азамат 2019 жылы 50 жылдығымызға орай басымызды қосып, үлкен іс-шара өткізді. «Бәйтерек» деген мейрамханада бас қосып, өткенді еске алдық. Арамызда жоқ азаматтардың рухына Құран бағыштадық. Тірілеріміз бір-бірімізге ақ тілектерімізді арнадық. Өмірдің бір аты – көңіл. Сол көңіліміздің кеңдігі шығар, әлі күнге араласып, бір-бірімізді іздеп тұрамыз, – деп бастады Мүсілім Қалмұратұлы бізбен әңгімесін.
Замандас досының сөзін жалағаштық Алпамыс Кіребаев қуаттай түсті. Ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен ақынжанды азаматтың айтуынша, достықтың адам өмірінде алатын орны ерекше екен. «Тіпті дос деген ұғым кейде туыстан да жоғары тұрады» дейді ол.
– «Сыры да бір, жыры да бір достарым» деген ән мәтіні біздерге арналып жазылған секілді. Біздің сырымыз да, жырымыз да бір. Талай қызықты кезеңдерді бірге өткердік. Әскери бөлім – тәртіптің, тазалықтың ордасы. Біз жалынды жастық шағымызда тәртіпке бағынып, тазалықты ұстанып, Отан алдындағы парызымызды абыроймен бірге атқардық. Сол кездерді бүгінде сағына еске аламыз. Бәріміз жас едік, арманымыз асқақ, мақсатымыз айқын болатын. Сол мақсатқа достарымызбен бірге жетеміз деп серттескенбіз. Сондықтан әлі күнге сол серттен айнымай қуанышта да, қайғыда да бір-бірімізге тілеулес болып келеміз. Меніңше, дос деген ұғым кейде туыстан да жоғары, қымбат. Достықтың қадірін нағыз достар ғана біледі, – деп ой түйіндеді Алпамыс Кіребаев.
Иә, ардагердің айтқан сөзінің жаны бар. Халқымыз дос ұғымына, бабаларымыз достық қарым-қатынасқа ерекше мән берген. Бұл жөнінде араласып, сыйласқандарына елу төрт жыл болған азаматтардың кездесуі барысында жаңақорғандық Жарқынбек Әбілпейізов тереңірек әңгімелеп берді.
– Ертеде бір жас бала қариядан достық туралы сұрапты. Сонда өмірлік тәжірибесі мол ақсақал достықты үшке бөлген екен. «Бір дос бар – мұрыннан қан кеткенше, бір дос бар – қорадан мал кеткенше, бір дос бар – кеудеден жан кеткенше» депті ақсақал. Біздің де тарихтан, діннен хабарымыз бар. Қажылыққа барып, мұсылманға міндеттелген бес парыздың бірін өтеп келдім. Асыл дінімізде де достықтың қадірі ерекше бағаланады. Біздің достығымызды әлгі үшке бөлінген достықтың үшіншісінен де тереңірек. Өйткені, кеудеден жаны кеткен достарымызда да ұмытпаймыз. Осындай басқосуларды еске алып, жақсылығын дәріптеп, тағылымды әңгімелер айтамыз. Тереңөзектік Мүсілім бауырымызға алғысымыз шексіз. Отбасына шақырып, дастархан жайып, құрметтеп жатыр. Сырдарияға тек тойға, жақсылыққа келейік деп тілек қосқым келеді, – деді Жарқынбек Әбілпейізов.
Айта кету керек, тағылымы мол кездесуге Жаңақорғанның Әбдіғаппар ауылынан Өтебек Орынбеков, Сүттіқұдықтан Тұрсынбай Дүйсенов, Қожакенттен Жарқынбек Әбілпейізов, Қызылорда қаласынан Сәрсенбек Раманқұлов, Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылынан Алпамыс Кіребаев, өз ауданымыздың Тереңөзек кентінен Сабыр Салимов, Асқар Тоқмағамбетов ауылынан Серікбай Қошқаров жары Патымамен, Төлепберген Нұрмағанбетов, Қоғалыкөлден Жақыпбек Көмірбаев арнайы келген. Мұнан бөлек шағандық Шәкімбай Сыздықовтың әйелі Баян апай да қуанышқа ортақтасуды жөн көрген. Және де аралдық Мырзабай Дүзімбетов денсаулығына байланысты келе алмаса да телефон арқылы тілектестігін білдірді. Бәрінің жүзінде қуаныш, сөзінде ерекше бір ілтипат бар. Шынайы сезім мен дархан көңілді бір арнаға тоғыстырған ардагерлердің кездесуін көріп, қолға қалам алмау мүмкін емес.
– Жасымыз жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне бағыт алдық. Бұйырса тоқсанның төріне де, ғасыр ғұмырдың биігіне де шығармыз. Біз Отан алдындағы міндетімізді Алматы қаласындағы Орта Азия әскери округінің №11863/1-2-3 әскери бөлімінде өтедік. Бір қызығы дәл осы әскери бөлімде 1968-1970 жылдары көрнекті жазушы, ұлт қайраткері Әбіш Кекілбаевпен әскери борышымызды бірге өтедік. Бұл – біз үшін зор мақтаныш, – дейді ардагерлер.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, елу төрт жыл деген бір кісінің ғұмыры. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Сондықтан Мүсілім Құлмұратұлының шаңырағындағы бұл жолғы кездесуді тарихи кездесу деуге де болады. Ең бастысы, біз тарихи кездесуден тағылым алдық. Ол тағылым тарихпен де, бүгінмен де, болашақпен де ұштасады. Сондықтан ардагерлерге зор денсаулық, абырой-амандық тілейміз!
А.ИБРАГИМҰЛЫ