Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғысқа бөленген дәрігер

Алғысқа бөленген дәрігер

Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі адам жанының арашасы болып, ақ халатты абзал жан атана алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандықты игеру жеткіліксіз. Білікті дәрігер болуға адам өміріне жауапкершілік, ерекше құлшыныс пен күнделікті ізденіс, біліктілікті арттырып отыру маңызды. Медицина маманына үлкен жүректілік те аса қажет.

Сырдария ауданында эпидемиологиялық ахуал күрделене түскенде аудандық аурухана дәрігерлері мен мейірбикелері қауіп-қатерге қарамастан, кәсіби борышын абыроймен атқарды. Эпидахуалды қалыпты жағдайға келтіруде медицина қызметкерлерінің атқарған қызметі зор. Олардың қатарында жас маман болса да індетпен күресте жанкешті еңбек еткен Үмбігүлсім Жаңақұлованы ерекше атауға болады.

Үмбігүлсім Нұрлыбекқызы 1993 жылы Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Аудан орталығындағы №131 орта мектептің түлегі жастайынан дәрігер болуды армандайды. Сол арманның жетегінде орта мектепті бітіріп, Астана қаласындағы медицина университетінің «Жалпы медицина» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Ал одан кейін білімін жетілдіріп, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша интернатурадан өткені.

Дәрігер дипломын алған жас маман ауданға келіп қызмет етуде. Аудандық емхананың жалпы тәжірибелік бөлімінде дәрігер қызметін атқарып, басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың еміне шипа жасауға еңбек етуде.

Жас дәрігер короновирус індеті өршіген тұста аудандық провизорлық бөлімшеде дәрігерлік қызмет етті. Ем-дом үшін қажетті шараларды жасап, науқастардың аурудан айығуына септігін тигізді. Сол үшін де көпшіліктің алғысына бөленді.

– Жұқпалы індет бізді айналып өткен жоқ. Дене қузым көтеріліп, нәтижесінде инфекцияның белгілері анықталды. Аудандық провизорда ем-дом жасалды. Маған жас дәрігер Үмбігүлсім емдеу шараларын жасап, аурудан айығуыма еңбек етті. Ауырған адамның жай-күйі белгілі ғой, көңіл-күйің болмайды, маза қашады. Сондай сәттерде жігерлі сөздер айтып, жылы шырай танытқан дәрігердің қызметіне риза болдым. Қауіпті саналған індеттен құлан таза айықтырған дәрігерге және мейірбикелерге алғысымды білдіремін, – дейді аудан тұрғыны Б.Әбілдаев.

Медицина саласында жас жігерімен еңбек етіп жүрген Ү.Жаңақұлова секілді жастар аудан медицинасының дамуына үлес қосады.

Е.БЕРКІНБАЕВ.
21 тамыз 2020 ж. 924 0