Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ тәрбиесі – ұлы парыз

Ұрпақ тәрбиесі – ұлы парыз

Сандарды сөйлетер болсақ, аудан педагогтарының 80 пайызы – нәзік жандар. Педагог ерлердің үлес салмағы қай өңірді алсақ та, 20 пайыздан аспайды. Бала тәрбиесінде әкенің рөлін басым көретін халық үшін мектепте ер мұғалімнің көбірек болуы құп. Себебі ұл баланың бойына нағыз азаматқа тән қарым-қабілет дарытуда ер адамның тәрбиесі керек-ақ.

Жүзі қатулы болғанымен, жүрегі жұмсақ Ерболат ағай туралы мақаланың кіріспесін осындай оймен бастауыма себеп те жоқ емес. Себебі, ағайдың тәлім-тәрбиесін біз де көрдік. Алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін Ерболат Садықов он жеті жылдан бері білімнің қара шаңырағында елеулі еңбек етіп келеді. Ұл балалардың «қорқатын» «әкеңе айтамыны» секілді бұзақылық жасай қалған сыныптың ұлдары тәрбие бөлімінде Ерболат ағайдың алдынан бір-ақ шығатын. Ағай оларға бірде әкедей ақылын айтса, бірде досындай сырласып отырып, тәрбиеге салатын.

Ағайдың білім саласына келуі де тегіннен тегін емес. Жастайынан әскери салаға қызы­ғып, осы бағытты жанына серік еткен. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алып, тәжірибе жинақтаған. Ал еңбек жолы университет қабырғасында-ақ басталған. Алғашқыда дене шынықтыру пәні бойынша сабақ берген ол оқу бітірген соң туған ауданына қызмет қылуды құп көріп, қара шаңыраққа ат басын тіреген. Енді ғана оқу бітіріп, жалындап тұрған жас педагогке сұраныстың жоғары болғаны айтпаса да түсінікті. Содан бері негізгі біліміне сәйкес алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс жүргізіп келеді.

Мектеп оқушыларының бойына азаматтық әрі патриоттық сезімді қатар сіңіру бағытында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаз мектептегі білімнен бөлек қоғамдық өмірде өте белсенді. Өзінің де, оқушыларының да жетістігі жетерлік. Мектеп жанындағы «Жолда жүру ережесі» үйірмесінде жұмыс жасап, түрлі деңгейдегі сайыстарға әлі күнге дейін оқушыларды дайын­дап жүр. Ең алғашқы ауқымды жетістігі үйірме оқушыларымен Өскемен қала­сын­да республикалық жарыстан жүлделі орын алуы болған. Бұл жетістік енді тәжірибе жинақтап келе жатқан жас мұғалім үшін күш-жігер бергені анық. Кейін бұл бағыттағы жұмыстар ауқымы кеңейіп, 2018 жылы халық­аралық деңгейдегі Ресей Федерациясы, Анапа қаласында өткен жолда жүру слетіне қатысып, оқушылары жүлделі екінші орынды жеңіп алуы мұғалімнің өз жұмысына деген сүйіспеншілігі мен жауап­кершілігін арттыра түскен.

Қазіргі таңда «Жас сарбаз», «Жас құтқару­шы» үйірмелерінің жұмысы қарқынды дамып келеді. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық үйірме­сі ер балаларды мектеп жасынан әске­ри өмірге үйретіп, бағыт-бағдар беруді қамта­масыз етеді. Аталған үйірмелер жұмысы негізін­де әскери оқу орнына түскен оқушылар да баршы­лық. Олардың алды қазіргі таңда оқу біті­ріп, беделді қызметке араласуда. Бұл ретте жастайы­нан бала бойында әскери өмірге деген сүйіспеншілікті арттырып, ер азаматқа тән тәрбие бере білген мектеп, үйірме жұмысын айтып өту орынды.

2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев­тың «Алғысына», 2020 жылы сол кездегі облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» жергілікті ерек­шелік белгісіне, сондай-ақ облыстық білім басқармасы басшы­сы­ның арнайы марапатына ие болған Ерболат Асанұлының халықаралық деңгейдегі «Алғыс хаттары» да бар. Жетістіктерінің ішінде «Сыр­дария ауданының 90 жыл­ды­ғы» мерекелік төсбел­гі­сінің шоқтығы биік. Ерболат ағай бәйгеге қосқан оқушылардың мара­пат­тары да бар­шы­лық.

– Мемлекет басшысы әр жылғы Жолдауында білім саласына міндетті түрде тоқта­лып өтеді. Себебі, білімді ұрпақ – ел ертеңі екенін айтпаса да түсінікті. Осы ретте халық игілігі үшін жұмыс жасап келе жатқанымызды мақтан тұтамын. Тәрбие мен білім – егіз. Ұлтымыздың жанашыр ұрпағын тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етеміз, – деп түйіндеді тәжірибелі маман.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
30 наурыз 2024 ж. 334 0