Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өнерге қанат қаққан жас өнерпаз

Өнерге қанат қаққан жас өнерпаз

Атақты Б.Момышұлы «Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» деген екен. Ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани құндылығымызды, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дәріптейтін тұлға – өнер адамы. Өнер жолы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін ауыр саланың бірі екені белгілі. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Жетікөл ауылының түлегі Дильназ Кеңесова – өмірін өнерге арнаған талантты өнерпаз.

Талантты жас өнерпаз Дильназ Батырханқызы бала кезінен өнерге құштар болып өскен. Ол оқуда да озат, білімге құштар болған. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ талай жетістікке жетіп, көпке үлгі болған ол Жетікөл ауылындағы №174 орта мектебінде білім алған. Мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, бала күнгі арманына қол созып, Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Драма театр режиссері және драма театры мен кино әртісі» мамандығына грантқа оқуға түседі. Үлкен қалада, оның үстіне аты дүркіреп тұрған мықты академияға грантқа түсу екінің бірінің қолынан келе бермейтін биік белес. Жас өнерпаз бүгінде қазақ өнерінің талай саңлақтары шыққан өнердің қарашаңырағында білім алуда.

– Мен өнерге 6 жасымнан бастап қызыға бас­тадым. Әжем талабымды байқап, үнемі қазақи әндер мен өлеңдерді үйретіп, жатқа айтқызушы еді. Бастауыш сыныпта оқып жүрген уақытта ауылдық мәдениет үйіндегі үйірмелерге қатыса бастадым. «Көркем сөз», «Ән» үйірмелеріне белсене қатысып, түрлі сайыстардан жүлделі орын иелендім. Жетекшім Құндызай Бажиева апайыммен бірге аудандық, облыстық, республикалық сайыстар мен байқауларға барып, жүлделі орынсыз қайтпайтын едік. Осы тұста маған дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, қолдау білдіріп, өнерімді шыңдай түскен жетекшіме үлкен алғысымды айтқым келеді. Ән айту өзіме ерекше ұнайды. Бала күнімде кішкентай болсам да әнді сезініп, жүрекпен айтатын едім. Алғаш ән айту қабілетімді байқаған Ерлан Білманов пен Алмат Өтеуов ағайларым бойымдағы өнерімді одан әрі дамытып, мені шыңдай түсті. Өнердегі алғашқы ұстаздарымның қолдауы мен берген білімінің арқасында өнерге деген құлшынысым есейген сайын арта бастады. Болашағыма арман-мақсаттар қоя бастадым. Кейіннен театр және кино саласына деген қызығушылығым оянды. Жоғары сыныптарда өз мамандығымызды нақтылап таңдау кезінде өнер саласын таңдайтыныма нық сенімді болдым. Себебі бұл менің бала күннен келе жатқан арманым еді. Менің таңдауыма ата-анам ешқашан қарсылық білдірмей, барынша өз қолдауын беріп, маған үлкен үміт пен сенім артты, – дейді талантты өнерпаз.

Өнерлі жанның жарқын жетістіктері де аз емес. Талай халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып, үздіктер қатарынан көрінген ол 2022 жылы «Сыр аруы» облыстық байқауына қатысып, Қызылорда облысының қаншама ақылы көркіне сай сұлу бойжеткендерінің арасынан оза шауып, жүлделі І орынды иеленіп, ауданның мерейін асырды. Одан бөлек Астана қаласында өткен халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылық байқауына қатысып, І орынды иеленген. Талантты да талапты жас өнерпазды өнерге баулыған ұстаздары шәкіртінің болашағынан үлкен үміт күтетінін айтады. Қарапайым ауылдан шыққан кейіпкеріміз бүгінде өзі оқып жүрген білім ордасында белсенділігімен көзге түсіп, үздік студенттер қатарынан табылып жүр.

– Өнер академиясына оқуға түскелі таза өнерді түсініп, саланың қаншама қиындықты талап ететінін анық білдім. Шам театрының «Иран Конференция­сы» спектаклінде ойнап, сонымен қоса М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық театр сахнасында, одан бөлек Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театр сахнасында өнер көрсетіп үлгердім. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бүгінде академиядағы Молдағали Фархад деген ұстазыммен Талдықорған, Тараз қалаларында спектакль қойып, гастрольдік сапарда жүрміз. Менің қазіргі уақыттағы басты арманым – Қазақстандағы театр саласының дамуына, қоғамның жақсы жаққа бет алуына өз үлесімді қосатын, атаққа емес елімнің пайдасына жұмыс жасар театр режиссері болу. Театр – ол көрерменнің айнасы. Мен театрға келген әр көрерменге жақсы эмоция мен өмірдің жеңісі мен жеңілісін, қаталдығы мен мейірімділігін, қоғамдағы болып жатқан ащы шындықты қалай қабылдау керек екендігіне ой салуым керек. Көрерменнің ойында жүрген сұрақтарының шешімін спектакльде көрсете білу – менің міндетім. Бұл, әрине, өте жауапты әрі қиын іс, ол көп еңбек пен жан-жақты ізденісті талап етеді, – дейді Дильназ Кеңесова.

Дильназ үлкен қалада білім алып жүрсе де, өзінің туып-өскен жерін, достарын, ұстаздарын бір сәтке ұмытқан емес. Ол бойындағы өнерге деген адалдық пен шынайылық қасиеттерді, өмірдегі арман-мақсаттарының бастауын осы ауылдан алғанын мақ­танышпен айтады. Жас өнерпаз білім мен тәрбие берген ұстаздарына, ауыл кітапханасына және өнердегі ұстаздарына шексіз алғысын білдіреді.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
04 маусым 2024 ж. 143 0