Ұлттық құндылықты дәріптеген фестиваль
Елдік мүддені жоғары қойған білім саласы қызметкерлері ұлттың рухани тұтастығын сақтауға зор үлес қосуда. Жақында аудандық білім бөліміне қарасты эстетикалық пәндер бірлестігінің ұйымдастыруымен №129 Әбірәш Жәмішов атындағы мектеп-лицейде «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» тақырыбында аудандық фестиваль өткізілді. Тағылымы мол іс-шараға білім саласының ардагерлері Гүлбар Әбілова, Баян Сүюбаева, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің маманы Жадыра Бағдатқызы, білім саласы қызметкерлері қатысты.
Өткен мен бүгінгі күнді жалғастыра білген фестивальдің ашылуында тұлпар мінген жас шабондоз ауылда дүбірлеген той басталғаны жөнінде жергілікті халықтан сүйінші сұрады. Жағымды жаңалықты естіген ауыл жастары тойбастар әнімен төңіректі қамтып өтті. Сол сәтте мың бұралған бишілер ерекше қойылым жасады. Ал жас ақын Нұрахмет Мансұров арнау өлеңімен көпшілікті тәнті етті. Өз кезегінде №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдің педагогикалық құрамы сәбидің есімін азан шақырып қоюға байланысты рәсім жасады. Ізгілігі мол рәсімде көптеген ғибратты сөз айтылып, бала тәрбиесіне қатысты эстетикалық мазмұнды көрініс қойылды.
– Қазақ ұлтының ежелден келе жатқан құндылығын жоймайтын рухани қолөнері көрініс тапқаны бізді ерекше қуанта білді. Әрине, білім саласы мамандары дәстүр сабақтастығын жаңғыртып, ұмыт болып бара жатқан әдет-ғұрпымызды айшықтап көрсете білгені керемет. Бір-бірімен үндестік тапқан әрбір іс-шараның адамға айтары, қоғамға берері мол. Біз бала санасында ұлттық тәрбиені қалыптастыру үшін осындай ерекше дүниені жасай білуіміз керек, – деді ардақты ардагер Гүлбар Әбілова.
Фестиваль аясында қолөнер шебері Жәнібек Маханбет ұстаздар мен оқушыларға арналған шеберлік сағатын ұйымдастырды. Сонымен қатар бірнеше ұстаздың ерекше қолөнер туындысы таныстырылды. Ұлттық спорттың ханталапай, бес асық, тоғызқұмалақ, қазақ күресінен оқушылар сайысқа түсті.
– Негізінен, қазақты өзгеге ұлт ретінде таныстыратын рухани мұрасы саналады. Анығын айтқанда, салт-дәстүрдің түп қазығы ауылда жатқаны мәлім. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған білім бөлімінің маманы Ғалия Бақтиярқызына, мектеп-лицей директоры Жанболат Назаровқа алғыс айтамыз. Іс-шара аясында нағыз ұлттық құндылыққа тереңнен қанықтық. Әрбір өнерпаздың өнеріне таңданыс таныттық, – деді білім саласының майталманы Баян Сүюбаева.
Бұл ретте, ұлттық киім жиынтығы жұртшылыққа таныстырылып, қазақ аруларының сәнді бұйымдары кеңінен дәріптелді. №137 орта мектеп және №129 Әбірәш Жәмішов атындағы мектеп-лицей маманының қолынан шыққан кез келген туынды жоғарғы бағаға ие болды. Қазақтың ұлттық тағамы – малта, арпа көже, жау жүрек, өкпе сүт, сары суға фестиваль қонақтары айрықша мән берді.
– Фестиваль кезінде ұстаздар еңбегінің жарқын үлгісіне қанықтық. Ұмыт болған тағамның жасалу әдіс-тәсіліне назар аудара білдік. Әрбір шебердің көз майын тауысып жасаған құнды жәдігері жанды жадырата алды. Алдағы уақытта мұндай ізгі іс-шараның көптеп өткізілуін қалаймыз. Себебі, жастарды тәрбиелеуде ұлттық мұрамыздың атқаратын рөлі зор, – деді Жадыра Бағдатқызы.
Іс-шарада жергілікті бірқатар өнерпаз ән шырқап, би биледі.
Б.АЯБЕКҰЛЫ