Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жомарт жүректі жан еді

Жомарт жүректі жан еді

Бұл өмірде жаны жомарт, жүрегі адал, қарапайым болмысымен-ақ құрметті болған азаматтар аз емес. Жомарт жүректі, ізгі ниетті сондай азаматтардың бірі – Байдушев Серікбай Байдуллаұлы еді. Былтыр өмірден өткен ардагерді сырдариялықтар ұмыта қойған жоқ. Қиын кезеңдерде еңбек еткен, ұрпақ өрбітіп, ұл-қызына тәлімді тәрбие берген ардагердің есімін, еңбегін жұртшылық құрметпен еске алады.

Халқымызда «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» деген тағылымы мол дана­лық сөз бар. Серікбай Байдул­лаұлының еңбекке ерте араласып, ауданымызда, Қараөзек ауылында нәти­желі еңбек етуі, қай қызметті атқарса да абыройлы болуы оның шыққан тегіне тікелей байланысты секілді. Әкесі Байдулла (Байдуш) Бисалиев Ұлы Отан соғысының ардагері болыпты. «Соғыстың өрті мен отын көзбен көрген, талай қиындықты еңсерген майдангер 92 жасқа келіп қайтыс болған, заманында өзіндік орны, мәртебелі төрі болған» деседі көз­көр­гендер. Ал анасы Сақыпжамал Исаева саналы ғұмырын білім беру саласында еңбек етуге арнаған 45 жыл­дық еңбек өтілі бар ұстаз болыпты. Жеңіс туын желбіреткен жауынгер мен ұстаздық қызметін адал атқарған мерейлі мұғалімнің отбасында өсіп-өнген Серікбай Байдушев бала күнінен тазалықты, тәртіпті, ыждағаттылықты бойына сіңіріп өседі. Оның үстіне үйдің үлкені болған соң оған артылар міндет пен жауапкершілік жүгі де жеңіл емес еді. Артынан ерген бір інісі мен төрт қарындасына арқасүйер аға, жанашыр пана болуды мақсат тұтқан кейіпкеріміздің балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу кезеңімен, соғыстан кейінгі ел еңсесін тіктеу бағытындағы жұмыстардың қарқынды жүргізілуімен тұспа-тұс келеді. С.Байдушев Қараөзек кең­ша­рындағы 8 сыныпты бітіргеннен кейін медициналық училищеге оқуға тапсырады. Оқу орнын 1965 жылы тәмамдаған Серікбай Байдуллаұлы өз қатарластары секілді Отан алдындағы парызын өтеу үшін әскерге аттанады. Әскери өмір ауыл азаматының бойына қайсарлық пен өр рухты ұялатып, қарым-қабілеті шыңдалған, тәжірибесі толысқан азамат болуына оң әсер етеді. Бұл жауапкершілігі жоғары аза­мат­­­­­тың алдағы еңбек жолында жақсы жетістіктерге жетуіне негіз болады.

Әскерден аман-есен оралып, еңбек жолын бастаған С.Байдушев Қараөзек кеңшарында медициналық бекеттің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Еңбек ете жүріп ізденіс пен білім алуды ұштастырған азамат кейін Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына құжат тапсырып, жаратылыстану факультетін бітіреді. Мұнан кейінгі жылдары №39 Қараөзек орта мектебінде, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде ұстаздық қызмет атқарады. Бұл тоқсаныншы жыл­дардың соңындағы тоқырау кезеңі еді... Сол жылы облыстық әкімдіктің тапсырмасымен, аудан әкімдігінің ше­ші­­мі­мен Тереңөзекте «Отын қой­масы» ме­кемесі ашылады. Жаңадан ашылған мекеменің басты міндеті – халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, мұқтаж отбасыларға жеңілдетілген баға­да қыстық отын үлестіру еді.

– «Отын қоймасы» мекемесі өзіне жүктелген жауапкершілігі мол жұ­мысты жақсы атқарды. Жаңадан ашыл­ған мекеменің жұмысын ұйым­дастыру қашанда қиын әрі күрделі болады. Серікбай Байдуллаұлы меке­менің басшысы ретінде тапсырманы тап-тұйнақтай ұйымдастыра білді. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, мұқтаж отбасыларға жеңілдетілген бағада қыстық отын беруде анау айтқандай мәселелер болған жоқ. Бір қиыны бұл қыстың көзі қырауда атқарылатын шаруа еді. Сырдың қысы аязды, желді болатыны белгілі. Тосын ауа райында желдің өтінде жүріп қоғам мүддесі жолында еңбек еткен азаматтың еңбегі, маңдай тері, ұйымдастырушылық қарым-қабілеті есімізде сақтаулы. Өмірге келу барда кету де бар. Барлық пенде шыр етіп өмір есігін ашып, ана әлдиі­мен ер жетіп, ұстаз шапағатымен оң-солын танып, азамат болып қалып­тасқанымен бұл жалғаннан мәңгілік мекеніне әртүрлі жағдайда аттанады. Біреудің өмірі сол бақиға бағыт алған сәтінде-ақ ұмытылса, ал екінші біреудің есімі өмір жолындағы өнегелі істерімен халық жадында ұзақ уақыт сақталып, мың жасайды. Біздің Секең жары Алмагүл Сайранқызымен бірге ұл-қыз өсіріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі. Бұл отбасыны ауданда білмейтін жан жоқ шығар. Ауданның қай­раткер аналарының көш басында жүрген Алмагүлдің бүгінгідей абырой-беделге ие болуы бірінші Алланың қолдауы, екінші Серікбайдың арқасы мен өзінің еңбегі деуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, Байдушевтер әулеті ата-бабаларының абыройлы жолын жалғап келеді, – дейді қоғам қайрат­кері Алмагүл Божанова.

Өмір жолы қаламымызға арқау болып отырған кейіпкеріміздің тағы бір қыры – баладай кіршіксіз пейілі мен даладай дархан көңілі. Көзі тірісінде үлкенмен де, кішімен де тең араласып, сыйласқан, негізгі қызмет пен қоғамдық қызметті қатар алып жүрген азаматтың замандастарының бірі – аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев. Ардагер «Серікбай Байдуллаұлының шаңы­рағынан дәм татпаған басшылар мен ел азаматтары жоқ шығар, нағыз өсіп-өнген өнегелі отбасының тірегі еді» деп еске алады.

– Алпыс жылдан аса уақыттан бері Секеңді танып-білдім. Бірге қызметтес болдық, замандас ретінде сыйластық, ағалы-інілі әрі әріптестік қарым-қаты­насымыз қалыптасты. Ардақты азаматты өзгелерден ерекшелейтін қасиеті­нің бірі ретінде ешкімге ауыр сөзі жоқ екенін айтқым келеді. Кішіпейіл, қарапайым еді. Халқымызда «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген қанатты қағида бар. Секеңнің ұл-қыздары еліміздің дамуына айрықша үлес қосып, нәтижелі еңбек етіп жүр. Жары Алмагүл Бақтиярованың есімі, еңбегі, мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі қай кезде де құрметпен айтылады. Бір өкініштісі, Серікбай Байдуллаұлы ұрпағының қызығын көрер шақта, ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін сезінер кезеңде өмірден өтті. Әлі де ортамызда болса, балаларының қызығын көрсе деп ойлайтынбыз. Бірақ ұзақ жылға созылған дертінен бақиға бет түзеді. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай. Мен Секеңді ұрпағымен мың жасайтын азамат деп есептеймін, – дейді Мұса Алпысбайұлы.

Қызметте абыройлы, отбасында ардақты болған Серікбай Байдуллаұлы 1968 жылы шаңырақ құрып, жұбайы Алмагүл Сайранқызымен бірге Гүлмира, Қарлығаш, Димаш есімді екі қыз, бір ұлды өсіріп, жетілдірді. Бір емес бір­неше жоғары білім алған олар қазір білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде танылған кәсіби мамандар, белді азаматтар екенін айтуымыз керек. Үйдің үлкені Гүлмира Байдушева еңбек жолында бірнеше мектепте директор болды, аудандық білім бөлімін басқарды. Қазір ауданымыздағы ең үлкен білім ордасы – №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде ұстаздық қызмет атқарады. Ал Қарлығаш облыс орталығындағы «Сыр еркесі», «Жұлдыз» балабақшаларының мең­­геру­­­шісі қызметін абыроймен атқарып, қазір «Ертарғын» балабақшасының бас­­­шысы ретінде елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын балаларды тәрбиелеу ісіне басшылық жасап келеді. Үйдің кенжесі, қарашаңырақтың иесі Димаш Серікбайұлы бұған дейін аудандық соттың кеңсе меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының басшысы болса, қазір аудан әкімінің орынбасары қызметін атқаруда. Әлеуметтік салаға жетекшілік ететін азамат ата-анасының ұрпақ үшін сіңірген еңбегін әркез жоғары бағалайды.

– Әкем де, анам да ауданға белгілі тұлғалар. Еңбек жолында ұлағатты істерімен, ел шежіресін жетік білетін қайраткерлігімен, қарым-қабілетімен қоғамда абыройлы болған ардақты азаматтардың ұрпағы болғанымызға қуаныштымыз. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген рас екен. Уақыт өткен сайын әкеміздің игі істерін, бізге деген аппақ көңілін, ұшан-теңіз еңбегін терең сезініп жатырмыз. Әкемізді көрген-білген, етене араласқан аға буын өкілдерінің әкеміз туралы жақсы естеліктер айтып, жылы пікір білдіруі еңбегінің жемісі деп білеміз. Адамда арман таусылған ба?! Әкеміз әлі де өмір сүргенде, біздің бұдан да биік белестерді бағын­дырғанымызды көргенде деп армандаймыз. Қолымыздан шүкіршілік ету ғана келеді. Ендігі мақсатымыз – әкеміз жаққан отты өшірмей, атын жақсы жағынан шығару, ел-халыққа қызмет ету, – дейді Димаш Серікбайұлы әкесі туралы зор тебіреніспен.

Өмірде адамның еншісіне бағын­байтын құндылықтың бірі де бірегейі – уақыт. Уақыттан асқан әділ сыншы да, таразы да жоқ. Біз білетін, ерекше құрметтейтін Серікбай Байдушевтің өмірден өткеніне де бір жыл уақыт болыпты. Бұл ардақты азаматтың жақын­дары, ағайын-туысы мен ұрпақ­тары үшін өткенді бағамдауға да, ертеңгі күнге көз тастауға да жеткілікті уақыт. Өткенге тәуба, ертеңге тәуекел еткен текті әулет бәріне шүкіршілік етеді. Өйткені жомарт жүректі жан атанған Серікбай Байдуллаұлы қоғам дамуы жолында хал-қадірінше еңбек етті, жар сүйіп, ұрпақ өрбітті, немерелерін көріп, ардагерлік кезеңге де абыроймен жетті. Жаратқан Алла бақида жүзін нұрлы қылғай...!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі
04 маусым 2024 ж. 357 0