Жаңашылдыққа батыл қадам жасаған
«Ұрпақ саулығы – ұлт байлығы» деп бекер айтылмаған. Халқымызда «жақсы дәрігер ауруды жазады, жаман дәрігер ауруға ауру қосады» деген даналық сөз бар. Медицинаның атасы Ибн Сина: «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз» деген. Міне, осындай игі қасиет дәрігердің бойында болса ғана халықтың сүйіктісіне айналады.
Біздің кейіпкеріміз аудандық емхананың дәрігері Салтанат Бакишева – жауапты мамандықтың өкілі. Үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласын жетік меңгерген, халықтың сүйіктісіне айналған дәрігер.
Салтанат Карбозқызы 1983 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын емдеу ісі бойынша бітіріп, жас маман ретінде алғашқы еңбек жолын Сырдария аудандық емханада психиатр болып бастайды. 2010 жылдары терапевт, педиатр, аймақ дәрігерлерін жалпы дәрігерлер аймақтарына оңтайландыру жүргізілген кезде жалпы тәжірибелі бөлім меңгерушісі қызметін бірнеше жыл бойы атқарады. Бүгінде аудан тұрғындарының алғысына бөленген дәрігер жалпы дәрігерлік салада да тәжірибесі бар білікті маман. Емханадағы жемісті жылдар ішінде жақсы қырынан таныла білген дәрігер 2016 жылы функционалды диагностика бойынша білімін жетілдіреді. Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті базасында 4 ай бойы білімін жетілдірген дәрігер медициналық аппараттарда жұмыс істеуге машықтанады.
– Дәрігер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіп, үйреніп жүрсе, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға қосатын үлесі зор болады. Аудандық емхана пайдалануға берілген жылы жаңа медициналық аппараттар қоса берілген болатын. Арнайы маманның болмауынан аппараттар пайдаланылмаған. 2016 жылы сол кездегі бас дәрігер Манат Рүстемқызына ұсыныс айттым. Бас дәрігер ұсынысты қолдап, оқуға жіберді. Сөйтіп, холтер, смарт, спирография аппараты қызметін меңгеруге байланысты оқудан өттім. Қазір аудан халқына осы 3 аппаратпен қызмет көрсетіп келеміз. Шын мәнінде бұл науқастардың денсаулық жағдайын бақылауға, қандай да бір асқынуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Өте тиімді аппаратпен ай сайын 60-қа жуық науқасқа медициналық көмек көрсетеміз, – дейді білікті дәрігер.
Бірінші санатты дәрігер Салтанат Карбозқызының негізгі қызметі психиатр болғандықтан емханада диспансерлік есепте тұрған 560 науқастың денсаулығын бақылап отырумен қатар, жоғарыда айтылған медициналық аппараттармен жұмыс істейді. Күн сайын кезекпен келетін науқастарға аса ыждағаттылықпен орнатып, бір тәулік өткенде аппаратты ажыратады. Маман тәулік бойы жұмыс істеген аппаратты алған соң, көрсеткіштерді оқып, қандай да бір ауытқу болса, ем алуға арнайы мамандарға жолдайды. Бұл дәрігердің негізгі жұмысымен қоса атқаратын қызметі.
Ауданның медицина саласына психиатр болып үлес қосып келе жатқан дәрігер бұл маманның атауына тұрғындар үрпиіп қарайтынын айтады. Ал дәрігер алдына келгенде көбіне келушілер ол көзқарастан айниды. Себебі келушілерді өзінің жайдары мінезімен, салихалы да сабырлы қалпымен қарсы алатын дәрігерге көңілдері толып, ризашылықтарын білдіреді. Шын мәнінде көңілі жабырқаулы жанға ең алдымен жақсы қарым-қатынас жасау оның кәсіби шеберлігін көрсетсе керек. Науқаспен әңгімелесіп, жағдайын зерделеу арқылы дұрыс ем жүргізу ғана оң нәтиже беретінін ақ халатты абзал жан жақсы біледі.
– Әріптесіммен бірнеше жылдан бері ауданның денсаулық саласында бірге қызмет етіп келемін. Салтанат Карбозқызы ауданда алғашқы психиаторлардың бірі. Функционалды диагностиканы да өте жақсы меңгерген. Біліктілігін үнемі арттыратындықтан, емханадағы көптеген маманның орнын кез келген уақытта ауыстыруға білімі де білігі де жетеді. Әріптесім бас дәрігердің аудит жөніндегі орынбасары, амбулаторлық оңалту бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды. Қазіргі уақытта тар буынды мамандандырылған бөлімнің меңгерушісі қызметін қоса атқарады, – дейді әріптесі Жанар Әшімқызы.
Адамның жүрегіне жол таба білетін дәрігер психиатрия саласында кездесетін кедергілермен үнемі жұмыс жүргізеді. Өйткені психиатрдың қабылдауына келуге көп адам жүрексінеді. Одан қалды ел-жұрттың жағымсыз пікірлері де дертке шалдыққандарға дер кезінде медициналық көмек көрсетуге кедергісін келтіреді екен. Сондықтан білікті дәрігер әсіресе, баланың бойынан қандай да бір кеш дамушылықты, тілінің кеш шығуын байқаса, дереу учаскелік дәрігерге көрсету қажеттігін айтады. Өз кезегінде учаскелік дәрігер қажетті маманға жолдайды. Қазір балалардың арасында көп кездесетін сөйлемеу, дамуының кешеуілдеуі бұл психологиялық ауытқулардың алғашқы белгісі болуы мүмкін.
– Медицина саласына келгенімде бізге жас маманға қолдау білдіріп, үнемі бағыт-бағдар беріп отырған ардақты дәрігер Тәжігүл Жорабекқызының еңбегін ерекше бағалаймын. Жас мамандарға тәлімгер бола білген дәрігерден білмегенімізді сұрап, көп нәрсені үйрендік. Жұмыс барысында туындаған сұрақтар бойынша ақыл-кеңесін аямайтын. Науқастармен қалай сөйлесу керектігін, дәрігер тек қана жақсы қырынан танылуы арқылы жақсы маман болып қалыптасатынын үнемі айтып отыратын. «Ерінбей, ізденіп, тәжірибе алмаса білу керек. Ең бастысы кішіпейіл, қарапайым, адами қасиетке ие болса, жақсы дәрігердің қатарынан көрінесің» дейтін тәлімгеріміз. Тәжігүл Жорабекқызының маман болып қалыптасуыма қосқан үлесі зор деп айта аламын. 17 жыл еңбек өтілімде халық денсаулығын қорғауға, жақсартуға бағытталған қызметімде қолымнан келгенше алғыс алуға тырысып келемін, – дейді Салтанат Карбозқызы.
Антына адалдық танытқан дәрігердің еңбегі де бағаланған. Әр жылдары сала басшылығынан алған Алғыстары мен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан алған марапаттары бір төбе. Ал «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» республикалық байқауына белсене қатысып, ұсынған жұмыстары үздік деп танылғаны үшін арнайы номинациямен марапатталуы дәрігерге одан сайын жауапкершілікті арттырып, әрі қарай рухани жігер мен күш беретін сенім.
Өз ісінің білгірі, алғыс арқалаған дәрігер Салтанат отбасында сүйікті жар, ардақты ана. Жұбайы Бақытжанмен Лашын мен Аршан есімді ұл қыз-тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Қоғамға адал қызметімен үлес қосып отырған білікті маман жаңашылдыққа қадам жасауға батылдық таныта береді деген сенімдеміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ