Жас ұстаз – жарқын болашақтың бастауы
Еліміздің білім саласында 90 мыңға жуық ер педагог жұмыс істейді екен. Яғни педагогтардың 80 пайызы әйел кісілер болса, ерлердің үлес салмағы 20 пайызды құрайды. Ер мұғалімнің ұрпақ тәрбиесінде алар орны қай кезде де ерекше әрі маңызды екені айтпасақ та белгілі. Ер адам – бәрінен бұрын отбасының асыраушысы, арқасүйер тірегі. Ал ер мұғалімі жоқ білім ұясы асқар таудай әкесінің төбесі көрінбей кеткен шаңырақ секілді, орны ойсырап тұрады. Сол себепті жігерлі, елінің патриоты, сын сағатта сынып кетпейтін рухты ұрпақ тәрбиелеуде ер педагогтың көп болуы біз үшін маңызды.
Ерсұлтан Шайхысламов – №139 орта мектептің педагог-модератор біліктілігі бар математика пәнінің мұғалімі. Білікті ұстаз Айдарлы ауылының тумасы. Жас та болса бас болып жүрген ұстаз – Қызылорда қаласындағы Болашақ университетінің түлегі. 2016 жылы оқуды үздік аяқтаған математика пәнінің мұғалімі, алғашқы еңбек жолын аталған орта мектептен бастайды. Міне сол жылдан бастап қазірге дейін осы білім ордасында 8 жыл тынымсыз еңбек етіп келеді. Ол өз жұмысын жақсы білетін, математиканың қыр-сырын жан-жақты жетік меңгерген білікті маманның бірі. Жұмыс барысында жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мол жетекшінің жұмыстағы басты мақсаты – әр баланың сабаққа деген қызығушылығын ояту, шығармашылық белсенділігін өз бетінше арттыру. Жаңашыл ұстаз сабақ үрдісінде әр түрлі жаңа технологияларды, көрнекті оқу құралдарды пайдаланады.
– Ерсұлтан Досетұлының бүгінде білім саласын дамытуда елеулі үлес қосып, дарынды шәкірт тәрбиелеп, жеңімпаздарды даярлау жолындағы ерен еңбегі мен кәсіби шеберлігін айтып өту орынды. Жас маманның тәрбиелеген шәкірттері ауданның, облыстың мерейін үстем етіп келеді. Білімді жастар үмітті ақтаса, ұстаздық еңбектің жанғаны деп білемін. Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу жолында алдағы уақытта да мол тәжірибесі мен күш-жігерін жұмсайды деп мол сеніммен айта аламын, – дейді мектеп директоры.
Бүгінде жас ұстаздың ұстаздық жолындағы жеткен жетістіктері аз емес. Мұғалімдер арасындағы «Ұшқыр ой алаңы» дебаттық ойындарының аудандық кезеңінен бас жүлде иеленген. Одан бөлек Сырдария ауданы бойынша 2023 жыл қорытындысы бойынша «Үздік математика пәні мұғалімі – 2023» атағын иеленген. Сонымен қоса жас математика мұғалімдеріне арналған Қызылорда облыстық І шығармашылық байқауында І орын иеленді. «Ұстаз бақыты шәкіртінің жетістігін көру» болса, білікті маманның еңбегі ақталып, бүгінде шәкірттері біршама жетістікке жетіп, мектеп мерейін асырып жүр. Атап айтқанда, республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша «Дарын» ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінен 11 сынып оқушысы Амантай Гүлім ІІ орын, математика пәнінен 5-6 сынып арасында өткізілген «Алтын сақа» олимпиадасының аудандық кезеңінен 6 сынып оқушысы Қазбек Гүлсезім І орын, жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасындағы лингвистика бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде 11 сынып оқушысы Ергешбаева Нұрай ІІ орын иеленген. Бұдан бөлек математикалық «Кенгуру» сайысында шәкірттері үнемі алдыңғы орындардан көрініп келеді. Біліктілігі мен білімін шыңдап, арттыру мақсатында білікті ұстаз түрлі біліктілікті арттыратын курстардан өтіп, білімін шыңдауда.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ