Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нөмірі бірінші асаба

Нөмірі бірінші асаба

Бұл кісінің азан шақырып қойған есімі Олжабек болғанымен, көпшілік Олжа дейді. Олжа есіміне Жайлин деген тегі де ерекше жарасып, өнердің төл өкілі екенін айшықтап тұрғандай. Иә, Олжа Жайлин – ауданның өнері мен мәдениетінде өзіндік орны бар, кезінде дүркіреп тұрған айтулы азаматтардың бірі де бірегейі еді. Түр десе түрі, бой десе бойы, тіл десе тілі, талант десе таланты бар азамат аудандағы нөмірі бірінші асаба болатын. Бүгін соңғы жылдары сырқаттанып, ем-дом қабылдап жүрген ардагер ағамыз туралы қалам тербемекпіз.

Әуелі аудандық мәдениет үйінің дирек­торы Нұрхан Көшербаевқа телефон соқтым. «Мәдениет және өнер қызмет­керлерінің кәсіби мерекесіне орай Жұбаныш Разақов пен Олжа Жайлин туралы мақала жазсақ қалай болады, жоспарға енгі­зіп жатырмыз» деп ой бөлістім. Бастаманы қос қолдап қолдаған Нұрекең өте лайық­ты азаматтар екенін айтып, дұрыс таңдау жасалғанын оң бағалады. Сөйтіп қос ардагердің қарашаңырағына ат басын бұрдық.

Олжа Жайлинді табу оңай болмады. Терең­өзектегі үйі құлыптаулы екен. Жұрт жазып берген телефон нөміріне қоңырау соқсақ, көтермейді. Бір күн күттік, екі күн күттік. Әріптестер басқа ардагерді жа­зайық дегендей сыңай танытты. Жоқ. Айтылды, бітті. Олжа Жайлинді қайтсек те тауып, сұхбаттасып, мақала жазуымыз қажет. Бұл жоспарлы жұмысымызға үшін­ші күні дегенде қол жеткіздік. Сөйтсек ағамыз қалада екен.
Біз іздеп, сұқбаттаспақ ниетте хабар­ласқан соң дүйсенбі күні ауылға келген Олжа Жайлинмен кездесудің сәті кеше түсті. Даладай пейілімен баладай мінезі ұштасқан, сәл сарғыш тартқан аққұба жүзді азамат бізді көрген бойда мәз болып, қуанышы қойнына сыймай құшағына қысты.

– Амансыңдар ма, «Тіршіліктің тынысын» кеңейтіп жүрген азаматтар, – деді әзіл-қалжыңды араластырып, әріден сөз қозғаған азамат.

– Аманбыз, аға, сізді іздеп арнайы кел­дік. Еміңіз шипалы болсын, – дедік хал-ахуалын сұрап.

Соңғы жылдары науқастанып, ем қабылдап жүрген азамат дәрігерлердің тұрақты бақылауында екенін, жылына бірнеше рет ауруханаға жатып, ем қабылдап жүргенін айтты. Әрі қарайғы әңгімеміз Олжабек Мырзағұлұлының өнер­дегі өрісті жолына, мәдениет саласын­дағы маңдай тері мен еткен еңбегіне арналды.

1961 жылы өмірге келген азамат аудан орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев мектебін тәмамдағаннан кейін, екі жыл астық қабылдау пунктінде слесарь болып жұмыс істейді. Кейін Жамбыл қаласындағы Тараз химия-механикалық техникумға оқу­ға түсіпті. Оқу орнын техник-технолог мамандығы бойынша 1984 жылы аяқтап, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында еңбек жолын бастайды. Мұнда үш жыл Владимир Ягуниннің қарамағында суретші болып жұмыс істейді. 1987 жы­лы Тереңөзек аудандық мәдениет үйіне автоклуб меңгерушісі қызметіне қабыл­данады. Ал 1988 жылдан аудандық мәдениет үйі жанындағы «Оңаша» ойын-сауық отауының жетек­шісі, 1991-2002 жыл­дар аралығында мәде­ниет үйі жанындағы халық театры ре­жис­сері қыз­метін атқарды. 2003 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атын­дағы гума­ни­тар­лық колледжінің «Мәде­ни ағарту жұмысы және халықтық көркем­­дік шығар­машылық» бөліміне оқуға түсіп, 2006 жылы тәмамдайды. Бұл жылдар өнер­ге біржолата бетбұрыс жасаған Олжа Жайлин үшін өсу мен өркендеу кезеңі һәм шабытты шақ еді.

– Әр күнімізді мәдени-көпшілік іс-ша­раға арнайтынбыз. Негізгі жұмысымыздан қолымыз қалт етсе, асабалық жұмысты атқаратынбыз. Әрісін айтпағанда Терең­өзек­тің 80 пайызға жуық халқының үйін­дегі тойды жүргізген шығармын. Келін­ді де түсірдік, құдалықты да күттік, қыз да ұзатып, айтулы мерейтойларды да атқардық. Өзіме театрдағы, сахнадағы қойылымдар ұнайды және жас кезімде сомдаған әр рөлім есімде. Мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесі дайындаған Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын» спектаклінде Ережеп рөлін, Д.Исабековтің «Әпке» драмасында Омар бейнесін сомдасам, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» пьесасында Бекболат, Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» комедиясында Кеңес, Ә.Әбішевтің «Қолға түскен шайтандар» пьесасында Есіл, С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» пьесасында Дәукен, Сарман образдарын сахнаға алып шықтым, – деді өткен күндерін ой елегінен өткізген азамат.

«Театр – өмір айнасы» дейтін бол­сақ, түрлі образдарды айнытпай сомда­ған Олжа Жайлиннің сахнадағы бейнесін сыр­дариялықтар ұмытқан жоқ. Әсіре­се С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» пьесасын­да Руслан бейнесін сомда­ған­да қойы­лымды көруге келген жұртшы­лықтың жа­на­рын жас шайғанын көзіміз көрді. Бері­ліп ойнайтын, сендіре де, сездіре де алатын қабілетке ие еді. Сахнадағы әр қимылы, дауысы, өзі сомдап жатқан образдың мінез-құлқын, болмыс-бітімін санаға ғана емес, жүрекке сіңіруі көрерменді еріксіз тәнті ететін. Сондықтан да жергілікті тұрғындар Олжа Жайлин сахналайтын қойылымдарға асыға келіп, зор тебіреніспен қайтатын. Бұл халықтың өнер адамының талантын жоғары бағалағаны екені сөзсіз. Осы ретте О.Жайлиннің Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» 3 перделі комедиясында Хайдарбек рөлін сомдап, комиссия төрағасы Е.Оразымбетовтің оң бағасына, ерекше ықыласына ие болғанын айтып өтуіміз қажет. Мұнан бөлек Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы», Қ.Мұхамеджановтың «Өзі­ме де сол керек», А.Ақпанбетовтің «Түн­гі көбелектер», Қ.Мұхамеджановтың «Құда­ғи келіпті», Ә.Әбішевтің «Қолға түс­кен шайтандар», С.Балғабаевтың «Ғашық­сыз ғасыр», «Біз де ғашық болғанбыз» спек­такль­­дерін сахнаға шығаруы – іргелі ізде­нісі­­нің, қажырлы еңбегінің жемісі.

– Алғашқы театр режиссері А.Жаман­сариевтен тәлім-тәрбие алып, іс-тәжіри­бе жинақтап, 2003 жылдан бас­тап сах­на­лық қойылымдар әзірлеп, режиссер­лік еткенімді мақтан тұтамын, – дейді кейіп­керіміз өзі.

О.Жайлин өнер адамы білім алу мен тәжірибе жинақтауды ешқашан тоқтат­пауы керек деп есептейді. «Үйрете жүріп, үйренесің» деген тәмсілді жас мамандар қанатты қағидасына айналдырса деп ойлайды. Себебі өзі ешқашан болдым, толдым деген емес. Сәтті шыққан бір қойылымы­нан кейін екінші қойылымға ерек­ше ықыласпен дайындалатын. Сол ізденісін білімге деген құштарлықпен ұштастырып, қайта даярлау және білікті­лік­ті арттыру өңірлік орталығында бірне­ше рет білім алды. 2003-2009 жылдары Айдарлы халық театры режис­­сері қызметін атқарса, 2009 жылдан аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрының режиссері ретінде еңбек етті. 2011 жылы облыстың «Үздік режиссері» номинациясымен марапатталды. 2017 жы­­лы сырқаттанып, жұмыстан қол үзді деме­сеңіз, жаны да, жүрегі де мәдениет үйіне байланған. Байырғы әріптестерінің, кейінгі толқын жастардың жаңалығын, атқарып жатқан қызметін бағамдап отырады. Тілек­­тес­тік ниетте жақсы жетістік­тері­не шынайы қуанады.

– Бірер апта бұрын аудандық мәде­ниет үйінің жігіттері үйге соғып, хал-ахуа­лым­­ды біліп кетті. Оларға рақмет. «Көңіл көңіл­ден су ішеді» демекші, көңілім толып, марқайып қалдым. Еңбегімізді ел біледі. Өмір жолымда, өнер жолында жолық­­­­қан жақсы адамдардың бәріне ризамын, тілек­теспін, – дейді кейіпкеріміз.

Олжа Мырзағұлұлы жары Әлия Жоламанқызы­­­мен бірге 5 бала тәрбиелеп, өсір­­ді. Олар бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүр. Биыл 63 жасқа толатын азамат бәріне шүкір дейді. Адам ұрпағымен ғана емес, еңбегімен де мың жасайды. Бұл ретте О.Жайлиннің ұлағатты ұрпағы да, ел ерек­ше бағалайтын еңбегі де бар. Сон­дық­­­тан ауданның мәдениет және өнер сала­сының өкілдері кезінде нөмірі бірінші асаба болған азаматты құрмет тұтады...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
21 мамыр 2024 ж. 118 0