Ұлы қызметтегі аға буын ұстаздар
Ауылдағы білім ошағында ұзақ жылдан бері еңбек етіп, ұстаздық жолда дараланған қос ұстаз және оқушылардың білім алуына, ой-өрісінің кеңеюіне зор үлес қосқан ардақты жандар қай кезде де құрмет төрінде. Перуза Миянова, Күнзила Ибадуллаева мен Райхан Мейірманова биылғы жылы ардагерлікке қадам басқалы тұр.
Перуза Миянова – Аманкелді ауылындағы мектепте еңбек жолын бастаған білікті де жаңашыл ұстаз. Тәжірибелі педагог өзіндік бағытымен ерекшеленіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруде. Қырық жылға жуық уақыт төккен маңдай тердің арқасында шәкірттері білім сынағында жоғары балл жинап, үздік нәтиже көрсетіп келеді. Шәкірттерінің арасында республикалық, облыстық, аудандық пән олимпиадаларында жүлделі орын алғандары жетерлік. Ардақты ұстаз өз сөзінде: «Ұстаздық – ұлы қызмет. Жауапкершілікті қажет ететін қызметтің жақсы нәтижесін көру – үлкен бақыт. Осынау жылдар ішінде білім мен тәрбие берген шәкірттерімнің алды еліміздің түкпір-түкпірінде елге беделді қызмет етуде. Кейінгілері жоғары оқу орындарында білім алу жолында. Бұл тұста мен өзімді бақытты ұстазбын деп есептеймін» деген болатын.
Педагог-зерттеуші атағын иеленген ұстаз үш мәрте ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, министрліктің Алғыс хатымен, «Сырдария ауданына 90 жыл» мерекелік медалімен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Орта білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ардақты ұстаз жұбайы Исабай Жүсіповпен 5 баланы дүниеге әкелген берекелі отбасы.
Күнзила Ибадуллаева алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен Ақжарма ауылынан бастады. 1984 жылы Аманкелді ауылының тумасы Қызылбай Жүсіповпен отбасын құрып, 3 баланы дүниеге әкелді. Отбасылық өмір мен ұстаздықты ұштастыра білген Күнзила апай көптеген аудандық, облыстық, республикалық марапаттың иегері атанды. «Үздік сынып жетекшісі», облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын, «Үздік сабақ – озат тәжірибе» байқауында 1-дәрежелі дипломын, «Инновация» республикалық педагогикалық орталығының «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісін иеленді.
Өмір жолының 41 жылын ұстаздық қызметке арнаған Күнзила Ибадуллаева ардагерлікке абыроймен жеткен, еңбек жолы жас мамандарға үлгілі ұстаз.
Кітапханашы Райхан Мейірманова 1986 жылдан бастап Аманкелді ауылдық кітапханасында қызмет атқарды. 2001-2002 оқу жылынан бүгінгі күнге дейін №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейде кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Райхан Абылайқызы 40 жылдық еңбек жолында оқушылардың ой-өрісінің кеңеюіне орасан зор үлес қосып келеді. Асыл қазына – оқулықпен қамтамасыз етіп, әрбір кітапты көздің қарашығындай сақтап, насихаттауға бар білім-білігін салып, аса жауапкершілікпен қарайды.
Ұзақ әрі қажырлы еңбек жолында Райхан Абылайқызының жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтар болсақ, облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, аудандық білім бөлімі ұйымдастырған «Ең үздік мектеп кітапханашысы – 2010» байқауының жеңімпазы, ауылдық округ әкімінің, мектеп-лицей директорының Алғысымен марапатталды.
– Мектеп-лицей ұжымының аға буын ұстаздары мен қызметкері әрдайым білім шаңырағының абыройын асырып, білім саласына еңбектерін сіңірді. Ұстаздарымыздың алды зейнеткерлікке шықса, алдағы уақытта Перуза Миянова мен Райхан Мейірманованы ардагерлікке құрметпен шығарып салатын боламыз. Ұстаздарымыздың ұшан-теңіз еңбектеріне, шәкірт тәрбиелеу жолындағы үлгі-өнегесіне ризашылығымызды білдіреміз. Кейінгі жас мамандар, ұстаздар қауымы аға ұрпақтың мінсіз қызметін лайықты жалғастыратын болады деген сенімдеміз, – дейді мектеп-лицей директоры Бағдат Рахменов.
Бибісара ЖАНӘЛІ