Еңбегімен елге сыйлы
«Өнер – өміршең, мәдениет – мәңгілік» дейміз. Алайда осы өнердің өміршеңдігін сақтап қалу жолында саналы ғұмырын арнап, руханиятымыздың жандануы үшін жан аямай еңбек етіп жүрген жандар бар арамызда. Шіркейлілік Нұржамал Жүзбаеваның есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Отыз жылдан астам уақытын мәдениет саласына арнап, елеулі еңбегімен еліміздің Мәдениет саласының үздігі атанып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жан туралы қалам тербемекпіз.
Ақпарат жинау барысында кейіпкерім туралы Астана қаласындағы Р.Бағланова атындағы Қазақконцертте қызмет істейтін апайдың шәкірті Ержан Алданазаровтың әлеуметтік парақшасындағы мына пікірі маған ерекше әсер етті. Сөзбе-сөз оқырманмен бөлісуді жөн көрдім. «Шіркейлі – Қалтайдай тау тұлғаны тудырған топырақ. Талай талант туған жерім деп төбесіне көтеретін де осы ауыл. Тоқыраудың тоңмойын тоғышарлары тас-түнек, қапаста қатігездікпен қамап тастаған азаттықтың ақ кептері Алаш азаматтарының аспанында қалықтай бастаған тұста қалталы қазақ қара басының қамы үшін жаппай жекешелендіруден бірдеңе іліп алып қалғысы келетін. Совхоз біткеннің бүкіл дүниесі талан-таражға түсіп, мал-мүлік мардымсыз тиын-тебенге сатылып кетті. Əр ауылда болатын дом быта, қонақ үй, медпункт, балабақша, клубтар мен аптекалар құрдымға кеткен кез-тін. Қайтақұрудың қақпанында тұрған мəдениет үйінің аман қалуына Шіркейліде шырылдаған бірден-бір кісі – Жүзбаева Нұржамал Əбілдақызы болды. Бала күнімізде есімізде, өкіметтен жылытуға ақша бөлінбеген соң үйіндегі көмірін күн сайын тасып, бірнеше жыл қатарынан мəдениет үйін өз күшімен жылытып жүрді. Райкоммен екі ортада шапқылап, əйтеуір жекешелендірмеу үшін жүгірген еңбегі еш кетпеді. Өнерге икемі бар баланың бəрін қанатының астына алды. Қияға қанат қақтырды. «Əу» деуге қабілеттінің бəрін ауылдың сахнасына шығарып, халыққа қайталанбас қуаныш сыйлауды ай сайынғы дəстүрге айналдырды. Мектептің директорынан бастап сауыншыға дейінгі шіркейліліктерді достық шаңырағына жинап, əн салдыратын мықтылығы болды бұл кісінің. Мерейі тасыған мəдениет үйін күнде мерекеге айналдырды. Осылай жүріп 33 жыл, 3 ай, 3 күннен кейін зейнетке шықты. Шыққанда да «Мəдениет саласының үздігі» болып шықты» деп жазады бүгінде мәдениет саласында елеулі еңбек етіп жүрген Е.Алданазаров. Бұл – Нұржамал апаймен қатар жүріп, тәлімін көрген жандардың шынайы, ақпейіл пікірі.
Жүрген жерін нұрға бөлеп, думандатып жіберетін Нұржамал апай – аудан орталығынан шалғай жатқан Шіркейлі ауылының тумасы. Небәрі 18 жасында алғашқы еңбек жолын ПМК-18 құрылыс мекемесінде сылақшы-бояушы болып бастаған. Қай жерде жүрсе де бұлбұл даусымен әуелете ән салып, айналасын мерекеге бөлеп жүретін бойжеткен арманына адал болды. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы училищені «Ән сабағының мұғалімі, музыкалық жетекші» мамандығымен тәмамдаған. Алғашқыда ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып тәжірибе жинап, кейін мәдениет саласына ойысқан. Отыз жылдан аса уақыт табан аудармастан Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметін абыроймен атқарды. Нұржамал апайдың мәдениет саласындағы атқарған шаруасы есепсіз. Өзі басшы, өзі жезтаңдай әнші, өзі кез келген рөлді сомдаған әртіс, мың бұралған биші де өзі. Түрлі іс-шараны лайықты ұйымдастырып, руханият пен мәдениетке өлшеусіз үлес қоса жүріп, шәкірт те тәрбиелеген ұстаз. Шәкірттері де осал емес, халықаралық байқауларда топ жарып, республикалық театрларда өнер көрсетіп жүрген шәкірттердің бұл күні өз алдына шәкірт тәрбиелеп жүргендері де бар.
– Үлкен аталарым Шіркейліге белгілі адамдар. Арғы атам Жүзбай кезінде ел басына күн туған шақта балық аулап, бір ауылды асыраған адам. Атам Сәрсенбай да елге белгілі азамат, тектінің тұяғы, ауылға аудан орталығынан бір пұт күріш әкеп еккен алғашқы диқан болған. Бұл кісінің атында ауылда үлкен көше бар. Ал әкем Әбілда техника тілін меңгерген, тылда еңбек еткен. Ұлы Отан соғысы басталғанда небәрі 12 жастағы балаға ауылдағы білекті әже, апалар тракторды оталдырып, мінгізіп жібереді екен. Кейін көлік жүргізуші болып 47 жыл темір тұлпарды тізгіндеген, қара еңбектің майталманы болып зейнетке шыққан. Аталарым осындай елдің қамын жеген, ел үшін туып, халық үшін қызмет қылған жандар. Ата, әкемнің ән айтқаны есімде жоқ, анам Дәмегүл әнді жақсы айтатын. Менің бойымдағы өнер анамның ақ сүтімен бойыма дарыған болса керек. Мектеп қабырғасынан бастап өнерге бір табан жақын болдым. Ән салып, би билеп, ең алғашқы сахнам – мектеп залы еді. Әрине өнер мен талантты шыңдамаса, құр қалары анық. Осы ретте менің бойымдағы талантты байқап кәсіби түрде жетілдіруге ықпал еткен ұстаздарыма әлі күнге қарыздармын, – дейді өнерпаз.
Нұржамал апай туралы көп ой айтуға болады. Жеткен жетістіктері де жетерлік. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған кейіпкеріміздің еңбегі лайықты бағаланып келеді. Құрмет грамотасы, алғыс хат, түрлі деңгейдегі дипломдармен қатар «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Ел ардақтысы», «Үздік ұстаз» төсбелгілерінің орны бөлек. 2500 ғана халқы бар ауыл мәдениетін жан-жақты жандандырып, сол кезде «Ақ дариға» әжелер ансамблі, «Көңілашар» әзіл-сықақ отауы, «Шаттық» би тобы – үш ұжымның бірдей «халықтық» атағын алуы – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік.
Айтпақшы, апай өнерімен де, еңбегімен де елге сыйлы болған жан. Ауылдық мәдениет үйін сақтап қалғаны туралы жоғарыда келтірілген пікір сөзімізді дәлелдей түседі. Сонымен қатар нәзік жанды өнерпаз «басшымын» деп кеуде кермей, мәдениет үйінің гүлденуіне еңбек сіңірген. Өзі жұмыс істеген жылдары 200-ден астам құмыра гүл, аулаға нешебір ағаш өсіріп, мәдениет үйін гүл-баққа айналдырған. Тазалыққа ден қойып, ай сайын ақтау-сырлау жұмыстарына да өзі кірісіп кетеді екен. Сырттан келген қонақтар мен басшылар «қыз бала басшылық етіп отырған жер осындай болуы керек» деп жылы лебізін талай білдірген. «Бағбандық қасиет аталарымнан дарыған» деген ардақты ардагер сүйікті ісінен қазір де қол үзбегенін айтады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ