Жаңашыл жас маман

Мемлекеттік қызметтің өзіндік бір-біріне ұқсамайтын ерешілігі көп. Негізінен, мемлекеттік құрылымдарды зерттеу арқылы жергілікті халықтың әлеуетін көтеру басты маңызға ие. Тікелей халықпен тығыз байланыста болатын мемлекеттік қызметші Ережеп Есенкелдіұлы үнемі әкесінің ақыл-кеңесіне құлақ асады. Кәсіби тұрғыдан өз-өзін жетілдіре түсетін жас маман заманауи бағыттағы жұмыс үлгісіне машықтанған.
Ауылдағы №139 орта мектептен білім алған ол Қорқыт ата атындағы университетте «Кәсіптік білім беру және бейнелеу өнері» мамандығын меңгерді. Аталған мамандықты үздік тәмамдаған Ерекең «Педагогика ғылымдарының магистрі» атанады. Бұдан кейін жас маман өзі оқыған білім ошағына мұғалім болып жұмысқа орналасады. Кейіннен Айдарлы ауыл әкімшілігінің бас маманы қызметіне тағайындалған.
– Талай жастың киелі шаңырағына айналған білім ордасында ұстаздық қызметтің қыр-сырына қанықтым. Педагогика саласында тәжірибе жинақтап, көшбасшы болуға ұмтылдым. Халық баласын оқытуда нағыз күрескерлік қасиет әрбір адамға керек. Ал ауыл әкімшілігінде сан салаға қатысты атқарылатын қыруар жұмыс көп. Әрбір тұрғынның тілегіне құлақ асып, мәселенің шешілуіне себепкер боламыз. Бас маман ретінде халық санағы, кадрлық қызмет, шаруашылық бағыты, іс-қағаздар жиынтығы, жалпы ауыл жайында толыққанды мәлімет жинаумен айналысамын. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Әкемнің ізгілікті жолын жалғастырғанымды мақтан етемін, – дейді жаңашыл жас маман.
Өз саласына байланысты кез келген мәселенің түйінін тарқатуға дағдыланған Ережеп Есенкелді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың «Алғыс хатымен», аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Білім саласы бойынша бірқатар жетістікке қол жеткізген.
Белсенді жастың зайыбы Нұрила Кенесарова мәдениет саласында қызмет етеді. Бүгінде жас отбасында 1 перзент өсіп келеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ