Ауыл мектебіндегі білікті маман
Жасампаз еліміздің ертеңі мен кемел келешегінің кілті білімді өскелең ұрпақтың қолында екені даусыз. Ал жаңашыл жас ұстаз – жарқын болашақтың бастауына жетелейтін бірегей тұлға.
Бәсекеге қабілетті ел тізгінін ұстар ұрпаққа тәлімді тәрбие мен сапалы білім беру және болашаққа дұрыс бағыт-бағдар көрсету – қай кезде де әр ұстаздың азаматтық парызы мен жауапты міндеті. Бүгінде шәкірттеріне заманауи білім мен тағылымды тәрбие беріп, ұлағатты істің жаршысы болып жүрген жаңашыл жас ұстаздарымыздың қатары көбейіп келеді. №44 орта мектептің жас педагогы – Талшын Сырлыбаева ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып, тұлға болып қалыптасуына еңбек етіп жүрген білікті де білімді, ізденімпаз маманның бірі.
Талшын 1996 жылдың тамызында Шаған ауылында дүниеге келген. Бала күнінен зерек болып өскен кейіпкеріміз 2013 жылы Шаған ауылының №37 орта мектебін ойдағыдай тәмәмдап, Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің грант иегері атанған. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ белсенді, оқуда озат, білімге құштар болған ол жоғарғы оқу орнын «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіреді. Талшын Сырлыбаева алғашқы еңбек жолын 2018 жылдың қыркүйек айында өзі туып өскен Шаған ауылының №37 мектеп-лицейінің «Әлеуметтік педагог» маманы болып бастаған. Жаңашыл педагогтың басты мақсатының бірі – шәкірттерінің шығармашылық әлеуетін көтеруге жан-жақты жұмыс істеу болып табылады. Ол түрлі жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың оқу-білімге, шығармашылыққа деген қызығушылығы мен белсенділігін арттырады. Ұлағатты ұстаз отбасылық жағдайға байланысты 2021 жылдың сәуір айынан бастап Қоғалыкөл ауылының №44 орта мектебіне ауысып, «Өзін-өзі тану» маманы қызметіне орналасады. Біліктілігімен көзге түсіп, іргелі ұжымның ортасында сыйлы болып жүрген Талшын 2023 жылдың қыркүйегінен қазірге дейін әлеуметтік педагог қызметін атқарып келеді.
– Талшын Жанболатқызын мектебіміздің білікті әрі өз ісіне өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын тиянақты мамандардың бірі десем артық айтқаным емес. Ол жыл көлемінде мектептегі әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, толық емес отбасы балаларына әлеуметтік көмек қолдау көрсетіп қана қоймай, одан бөлек «Мектепке жол» акциясы аясында оқуға қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін облыстық, аудандық, мектеп жанындағы лагерлерге ауыл кәсіпкерлерімен байланыса отырып, демеушілік жасап игі іс-шараларды атқарып келеді. Осындай білім саласындағы атқарған елеулі еңбектері еленіп облыстық, аудандық, мектепішілік және ауыл әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Жас педагог өз тәжірибесін шыңдау мақсатында жыл сайын аудандық жарыстарға белсене қатысады. 2022 жылы Сырдария аудандық «Үздік әлеуметтік педагог-2022» байқауына қатысып, жүлделі І орынды иеленсе, 2023 жылы да дәл осы аудандық байқауда жүлделі І орынды иеленіп, облыстық кезеңінен ІІІ орын иегері атанды. Өз ісінің білгірі атанған Талшынның алға қойған мақсаты – өскелең ұрпақты заман талабына сай тәрбиелеу, тұлғаның бойына жауапкершілікті, өз Отанына деген міндет-борышын атқаруына, оның гүлденіп, өркендеуіне атсалысуына үйрету, өз тіліне, өзіне сүйіспеншілігін қалыптастыру, үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық көрсету, табиғатты аялауға ықпал ету керектігін алға тартады. Еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақ дейміз, ал сол жастарымыздың тәлім-тәрбиесі мен сапалы білім алуы мына біздің қолымызда. Парасат пайымы жарасқан Талшындай білікті де білімді ұстаздарымыз барда еліміздің болашағынан көп үміт күтуге болады, – дейді мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Айдос Оспанов.
«Жас келсе – іске» деген жақсы сөз бар. Бойындағы жастық жігері мен жаңашылдығын шәкірт тәрбиесіне жұмсауды жөн санайтын кейіпкеріміздің жеткен жетістіктері де аз емес. 2024 жылы облыстық «Әлеуметтік педагогтың білім беру жүйесіндегі қызметі және әртүрлі санаттағы балалармен жұмыс» атты семинарда «Мұғалім–ата-ана–оқушы» үштігі негізінде білім алушылардың жекелеген санаттарын әлеуметтік-педагогикалық қолдау тақырыбында үздік жұмыс көрсетті. Нәтижесінде облыстық «Тәрбие, спорт, қосымша білім беру» орталығының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Ұстаз болу – үлкен мәртебе. Дегенмен әр оқушының көңілін табу, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қоса білу, сапалы білім мен тәрбие беру әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Ол үлкен жауапкершілікті, мейірімділікті, сабырлық пен шыдамдылықты қажет етеді. Осы ретте осындай игілікті іс атқарып, болашақ ұрпақ тәрбиелеуде өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялап, қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы үлкен құрмет пен мадаққа лайық.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ