Ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлес қосқан
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең құл болмақшы» деген. Ұрпақ тәрбиесінде ер мұғалімнің алар орны ерекше әрі маңызды. Қазіргі таңда статистикаға көз жүгіртер болсақ, аудан педагогтарының 80 пайызы – әйел адамдар болса, 20 пайызы – ер мұғалімдер. Бүгінде сын сағатта сынып кетпейтін рухты ұрпақ тәрбиелеуде Асан Пірназаровтың еңбегі ұшан-теңіз.
Сыр салысын өсіруде даңқы көкке өрлеген Шіркейлі ауылының тумасы Асан Оспанұлы №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицейде 36 жылдан бері табанды қызмет етіп келеді. Әрқашан тәртіп пен білімді бірінші орынға қоя білген ұстаз алғашында дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Содан соң алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып өз еңбек жолын жалғастыруда. Жүзі суық болғанымен, жүрегі жұмсақ ұстаз «алғашқы әскери дайындықтан сабақ беруіме түрткі болған себеп – еліне қорған болатын, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу» дейді.
– Ұлы ұстаз Әбу Насыр Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген.Расында, тәртіп болмаған жерде еңбегің еш кетеді. Мектеп кезінен ер балаларды әскери өмірге үйретіп, бағыт-бағдар беру – менің міндетім және азаматтық парызым. Келешекте Отанға адал қызмет етіп, егеменді еліміздің көк байрағын жоғары көтеріп, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосады. Еліміздің жанашыр ұрпағын тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етеміз, – дейді тәжірибелі маман.
Әрқашан оқушылардың бойына азаматтық, патриоттық сезімді қатар сіңіру бағытында аянбай еңбек етіп келе жатқан мұғалімнің бағындырған белестері, жеткен жетістігі біршама. Ұлағатты ұстаз «Жергілікті әскери басқару органдарына – 90 жыл», «Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтің туғанына – 90 жыл», «ҚР Қарулы күштеріне – 25 жыл», «Жергілікті әскери басқару органдарына – 100 жыл мерекелік медальдарымен марапатталған. Мұнан бөлек аудандық, облыстық, республикалық Құрмет грамотасы мен Алғыс хатты да қажырлы еңбегінің арқасында иеленіп келеді. Орал қаласында өткен ҚР әскери жетекшілер арасындағы сайыста жүлделі І орын иегері атанып, Алғыс хат және «Алғашқы әскери дайындық пәнінің үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сонымен қатар «Жас сарбаз», «Жас құтқарушылар» үйірмелерінің жұмысының қарқынды дамуына да өз үлесін қосып жүр. Қазіргі таңда оқушылары да толағай жетістіктерге жетуде. Бұдан бөлек, Асан Пірназаров «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісім шарты әскерінің тобы» ардагерлерінің Сырдария ауданы бойынша Қоғамдық бірлестіктің төрағасы екенін айта кетейік.
Асан Оспанұлы ұлағатты ұстаз ғана емес берекелі шаңырағында асқар тау әке, арқасүйер жар, аяулы ата. Сүйікті жары Фарида апаймен 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді, көзқуаныштарына айналған 13 немеренің атасы атанды.
Әрқашан ер бала бойында әскери өмірге деген сүйіспеншілігін арттырып, ер азаматқа тән тәрбие бере білген ұстаздың оқушылары елін қорғайтын ер азаматтар болып өсері сөзсіз. Білім беру саласында ер мұғалімдердің орны қаншалықты маңызды болса, Асан Оспанұлы секілді ұстаздар нағыз ел ертеңіне айналар ұрпақты тәрбиелеп келеді деуге негіз бар.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
Пікір 2